Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

БАЛАЛАРДЫҢ ДЕНСАУЛЫҒЫ ҮШІН БӘРІН ЖАСАЙМЫЗ


24 мая 2013, 11:23 | 3 059 просмотров



Шымкент қаласы халқының саны жағынан Қазақстанда үшінші орынды иеленеді. Бүгінгі таңда Шымқалада 190 мың балалар мен жасөспірімдер тұрады. Олай болса, бұл аймақта балалардың денсаулығына қатысты қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Бұл сауалды біз Шымкент қаласының №1 балалар ауруханасының бас дәрігері, медицина ғылымының кандидаты Гаухар Сапартайқызы Үкібаеваға жауап береді.

– №1 қалалық ауруханасы көпбейінді, педиатриядағы әртүрлі бағыттарды жетілдірумен байыпты түрде айналысады. Мұнда балалар кардиологиясы, гемато-нефрология, гастроэнтерология, неврология, пульмонология бөлімшелері, реанимация және қарқынды терапия бөлімшесі қызмет көрсетеді. Барлығын қоса алғанда, аурухананың стационары 220 төсек-орынға есептелген. Стационар бір жылда шұғыл және жоспарлы түрде, оның ішінде күндізгі стационар жағдайында көмек көрсетуді қажет ететін 7 мың пациентті қабылдайды. Бұл жерде сондай-ақ, ана-ананың қамқорлығынсыз қалған 3 жасқа дейінгі балаларға да жәрдем көрсетіледі, олардың саны жыл сайын көбейіп келеді және тек медициналық қана емес, сонымен бірге моральдық-психологиялық қолдау да көрсетіледі. Ал қосалқы блоктың құрамына клиникалық-диагностикалық және бактериологиялық зертхана, функциональдық диагностика бөлімшесі, сондай-ақ эндоскопия кабинеті кіреді. Сонымен қатар шұғыл хирургия және травматология бөлімшесін ашуды жоспарлап отырмыз. Аурухана заманауи құрал-жабдықпен жарақтандырылған және алдағы уақытта да толассыз жарақтандырыла бермек.

Сонымен қатар біздің неврологиялық бөлімшеге дәрігерді таңдау құқығын пай¬далана отырып, облыстың басқа аудандары мен қалаларынан балалар емделуге келеді. 2010 жылы біздің ауруханада алғаш рет баладағы бүйрек функциясының жеткіліксіздігі кезінде перитонеальдық диализ жүргізілді, оң нәтиже бергендіктен біз бұл тәжірибені алдағы уақытта да жалғастыр¬мақпыз.

Табысты емдеудің бір бөлігі – ол науқастарға қарым-қатынас. Бұл, әсіресе, балалар ауруханасы үшін өте маңызды, өйткені біз балалармен, оның ішінде көбінесе ауыр науқастармен жұмыс жасаймыз. Сондықтан бұл жерде қандай да бір дәрігерлік айла-шарғы ғана емес, кіп- кішкентай пациентке аяушылық білдіріп, оны барынша жақсы көру керек. Біздің ауруханада профессордан санитаркаға дейін – барлық қызметкерлер үшін балалардың бөтендігі жоқ. Біз балалардың денсаулығын қалпына келтіру үшін бәрін жасаймыз.

– Соңғы жылдары Оңтүстік Қазақстан облысында педиатриялық қызметте қандай өзгерістер бар?

– Соңғы үш жылда айтарлықтай алға басу бар. Денсаулық сақтау басқармасы қолданған шаралары нәрестелер арасында өлім-жітімнің едәуір төмендеуіне ықпал етті. Жүкті әйелдер мен жаңа туған бала¬ларға медициналық көмек көрсетудің үш деңгейлі жүйесі Оңтүстік Қазақстан облысында 2009 жылдың өзінде-ақ іске асырылды. Аймақтандырудың ендірілуімен балалар мен жаңа туған балаларды көрсетілімдері бойынша І және ІІ деңгейдегі медицина ұйымдарынан ІІІ деңгейге тасымалдау қолжетімді болды. Сонымен бір мезгілде облыста тиімді перинаталдық технологиялардың ендірілуімен ана мен бала денсаулығын қорғау саласындағы мамандардың көпшілігін даярлау бас¬талды. Қолдағы бар медициналық құрал-жабдықтар, олардың бөлінуі толық тексерілді. Инфрақұрылымдық қайта құру іске асырылды, заманауи құрал-жабдықтар пайда болды. Облыста перинаталдық орталықтар желісі құрылды, бір ауысымда 500 адам қабылдауға арналған емхана, 420 төсек-орындық жаңа облыстық балалар ауруханасы салынды.

Облыстық балалар ауруханасында бүгінгі таңда неонатальды хирургия ойдағыдай дамып келеді. 2009 жылдан бері жаңа туған балалардағы дамудың туа біткен кемістігін түзету бойынша 571-ден астам операция жасалды. Операциядан ке¬йінгі өлім көрсеткіші екі есе төмендеді. Есту мүкістігі бар балаларға дабыл жарғағын жамау бойынша естуді жақсартатын операциялар бірінші рет жасала бастады, кохлеарлық имплантация жасауға дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Неонатальдық нейрохирургияда, травматологияда (торакопластика, туа біткен май¬мақ және церебральды паралич балаларда сіңірлерді ауыстыру немесе трансплантациялау) және урологияда (түбекше-зәрағар сегментінің пластикасы) жоғары мамандандырылған медицина-лық көмек технологияларының трансферті белсенді іске асырылуда.

– Бүгінгі таңда облыста балалар ара¬сын¬да қандай аурулар жиі кездесіп отыр?

– Күз-қыс мезгілдерінде басқа өңірлеріндегідей біздің облыста да әсіресе, ерте жастағы балаларда тыныс алу органдарының аурулары көп кездеседі. Перзентханаларда «К» витамині жетіспеушілігінің алдын алу қарастырылмағандықтан жаңа туған балалар геморрагия-лық аурулармен жиі түседі. Балалар арасында жүректің туа біткен кемістігі, басқа да кардиологиялық патологиясы бар балалар көп. Осыған байланысты біздің ауруханада кардиологиялық бөлімше ашылды, бөлімше қазір ұдайы артық жүктеліммен жұмыс істеуде. Қазіргі уақытта бөлімшенің төсек-орнын көбейту туралы мәселені қарас-тырып жатырмыз. Неврологиялық аурулары бар балалар да өте көп. Қояншық ауруына шалдыққан, балалардың церебралдық параличі – гиперпиретиялық формасымен ауыратын, ми қанайналымының бұзылуынан, бас сүйек-ми жарақатынан (ерте қалпына келу кезеңі) зардап шегетін балалар баршылық. Балалар емдеуге жатқызу порталы бойынша күту парағында көп тұрмауы үшін біз төсек-орын санын 40-тан 60 дейін көбейттік, бүгінгі таңда 70 дейін көбейту мәселесі қойылып жатыр.

– Балалардың денсаулығы бойынша Сізді ең бірінші алаңдататын не нәрсе, бұл орайда ата-аналарға қандай кеңес берер едіңіз?

– Балалардың көбісінде фондық пато¬логия – салмақтың аздығы немесе белоктық- энергетикалық жеткіліксіздігі көп. Мені балалар дәрігері ретінде бүгінгі күні осы мәселе алаңдатады. Балалар сырқатының негізгі факторы – нашар тамақтану. Жиі ауыратын сәбилерде дұрыс тамақтанбау дерегі жиі байқалады. Қайталап емдеуге жатқызу жағдайларын зерделеу барысында біз ата-аналардың тамақтың сапасы, тамақтандырудың уақыты, мерзімі және түрлері туралы хабардарлығы жеткіліксіз болып келеді. Балалар бөлімшесіне емдеуге жатқызылған 6 айдан 1,5 жасқа дейінгі әрбір екінші балада тағам жеткіліксіздігі, гемоглобиннің төмендігі, Д витаминінің аздығы, экссудативті- катаральдық диатез байқалады.

Біз өз тәжірибемізде аналардың баласын тамақпен қамтамасыз етуде отбасының бюджетін орынсыз шығындайтынын жиі кездестіреміз. Тамақтану проблемасы бойынша аналарға кеңес беру кезінде, біз, отбасында қаражаттың жетіспейтінін, тек баланың әкесі ғана жұмыс істейтінін, бала жиі ауыратындықтан ақшаның көбісі дәрі-дәрмекке жұмсалатынын білеміз. Солай бола тұра анасы памперске (күніне 200 теңгеден бір айда 6000 мың теңге), тетрапакеттердегі шырындарға, өнеркәсіпте өндірілетін шайларға, тәттілерге қашанда қаражат табады. Ата- аналар көбінесе балаларға керексіз тәттілерді, сусындарды сатып алып береді, оның орнына бұл ақшаны басқа арзандау, бірақ қажетті тамақ өнімдеріне жұмсауына болады ғой. Біздің аурухананың мамандары 6 айдан 12 айға дейінгі жастағы жиі ауыратын баласы бар ананың орташа статистикалық тамаққа жұмсайтын шығынын есептеп шығарды. Біз баланы 10 күн бойы құнарлы тамақпен қамтамасыз ету үшін қанша ақша қажет екенін есептедік. Жиі ауыратын баланың тамақ рационы айына орташа – 16320 теңге, ДДҰ ұсынған тамақ рационы айына – 9816 теңге. Айырмашылығын байқай беріңіз, дұрыс тамақтануға кететін шығын тек қоспалармен қоректенетін балаға кететін шығыннан 2 есе төмен.

– Медициналық ұйымның бас дәрігері ре¬тінде Сіздің негізгі қағидаттарыңыз қан¬дай?

– Өзімнің ең маңызды қағидатым мен міндетім – жас мамандарды даярлау деп санаймын. Кез келген басшы білікті дәрігерлер мен мейірбикелерді даярлауға, оларды барынша оқытуға ұмтылуға, жұмыс жасау үшін жағдай жасауға, өз біліктілігін көтеруге тәрбиелеуге міндетті. Сондықтан жұмысымда жас мамандарға көп көңіл бөлемін. Бүгінгі жастар тез үйренеді, бірнеше мамандықты бірден меңгергісі келеді, көп оқып, көп жұмыс істейді, өздеріне жауапкершілік алудан қорықпайды. Оған қуануымыз керек.

– Бүгінгі күні педиатрлардың алдында қандай проблемалар тұр?

– Педиатриялық қызметтің жетіс¬тік¬тері көп, бірақ проблемалар да жоқ емес. Балалар неврологтары, пульмонологтар, неонатологтар, ультрадыбыстық диагностика бойынша мамандар жетіспейді.

«Акушердің қуанышы – бұл педиатрдың көз жасы» деген мәтел бекер айтылмаған. Босандыру қызметінде ағаттық кетсе, кейін педиатрлар 15 жыл бойы осы қателіктермен жұмыс жасайды. Біз құрсақ ішінде анықталмаған, дамуында өрескел кемістігі бар балалармен кездесеміз. Облыста іштен туа біткен кемістіктердің пренатальдық диагностикасы бойынша зертханалар жетіспейді.

Туылған кезде салмағы 1500,0 жет¬пейтін балалардың тірі қалушылығы 46,7 пайыз, салмағы 500 –ден 999,0 дейінгі балалардың тірі қалушылығы- 21,5 пайыз. Шала туылып тірі қалған бір балаға 100 пайыз жағдайда төрт түрлі ауру – СДР, ми ишемиясы, анемия, ретинопатия тіркеледі. Шала туылған балалар арасында мүгедектік көрсеткіші 46 пайыз құрайды, көбінесе орталық нерв жүйесінің зақымдануы есебінен орын алады. Бұл ретте олардың 60 пайызы -балалардың церебральды параличінен, 29 пайызы – нашар көру мен соқырлықтан, 7 пайызы – окклюзиялық гидроцифалиядан зардап шегеді. Бүгінгі күні мерзімінен бұрын босанған балаларды бақылаудың барлық мерзімінде отбасын қатыстыра отырып, кезеңдік қалпына келтіріп емдеу, оңалту жүйесін құру аса маңызды. Соматикалық ауруларға қатысты – балалардың демалысы, мектептерде балаларды оқыту және тамақтандыру бойынша педиатрлармен тиімді жұмыс жүргізу қажет. Мектепке дейінгі тәрбие беру мен оқытудың гигиеналық проблемалары бар, инновациялық білім беретін мектеп технологиялары оқушылардың денсаулығының нығаюына әсер етеді. Мектепке қабылдау жасының төмендеуімен қатар оқу және эмоциялық жүктеменің артуы стресстік жағдайдың дамуына, ұйқының қанбауына, қозғалыс белсенділігінің төмендеуіне алып келеді, оның салдары нерв-психикалық бұзылулар таралуының көбеюі және жүрек-қан тамыры жүйесі тарапынан функциялық ауытқулар болып табылады. Дене салмағы аз адамдардың айтарлықтай пайызы сақталуда.

– Әңгімеңізге рақмет.

Автор:
Сұхбаттасқан Берік БЕЙСЕНҰЛЫ