Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

«ЖОСПАРДАН АРТЫҚ НАУҚАС ЕМДЕГЕНІМІЗ ҮШІН КІНӘЛІМІЗ...» ӨМІРДЕРЕК


24 мая 2013, 11:21 | 3 377 просмотров



-Қайырбек Ерсайынұлы 1960 жылы Шығыс Қазақстан облысында туылған. Шығыс өңірде туып өскен азамат мектепті үздік бітіріп, Комсомол жастар құрылыс бригадасында 2 жылдай жұмыс істейді. Ер ісі –ел қорғау деп, әскерге барып, Отан алдындағы міндетін атқарады. Әскерден оралғаннан кейін ол 1982 жылы Семей медицина институтына оқуға түседі. Туған өлкесінде 4 жыл білім алып, Томскідегі институттың әскери- медицина факультетіне ауысып, білімін жалғастырады. 1988 жылы оқуын тамамдап, әскери дәрігер маманы атанады. 1996 жылдан бастап Талдықорған қаласында әскери госпитальда жұмыс істейді, кейіннен қалалық ауруханада еңбек етеді. Қазір Қайырбек Ерсайынұлы Нұрғалиев Талдықорған Алматы облыстық ауруханасы неврология бөлімінде еңбек жолын жалғастыруда.Сонымен қатар аурухананың ішкі аудит төрағасы.

Медициналық көмек сөзінің мәніне үңіліп көрдіңіз бе? Көмектесу, жәрдемдесу, көңіл бөлу, мейірім таныту, рақымшылық көрсету. Адам дәрігерге көмек сұрап, жәрдем алу үшін келеді. Ал қазір «көмек» сөзін «қызмет» сөзімен алмастырдық. Бүгінгі қоғам үшін медициналық қызмет пен медициналқ көмектің айырмашылығы жоқ. Бірақ қызмет пен көмек екі түрлі ұғым. «Алдымызға келген науқастардың барлығын емдегіміз келеді, бірақ қолымыз байлаулы» -деген пікірін Қайырбек Ерсайынұлы Нұрғалиев ашық білдірді. Қайырбек Ерсайынұлы дәрігер-невропатолог, дәрігер атанғанына ширек ғасыр болыпты. Ол жұмысында білімділік және адами қарым-қатынастарды бірінші орынға қояды. Аурухананың ішкі аудит төрағасы ретінде Қайырбек Ерсайынұлымен әңгімеміз медициналық қызмет сапасыздығының себептері туралы болса, ал невропатолог дәрігер ретінде ол инсультке халықтың жиі шалдығу себебтерін түсіндірді.

Қайырбек Ерсайынұлы облыстық ауруханада Ішкі аудит төрағасы қызметін атқарасыз. Аурухана ішкі аудитінің мақсаты және маңызы қандай?

-Аудит деген сөздің өзі «контроль» , бақылау деген мағынаны білдіреді. Сапаны қадағалау, бақылау. Көпшіліктің пікірінше, аурухана сапасы дәріге ғана байланысты. Медициналық мекеменің сапасы дәрі және дәрігерге ғана байланысты емес, дәрігер мен науқас қарым-қатынасы да маңызды рөл атқарады. Ішкі аудит мақсатына аурухананың жалпы мүмкіндігі, құрал- жабдықтар, диагностикасы, қай сапада ем жүріп жатыр соны бақылау, қадағалау кіреді. Бізде науқасты протокол бойынша емдейді. Ем протокол бойынша жүріп жатыр ма, бөлімше дәрі-дәрмек жағынан, штат жағынан қалай қамтылып тұр. Содан кейін тағы қандай қосымша мүмкіндік бар соны бақылаймыз. Аудиттің жұмысында тек қана бақылау жүргізу емес, емдейтін дәрігермен бірге жұмыс істеу маңызды. Емдеу процесінде болатын проблемаларды емдеуші дәрігермен бірге шешуге тырысамыз. Науқасты емдеуге қосымша мүмкіндік болмаса басқа жерге жібереміз. Ауыр халдегі науқастар болады, ондай кезде басқа мамандарды жинап консилиум өткіземіз. Аудит жұмысын өзімнің айлық жоспарым бойынша жүргіземін. Бізде 11 бөлім бар. Сол 11 бөлімді жоспар бойынша күнде қадағалап, бақылап, бір ай шінде аралап шығамыз. Бірақ, бақылау деген тек қадағалап қана қою емес, дәрігерлермен бірге жұмыс істеу, қиын мәселелереді бірге шешу.

- Дүниежүзілік Денсаулық сақтау Ұйымының мәліметі бойынша жыл сайын әлемде 10 миллионнан астам адам инсульт және инфаркт салдарынан өмірден өтеді. Ал инсульттан көз жұматындар жүрек ақаулары және онкологиялық аурулардан кейінгі 3 орында тұр. Біздің елде де бұл дертке шалдығатындар саны күрт көбейіп кетті. Осының себебі қандай және инсульттың қалай алдын алуға болады?

-Инсульттан өлім жағдайы жоғары. Оның үстіне қазір инсульт жасарып кетті. Осыдан 10 жыл бұрын инсультке шалдыққан адамның жасы 60-70 жа болса, қазір 40-60 жас болды. Біз кезекшілікте тұрғанда бір кезекшілікте жедел жәрдеммен инсультқа шалдыққан адам міндетті түрде түседі. Күнде бір инсультты науқас түседі. Бұл тіпті үйреншікті жағдай болып кетті. Сонымен инсульттың белең алуының негізгі себептері: біріншіден әлеуметтік жағдай, өмір ритмы; екіншіден адамдардың өз денаулығына немқұрайлы қарауы.

Инсульттың белең алуының бірінші себебі- әлеуметтік фактор. Біз туберкулез –әлеуметтік ауру деп айтуға үйреніп алдық. Инсульт «әлеуметтік факторы» деп, кедейшілік, төменгі күн-көріс деңгейі ретінде емес. Бүгінгі уақыт өзгерістерді, жылдамдықты, белсенділікті талап етеді. Көштен қалмас үшін, бүгінгі заманауи адам белсенді болуға тырысады. Алдыға ұмтылады, үнемі асығып жүреді. Адамға бүгінгі өмір жылдамығы тым ауыр. Осының салдарынан стрестік жағдайлар көп. Ал екінші фактор: біздің халықтың менталитетінде. Кейбір науқастар денсаулығын сақтау үшін өзі ештеңе жасамайды. Дене қимылы, салауатты өмір салты, аурудың алдын-алуға мән бермейді. Инсультқа шалдығудың басты себебі –қан қысымың жоғары болуы. 180, 200 қысыммен жүре беретін адамдар бар. Кейбіреулері «мен 240-пен жүре беремін» деп мақтанып айтады. Бұл адамның жастығы немесе сосудтарының жақсы болуымен түсіндіріледі. Бірақ соңы бәрі бір инсульт не инфарктқа әкеледі. Осы жағдайда науқастардың өзінің кінәсі. Тағы бір фактор ретінде учаскелік дәрігерлердің белсенділігінің төмендігін айтса болады. Науқастардың созылмалы ауруын учаскелік дәрігерлер қадағалау керек. Қан қысымы жоғары адамдарға тәуліктік мониторинг жасап, кейін ем белгілеу қажет. Біздің науқастар болса дәрігер жазып берген дәріні 5-10 жыл ішіп жүре береді. Ал дәрі әсер етпейді. Соңы инсультке әкеледі.

Облыстық ауруханада инсультті науқастарды емдеуге толық жағдай жасалған ба?

-Бізде неврология бөлімінде науқастарға толық жағдай жасауға тырысамыз. Бөлімдегі дәрігерлер де, медбикелер де өте білікті мамандар. Ауыр халде түсіп, кейін аяғына тұрып, науқастар сауығып кетеді. Бір өкініштісі, неврология бөлімінде науқастарға орын жетіспейді. Науқастар тым көп, ал бізде бір-ақ бөлімше. Жалпы бізде нейро-инсультті орталық болу керек. Орталықтың ішінде нейрохирургиясы бар, томографиясы бар бүтін бір емдеу кешені . Ол бір күнде пайда болатын дүние емес, оған уақыт қажет. Бізге әзірше үлкен орталық емес, нейро-сосудистый бөлімше болса екен. Өзінің штатымен, 6 орынға арналған интенсивный терапия палатасымен. Содан неврология деген бөлек бөлім болу керек. Қазір инсульт көбейіп кетті дейміз, инсульттан да басқа нерв жүйесінің аурулары дендеп келеді. Мен Павлодарда болдым, ол жердегі неврология қызметін біздікімен салыстыруға келмейді. Павлодар №1 Қалалық ауруханада неврология 40 орын, №2 қалалық ауруханада 40 орын, Теміржол ауруханасында 30 орын, облыстық ауруханасында 40 орын, №1 қалалық ауруханада 60 орындық нейро-сосудистый бөлім, сонда бір қалада неврологияға 200-ге жуық орын бар. Ал бізде бүкіл қала және облысқа осы бір 55 орындық бөлімше. Салыстыруға да келмейді. Инсультті емдейтін бөлек бөлім ашылу жоспары бар. Бірақ ол нақты қашан ашылатыны белгісіз.

Соңғы кезде бұқаралық ақпарат құралдарында денсаулық сақтау саласына байлансты жағымсыз материалдар көбейіп кетті. Науқастардың да шағымы азаяр емес. Медицинаның жағымсыз жақтары туралы сіздің ойыңызды білсек.

-Бізде қазір адамдарда медицинаға да, денсаулығына да «потребительское отношение» орысша айтқанда. Менің ойымша, медициналық әрекет –көмек емес медициналқ қызмет деп аталғанша, бізде әрқашан шағым да, кінәлілер бола береді. Әрине, науқастар тарапынан дәйекті шағымдар болады. Әріптестерің туралы жаман айтқың келмесе де, ішінде алақол мамандар кездеседі. Жасырудың қажеті жоқ, сондай дәрігерге жолығатын науқастарға жаным ашиды. Негізінде дәрігер атанғаныма 25 жылдан асты, өзім білетін әріптестерімнің барлығы дәрігерлікке жүрек қалауымен келіп, мамандығына адал адамдар.

Медицинада кешірілмейтін қателіктер болады, дәрігерлердің кемшіліктері де болады. Бірақ, жоқ жерден пайда болатын шағымдар бар. Шынымызда айтсақ, көп жағдайда емдеуші дәрігердің қолын байлайтын әрекеттер бар. Кейде ауруы асқынып, емдеуге келмейтін науқастар болады. Ал дәрігердің науқасқа қарым-қатынасы, кейде бір дөрекілік көрсетсе оны да түсінуге болады. Жұмыс ауыр, жалақы мардымсыз. Ол біз категорисы бар дәрігерлер 60-65 мың теңге аламыз, жас мамандар күні-түні жүгіріп 36 мың теңге жалақы алады. Ауруханада дәрігер күні- түні дем алмай науқастарды емдеп жүгіреді, олардың әрқайсымен сөйлеседі, шағымын тыңдайды. Осындай шаршап тұрған кезде мінезі қиын науқас кездесіп қалып, дәрігер шыдамы таусылып кейде дөрекі жауап қайтаруы мүмкін. Сондай кейін науқастар тарапынан «дәрігер қарым-қатынасы нашар» деген шағым пайда болады.

Сіздің жұмыста науқастар тарапынан түсініспеушілік жиі орын алады ма? Және сондай түсініспеушілікті қалай шешуге болады?

-Жұмыс барысында бәрі де болады. Шағым айтатындар да, рахметін, жақсы тілегін айтатындарда кездеседі. Бір кезекшілікте бізде өте көп науқас түседі. Біздің облыстық аурухана жедел жәрдем ауруханасы сияқты жұмыс істейді. Бір түнде ауруханамызға жедел жәрдеммен әкелген адамның барлығын жатқызу үшін ауруханмыз «резиновый» болу керек. Біз барлығын жатқыза алмаймыз. Науқастарды іріктейміз. Ауыр халдегі науқастарды ауруханаға жатқызып, амбулаториялық емдеуге болатындарды емін жазып жібереміз. Емханада емделіп тәуір болады деген науқасты ауруханаға жатқызудың қажеті болмайды. Себебі, орын болмайды. Жедел жәрдеммен келетінердің барлығы ауруханаға жатамыз деп келеді. Одан кейін реніш, түсініспеушілік басталады. «Енді өлгенде келейік пе, өлгенде аласыңдар ма» деген науқастардың назы айтылады. Біз біріншіден ауыр халдегі науқастарды жатқызамыз, ал амбулаториялық ем алуға болтындарды жатқызбаймыз. Ал сол жатпай қалған адамдар кейін барып, шағым жазады. Дәрігер келеңсіз жағдайларды шешуді уақыт өте, тәжірибе жинай үйренеді.

Науқастар шағымы негізінен орын жоқтықтан, барлық науқасты емдей алмағандықтан болады. Облыстық аурухананың барлық науқасты қарауға неге қауқары жетпейді? Бұл кімнің кінәсі?

Шынымды айтсам біздің ауруханада үлкен проблема бар. Науқастарды емдемей қайтарғанымыз үшін кінәлі боламыз, және артық емдеп қойғанымыз үшін тағы кінәліміз. Алдымызға келген барлық науқасты емдегіміз келеді, бірақ қолымыз байлаулы. Бізде Медициналық қызметке ақы төлеу комитеті департаменті бар. Бұл департамент емге жұмсалатын қаржыны бөледі. Осы уақытқа дейін жыл сайын ауруханамызда 14 мың науқас емделіп шығатын. Биылдан бастап жоғарыдан берілген жоспар бойынша 12 мың адам емдеу керекпіз. Сол 12 мың адамды әр айға бөліп тастаған. Соңғы 5 жылда ай сайын ауруханамызда 1000-1200 адам емдедік. Енді жаңа жоспар бойынша біз ай сайын 850- 900 науқас емдеуге міндеттіміз. Жоспарда белгіленген науқастан артық емдеуге болмайды. Осы жоспардан асып кетпеу үшін жоғарыда айтып кеткендей науқастарды іріктейтін болдық. Бірақ шын мәнінде, іс жүзінде жоспар бойынша шықпайды. Ол мүмкін емес. Қаражатты бізге жоспар бойынша тек 850 науқасқа бөледі. Ал артық емдеген науқас үшін қаражат бермейді. Сондықтан біз бүгінгі таңда науқастарымызды толық көлемде, сапалы еммен қамтамасыз ете алмай отырмыз.

Халықтың денсаулығы ойыншық емес қой. Медициналық қызметке ақы төлеу комитетіндегілер бұл жағдайды неге шешпейді?

Бізге ақша бөлінбесе, ауруханамызға керекті дәрі-дәрмек, препараттармен қамтамасыз ете алмаймыз. Науқастарды сапалы түрде емдей алмаймыз. Ал комитеттегілер артық емдегеніміз үшін өздерің кінәлісіңдер дейді. Жопарды орындау керек, жопардан аспау керек деп тағы айтады. Артық науқас емдемеңдер деп қайта- қайта айтады. Сен шын мәнінде келесі айда ауыр халдегі қанша науқас келетінін нақты білмейсің.Тек алдыңғы статистикаға сүйене аласың. Ал статистика бойынша бәрібір бір айда ауруханамызға 1000-нан астам науқас түседі. Біздің үстімізден қарайтын бірнеше департаменттер мен комитеттер бар. Шыны керек, олар емдеу процесін жақсартудың орнына кедергі тигізеді. 850 науқастан артық емдемеңдер деп шек қояды. Бірақ адам өмірі, денсаулығы, жоспарлы түрде фабрикада киім шығару, ойыншық шығару емес қой. Жаны қиналған науқасқа «сен ауырмай тұра тұр, келеі айға дейін шыдай тұр» деп айта алмайсың. Ауыр халдегі науқасты емдемей далаға лақтырып тастауға адамдық қасиетің мен дәрігерлік міндетің жібермейді.

Ал сіз осы проблеманы шешудің қандай жолын ұсынасыз?

Біздің аурухана заңды құжатта облыстық көпсалалы аурухана ретінде тіркелген. Ал іс жүзінде жедел жәрдем ауруханасының қызметін атқарады.барлық қалаларда жедел жәрдем ауруханалары бар. Біздің аймақта ондай аурухана болмағандықтан, осы облыстық аурухана сол жұмысты атқарады. Ауруханада ем алатын науқастардың 75 % шұғыл түрде түседі, 25% жоспарлы түрде госпитализациялау бюро арқылы келеді. Бізден емдеймін науқастар санын қықартуды талап етеді. Шұғыл түрде келетін науқастарды қысқарта алмаймыз. Жалғыз шешім менің ойымша, госпитализациялау бюросын, яғни порталды жабу керек. Алайда бұл тағы мүмкін емес. Талдықорған аймағын емдейтін жалғыз аурухана болғандықтан бұны жүзеге асыру қиын. Сондықтан, ауруханада іс жүзінде емделетін науқастар санына қарай қаражат бөлу керек. Бәрібір науқастар санын азайта алмайсың.

-Қазақстанда медициналық білімді сынға алып, жас дәрігерлерді жамандап, көңілі толмайтындар аз емес. Көп жылдық еңбегі бар маман ретінде сіз жас дәрігерлер біліктілігіне қандай баға бересіз?

-Жас мамандар қазір өте жақсы. Мен осыдан бір ай бұрын «Вакансия жәрмеңкесіне» барып келдім. Ол жерде өте білімді, өте жақсы түлектер. Қазіргі жастардың бізге қарағанда жақсы жері олар ағылшын тілін біледі. Жас дәрігерлер үш тіл біледі, жаңа технология, инновация дегенмен де таныс. Сондай білімді, жан- жақты жастарды көріп тамсанасың. Ең жақсы білімділердің барлығын фармкомпаниялар, жеке клиникалар көп жалақы төлейді де алып кетеді. Ал облыстық, аудандық медицина мекемелері, немесе ауылдық ауруханаларға жас маманар бармайды. Себебі жалақы төмен. Міне, мысалға менімен бірге жұмыс істейтін жас дәрігер бөлімшеде күні бойы жүгіріп жұмыс істейді. Алатын айлығы 36 мың теңге. Жарымай отырған жеріміз осы. Қазір медицинаны жан-жақты дамытамыз –инновация, технология деп айтып жатыр. Менің ойымша, бірішіден жас дәрігерлердің жалақысын жақсартудан бастау керек. Ал жалпы жас мамандарымыз өте жақсы. Тек сондай жақсы мамандар қолын материалдық жағдай байлайтыны өкінішті.

Қайырбек Ерсайынұлы, сіз еңбек жолыңызды әскери дәрігерден бастадыңыз. Әскери медицина мен жалпы медицинаның айрмашылғы қандай ?

-Үлкен айырмашылық жоқ. Тек қана әскери медицинада (ОТМС -организация тактики медицинской службы во время боевых действии) соғыс уақытында медициналық қызмет тактикасын ұйымдатыру деген бөлімі бар. Бұл тек соғыс жағдайына арналған. Медицина соғыс жағдайында қалай жұмыс істеу керек, мамандар қалай дайын болу тиіс. Айырмашылығы осы ғана. Ал басқа жағынан барлығы бірдей. Науқастар да , аурулар да бірдей. Қойылатын талап пен тәртіп бірдей.

Дәрігерлік жолына түскеніңізге ширек ғасыр болыпты. Жеке сіздің ойыңызша жақсы дәрігер бойында қандай қасиеттер болу керек?

Жақсы дәрігер болу үшін ең бірінші білім керек. Білімсіз дәрігер болмайды. Екіншіден, науқасқа деген көңіліңіз, жанашырлық, рақымдылық. Ауырып келген адамның психологиясы әлсіз, жаны жаралы болады. Оған мейірімілік керек. Білім мен мейірімділік дәрігер үшін ең қажетті.

Ашық әңгімеңізге рахмет!

Автор:
Сұхбаттасқан Мәдина ОМАРҚҰЛОВА