24 мая 2013, 11:21 | 3 643 просмотра
«Ендігі жерде онкологиядан болатын ауру мен өлімді төмендету мәселесі бірінші кезекке шықпақ. Үкіметке екі ай мерзім ішінде Қазақстанда, біз жүрек-қан тамырлары аурулары мәселесі бойынша жасағандай, Онкологиялық жәрдемді дамыту бағдарламасын әзірлеуді тапсырамын. Сол сияқты Ұлттық медициналық холдинг базасында Астанада қуатты Ұлттық ғылыми онкологиялық орталық құру мәселесін де қарастыру қажет»
ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауынан
Бүгінде елімізде медицина саласы қарыштап күннен-күнге дамуда. Түрлі құрылғылар, дәрі-дәрмектер шығарылып, медицина ғалымдары, дәрігерлер аталмыш салада үздіксіз еңбек етуде. Алайда, қатерлі ісік ешқандай тосқауылдарға дес бермей жылдан –жылға асқынып келе жатқаны да ақиқат. Бұл жегінің өршуі бүгінде әлемдік мәселеге айналғанына да бірнеше жылға таяды. Осы орайда облысымыздағы онко диспансерге бас сұғып ондағы хал-ахуалмен танысқан едік.
Талдықорған қаласындағы онкологиялық диспансердің жұмыс атқарып жатқанына да бірнеше жылдың жүзі болды. Ол ең алғаш 1956 жылы 28 қыркүйекте денсаулық сақтау бөлімінің бұйрығымен 50 орындық болып ашылған. Осы облыстық диспенсердің стационары бүгінде 140 орындық. Оған қосымша 10 орындық күндізгі бөлімі бар. Күндізгі емханада науқастардың уақтылы ем қабылдап кетуіне жақсы жағдай жасалған. Ал, шалғай ауданан түскен науқас жандар стационарда жатып ем-дом алады. 70 орындық онко-хирургия бөлімі, 30 орындық радиология бөлімі,мамология, гинекология бөлімдері сондай -ақ, 20 орындық химия терапия бөлімі жұмыс істейді. 1 маусымнан бастап химия -терапия бөлімін кеңейту көзделген. Диспансерде науқастар портал арқылы ем қабылдай алады. Бұнда тек жоспар бойынша ғана қабылдауға мүмкіндік бар.
Бүгінде онко- диспансерді басқарып отырған бас дәрігер -Сейтқазин Болат Ахметұлы. Ол Семей қаласындағы мемлекеттік медицина институтын 1985 жылы тамамдап, 1986 жылы интернатураны аяқтап, жолдама бойынша облыстық диспансерге жас маман болып қызметке келеді. Алғашында жас маман онколог дәрігер қызметіне қабылданады. Уақыт өте келе білікті дәрігер ізденімпаздығы мен еңбекқорлығының арқасында диспансер емханасының меңгерушісі қызметін атқарады. Радиология бөлімшесінің меңгерушісі болады. Өз мамандығы хирургия саласында 1992 жылға дейін қызмет етеді. 2003 жылы Болат Сейтқазинды басшылық хирургия бөлімінің меңгерушісі қылып тағайындайды. Ол бөлімде 2012 жылға дейін еңбек етеді. Ал, өткен жылдың бастапқы айында Болат Ахметұлы облыстық диспансердің бас дәрігері, меңгеруші қызметіне тағайындалып, бүгінде осы салада үздіксіз еңбектеніп келеді.
2012 жыл Елбасының Жарлығымен онкология жылы болғандықтан, жаңа басшыға оңайлыққа соқпады, жауапкершілікке толы еді. Алайда, барлық қиындықтарды білікті басшы мен ұжым бағындыра біліп, талай жетістіктерге жетті.
Ол жайлы Болат Ахметұлы былай дейді: «Өткен жылы біз алдыға қойған тапсырмаларды орындап көптеген жақсы нәтижеге жеттік. Атқаратын істер әлі көп. Онкологияны бір немесе бір-екі жылда аяғынан тік тұрғызу мүмкін емес. Дегенмен көп шаруалар тындырылды. Бізге қойылған талаптар, тапсырмалар орындалып жатыр. Оның жемісі - биылғы жылғы көрсеткіштер былтырғы жылға қарағанда неғұрлым жақсы болып келеді»-деп атқарылған істерге қысқаша тоқталды.
Диспансерде бүгінде білікті кадрлар мәселесі де шешілуде. Былтырғы жылы 3 жас маман қызметке келді. Таяуда Асфандияров университетінде жәрмеңке өткені баршаға белгілі.Осы шара барысында диспансер басшылығы 4 маманмен келісім шарт жасасып, бүгінде олар диспансерге қызығушылық танытуда. Семейден де 3 маман: 1-еуі ренгенолог , 2 -еуі анестезиолог мамандығы бойынша 1 маусымнан бастап қызметке келуге дайындық үстінде.
Қазіргі күні ұжымда 186 тарта маман еңбек етеді. Олардың бәрі де өз жұмыстарын сүйетін ақ халатты абзал жандар.Олардың адам денсаулығы үшін сіңіретін үздіксіз еңбектері нағыз ерлікке пара -пар. Диспансерде еңбек етіп жүрген дәрігерлердің әр қайсы мақтауға әбден лайық. Солардың ішінде жоғары санатты хирург , дәрігер-онколог Бесимов Секен Темірханұлын айтуға болады. Ол күніне бірнеше науқастарды қабылдап, жандары жабырқау жандарға емімен қатар шуақты лебізін айта отырып, көңілдеріне үміт ұялатады. Сондай-ақ, аталмыш орталықта өткен жылы 4 дәрігер 4 айлық қайта даярлық курсына барып, білімдерін толықтырып қайтқан. Биылғы жылы да бір дәрігер аталмыш курсты тамамдап, үшеуі қайта даярлау курсында біліктіліктерін жетілдіру үстінде.
Осы орайда, "Облыстық онкология дәрігерлерінің шет ел мамандарымен тәжірбие алмасуы қалай екен"-деген сауалымызға Болат Ахметұлы былай деп жауап берді.
- Иә, шет ел мамандарымен тәжірбие алмасып тұрамыз. Қазақтың онколология және радиология инситутына келіп олар шебер класстар, семинарлар, конференциялар өткізеді. Сол кезде біз айтылған сала бойынша мамандар жібереміз.Бұл біздің дәрігерлерге көп пайдасын тигізеді. Әлемдік стандарттан қалмай, дәрігерлердің біліктілік сапасы жоғары болуына септігі зор.
- Болат Ахметұлы, 2001 жылдан бастап әйелдердің сүт бездері ісік ауруы алдыңғы орында тұр деп мамандар дабыл қағуда. Бұл қатерлі ісік неден пайда болады?
- Иә, әйелдердің сүт бездерінің ісуі бүгінде көптеп кездеседі. Ал, жалпы ісік ауруларының пайда болуына келсек, ол халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруымен тікелей байланысты. Адамдар түрлі тамақтарды молынан, шамадан тыс қабылдағаннан салмақтары артады. Салмағы көбейген жан қан қысымының жоғарлауына, қант диабетіне шалдығады. Яғни, салмағы шамадан тыс адамдарда тоқ ішектің қатерлі ісігі, сүт бездерінің, ұйқы безінің, асқазан- өңештің ісінуі жиі кездеседі. Бүгінде тамақтың түрлері өте көп . Соның ішінде қуырылған, майлы тағамдарды шамадан тыс қабылдағаннан асқазанның функциясы бұзылып, қатерлі ауруларға, ісіктерге әкеліп соқтырады. Ал, сүт бездерінің ісінуіне келсек, оған әйел адамдардың жыныстық созылмалы аурулары, түсік жасатқаны, тар кеудеше кигені негізгі себеп болады. Уақытында мастопатияны емдетпегеннің соңы да осы қатерлі ісікке алып келеді. Тағы бір аурудың туындауына жол ашатын - сүт бездеріндегі жарақаттар.Ол қатты соққыдан түзіледі. Сондай-ақ, жыныстық жолдарға түскен вирустар жатыр мойнының ісуіне алып келеді.
- Жегі кеселі елімізде жылына 17 мыңнан астам адамның өмірін жалмайды деген дерек бар. Ал,мамандардың есептеуіне қарағанда 30 мыңдай адам осы ауруға шалдыққан. Осылардың қаншасы облысымызға тиесілі?
- Бұл қатерлі дертке шалдыққандарды айтсақ, былтырғы 2012 жылы науқас саны 100 000 адамға шаққанда157,8 пайызды құрады. Алайда, бұл көрсеткіш 2011 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 0,4 пайызға азайған. Бір айта кететіні «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы бойынша скринингтік бағдарламалар іске асуда.Осы бағдарлама арқылы тоқ ішекке, сүт бездеріне, жатыр мойнына алдын-ала скрининг жасалады. Дүние Жүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұйғарымы бойынша скринингтік бағдарламалар енген соң бірнеше жылдай аурушаңдық көбеюі заңдылық. Неге?-дейсіз ғой. Өйткені, бұл бағдарлама қатерлі ісіктің бастапқы сатыларын табуға арналған. Яғни, біз әдетте 3-4 сатыда алатын, келесі жылы табылатын ісіктерді биыл тапсақ, аурушаңдық көбейеді. Міне, осыдан кейін қатерлі ісік меңдеп тұр деп айтуға болмайды. Қайта осы скринингтік бағдарлама арқылы 3-4 сатыда болатын ісікті дер кезінде алғашқы сатысында тауып, емдейміз. Әрине,бүгінде осы көрсеткіштерді азайту жолында дәрігерлер қолдан келгендерін істеуде.Әлемде қатерлі дерттің алдын –алу үшін түрлі дәрі- дәрмектер шығарылып, кешенді емдеу де қолға алынған. Негізінде бұл қатерлі ісікке қарсы тұрудың бірінші жолы-ауруды ерте сатыда анықтау. Ал адамдар тым кеш ауру әбден меңдеп, соңғы сатыға жеткенде келеді. Бұл қазақ халқының өзге елге ұқсамайтын ерекшелігінің бірі. Бейқамдық, «қайтер дейсің» дегенге салып жүру қашанғы әдетіміз.Егер жанын дерт меңдеген адам дер кезінде дәрігерге қаралса, қатерлі ісіктің жеңіл түрінде жазылуға мүмкіндік зор.
- Сіздер күніне аузын ашқан ажалмен күресіп, адам жанына арашашы боласыздар. Әрине, дәрігер еңбегі ештеңемен өлшеуге келмес. Тәулігіне қанша науқасқа өмір гүлін сыйлап қанша жүректерге үміт отын жағасыздар?
- Иә, дәрігер үшін науқастың өмірінен артық ештеңе жоқ. Біз алдымызға келген әрбір жанның өмірі үшін барымызды саламыз. Олардың жадыраған, өмірге қайта келгендей болған шаттыққа толы жүздерін көргенде еңбегіміздің еш кетпегенін түсінеміз. Атқарған ісімізден, құлшыныс аламыз. Біздің диспансерде көлемі үлкен оталардың күніне 4-5 еуі жасалады. Ал, шағын оталарды есептесек, 15-20 ның үстінде болып қалады.
- Болат Ахметұлы, ота жасаған науқастардың кейінгі тағдырынан, қазіргі халінен хабардар болып тұрасыздар ма?
- Әрине, өзіміз ота жасаған, емдеген адамдардың денсаулықтарын жіті бақылап отырамыз. Ай сайын келіп, дәрігерге көрініп тұрады. Науқастардың медициналық құжаттарында бәрі жазылады.Олардың ауруларының стадиясына байланысты, 1,5 ай сайын келіп тұрса, келесі жылы 3 айда бір, ал үшінші жылы жылына екі рет келеді.
- Қатерлі ісік ауруларының отаға көнбейтін түрлері қандай?
- Бұл қатерлі ісік ауруларының ота жасалатын және тек қана дәрімен емделетін түрлері бар. Ал, ота жасауға келмейтін түрі ол 3-4 стадиядағы аурулар. Егер науқас дер кезінде, алғашқы белгілері біліне бастағанда келсе, сауықтырып жіберуге мүмкіншіліктер бар. Сол үшін адамдар бейқам жүре бермей, немесе «таныстар естісе ұят болады» деп жалған намыстың жетегінде шатаспай уақытында дәрігерге жүгінсе іс насыраға шаппас еді. Қазақта «Ауырып ем іздегенше ауырмайтын жол ізде» деген сөз бар. Сондықтан әр адам ең алдымен өзінің денсаулығына зор көңіл бөліп, салауатты өмір салтын жүргізуі керек.
- Ісік ауруларына халықтық медицинаның қауқары жетеді ме? Дәстүрлі медицина жаза алмаған науқасты емшілердің аяғынан тұрғызуы мүмкін бе?
- Халықтық медицина қолданатын тәсілдерді біз қолданбаймыз. Яғни, біз оны дұрыс емес деп есептейміз. Олай дейтінім, бізде жатқан жандардың көбі сол халықтық медицинаға барып, түрлі ем қолданып, дерті асқынып келгендер. Науқастардың емшінің қолынан сауығудың мүмкін емесіне көзі жетіп келіп отырған кездері. Бірақ, дерттері әбден асқынып кеткен.
- Бүгінде бұл аурудың жасы қаншадан басталады. Жылдан-жылға жасарып бара жатқан жоқ па?
- Мен ауру соншалықты жасарып кетті деп айта алмаймын. Тек аурушаңдық артып барады. Әңгіме барысында айтып өттім , халықтың тұрмысы жақсарған сайын, қатерлі ісік ауруы артуда. Оған дәлел- Еуропа елдері. Қатерлі ісіктен,аурушаңдықтан бұл ел көп алда келеді. Онда халықтың әлеуметтік жағдайы ең жоғары ғой.
- «Дәрігер өміріңді қысқартуға көмектеседі»-деген пікірлері естіп қалып жатамыз. Дәрігер қателігіне не дейсіз?
- Қазіргі заманда әркім өз пікірін айтуға құқылы. Сондықтан, халықтың бәрі солай есептейді деп айта алмаймын. Егер жұрт жаппай осындай пікірде болса, емханаларда адамдар қаптап тұрар ма еді. Екіншіден,иә, «сүрінбейтін тұяқ, жаңылмайтын жақ жоқ» деген өмір тәжирбесінен туындаған аталы сөз бар. Дәрігер де адам, адам баласының қателеспейтіні жоқ. Алайда, қазір қателіктер аз. Себебі, компьютерлік томография, магнитті- резонанстік томографиялар, ультра дыбыстық зерттеулер жақсы дамуда. Және осы 1-2 жылда дәрігерлердің дәрежесін, біліктілігін көтеру үшін көптеген халықаралық конференциялар, семинарлар, мамандыққа даярлауға тіпті шет елдерге жіберіліп жатыр. Қазір, дәрігерлердің сапасы айтарлықтай жоғарылап келеді. Жоғары оқу орнына келіп жатқан жас мамандар да көңілден шығады. Олардың көзқарастары жаңаша, еңбекке оқып-ізденуге деген талпыныстары жоғары.
-Болашақтағы мақсаттарыңызда айта отырсаңыз...
- Болашаққа деген үміт пен мақсат өте көп. Онкологялық диспансерді көтерсек ,Облысымыздың онко қызметін халықаралық стандарттарға жеткізсек деген асқақ ойымыз, мақсатымыз бар.
-Сұхбатыңызға рахмет. Ұлт денсаулығы жолында атқарып жатқан еңбегіңіз жемісті болсын!