Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

САЛДАН САУЫҚТЫРАТЫН ОРТАЛЫҚ ҚАЖЕТ


24 мая 2013, 11:23 | 1 276 просмотров



Қазақстанда емделмейтін ауруларға шалдыққан балалардың шетелде ем алып, «балаларға өмір сыйлаудың» барлық мүмкіндіктерін іздестіріп жүрген «ДОМ» қоғамдық қоры мен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры меморандумға қол қойып, биыл 4 жобаны жүзеге асырмақшы.

Осы уақытқа дейін «Балаларға өмір сыйла» акциясының аясында қоғамдық қордың есебіне келіп түскен қаржының арқасында Қазақстанда емдеуге мүмкіндігі жоқ 472 балаға шетелдерде ота жасалған. Осы үлкен жұмыстың жалғасы ретінде алдағы уақытта «Самұрық-Қазына» әр баланың емі үшін 750 мың теңгеден бөледі. Қалған қаражатты қайырымдылық көрсететін сіз бен біз арқылы жинауға болады. Бұған дейін қоғамдық қорға жүрек аурулары бар балалардың ата-аналары көмек сұрап келсе, бүгінде сал ауруына шалдыққан бүлдіршіндердің қатары көбейген.

– Біз бұған дейін сал ауруына шалдыққан балаларды қабылдай алмай келдік. Өйткені осыншама балаға көмек беруге мүмкіндігіміз жетпейтін. Ендігі жерде жаңа әріптестеріміздің арқасында, оларға көмек қолын соза аламыз. Әрине, сал ауруынан бір ота жасағаннан сауығып кетпейді. Сондықтан оларға ұзақ уақыт емдеу-сауықтыру жұмысын жүргізу керек. Қазақстандағы республикалық деңгейдегі 2 сауықтыру орталығы барлығын қабылдай алмайтындықтан, балалар өз кезегін жылдап күтеді. Сондықтан да республиканың барлық аймағында осындай сауықтыру орталық¬тарын ашу қажет, – дейді «ДОМ» қоғамдық қорының төрайымы Аружан Саин.

Қазіргі таңда елімізде орталық жүйке жүйесі ауруларымен ауыратын 16 мыңнан аса бала бар екен. Солардың бірі – 2007 жылы дүние есігін ашқан Кәусәр Бақытжанқызы. Кәусардың анасы Нұргүлдің айтуынша, бала дүниеге сау келген. Тек төрт айлығында ұйқысынан шошып оя¬нып, шырылдай берген соң, жедел жәрдем шақыртып, баланы алып кетеді. «Сол кезде жұлынынан су алып, дәрігерлердің қателігінен бала мүгедек болып қалды» деп налиды анасы.

– Бізге айтпай жұлынынан су алған. Оны не үшін алғанын дұрыстап түсіндірмеді де, бар айтқандары «анализ үшін алдық» болды. Содан кейін аяқ-қолы салақтап қал¬ды, арқасынан тартып тұрады. Ол кезде балаға қарау керек болды да, кінәліні іздеп, қуынған жоқпыз. Екі адам кезектесіп қарап жатырмыз, аяғымыз жеткен жердің бәріне апарып қаратудамыз. Бұның емі шетелде деп айтады. Бірақ шетелге баруға жағдайымыз жоқ, сондықтан да қоғамдық қорға артар үмітіміз зор, – дейді Нұргүл.

Тек Нұргүл ғана емес, қорға үміт артып отыр¬ған ата-аналар өте көп. Олардың ішінде аутист балалардың ата-аналары да бар. Әлемде әрбір 88-і бала осы дертпен дүниеге келді екен. Алайда бұл мәселемен ата-аналар бетпе-бет қалып, өз күштерімен күресіп жүр. Егер диагнозды ерте жастан дәл қоя алатын мамандар мен арнайы әдістемесі бар орталықтар болса, аутизмді жеңуге болады. Өз әлемінде оңаша қалып, өзгемен шаруасы болмайтын бүлдіршіндерді қоғамның толыққанды мүшесі етуге мүмкіндік мол. Осы мақсатта аутизмге шалдыққан балаларға көмек көрсететін орталық ашылмақ. Оған қаржылық қол-дауды әл- ауқат қорымен қатар, өзге де ірі компаниялар көрсетіп жатыр.

Автор:
Үмітжан ЖАПАР