Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ТМД ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫНДА ТЫНДЫРАТЫН ШАРУА КӨП


17 мая 2013, 17:25 | 2 989 просмотров


Кеңес Одағы тарағалы 20 жыл өтсе де посткеңесттік елдердің көбінде адам өлімі көрсеткіштері Еуропа мемлекеттерінен әлдеқайда жоғары. Посткеңестік елдердегі адам өмірі қысқарып келеді. Британияда шығатын The Lancet медициналық журналының зерттеуіне сүйенсек, жүрек-қантамыр ауруларының, жұқпалы індеттердің көбеюі, сәбилердің жиі шетінеуі, денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік мекемелердің қызмет сапасының нашарлығы мен қаржының азаюы –ТМД елдерінде адам өліміне себеп болып отыр.

ТМД елдерінің денсаулық ахуалы туралы жазылған Британдық журналда аталған елдерде өлім-жітімнің басты себебі –ішімдік деп көрсетілген. Мақала авторы, Еуропадағы Лондон гигиена және тропикалық медицина мектебінің профессоры Мартин Макки (Martin McKee) мынадай пікір айтады:- Ресей, Украина, Беларусь және солтүстіктегі славян халықтарының арасындағы ең үлкен проблема – алкоголь. Алкоголь деген қазір бұл аймақта үлкен зауалға айналды.

Мақалада «жүрек-тамыр аурулары Ресейдегі өлім-жітімнің басты себепшісі» деген қорытынды жасалған. Еңбек жасындағы он еркектің - алтауы, үш әйелдің біреуі ішімдіктің кесірінен өледі. Ресейде ер адамдар өмірінің ұзақтығы 1990 жылы 63 жас бола, 2000 жылы бұл көрсеткіш 58 жасқа құлдырады. 2009 жылы қайта өсіп, 62 жасқа жетті. Бұл елде әйелдер өмірінің ұзақтығы біршама тұрақты: 1990 жылы 74 жас болса, 2000 жылы 72 жасқа төмендеп, 2009 жылы қайтадан 74 жасқа тұрақтаған. Беларусь пен Украинада да еркектер өмірі қысқарған. Беларусьте 1990 жылы ерлер өмірінің орташа ұзақтығы 66 жасқа жетсе, 2009 жылы 64 жасқа кеміген, ал Украинада 65 жастан 62 жасқа төмендеген. Қазақстанда ерлер өмірі 61-ден 59 жасқа қысқарған. Бұл бұрынғы ТМД елдері ішіндегі ең өменгі көрсеткіш.

ТМД елдерінде әйелдері орташа есеппен 74 жыл өмір сүреді. Жалпы көрсеткіштер бойынша Еуро Одақпен салыстырса ТМД-да еркектер 12 жылға, әйелдер сегіз жылға аз жасайды. Зерттеуде сонымен қатар Ресейде 20 жастағы жігіттің алпысқа жету мүмкіндігі 63 пайыз болса, ЕО елдерінде бұл көрсеткіш 90 пайызға тең екені айтылған.

Мақала қорытындысы ретінде ТМД елдеріндегі халық өмірін ұзарту үшін ғалымдар алкоголь мен темекі өнімдері сапасын бақылауды күшейтіп, халық арасында салауатты өмір салтын жүргізуге қатысты ағарту шараларын көбейтуді ұсынады. Денсаулық сақтау саласын дамытып, ондағы қызмет сапасын арттыру қажет дей келе автор «бұл елдердің денсаулық сақтау саласында реформалар жүріп жатыр, бірақ әлі де тындыратын шаруа көп» деп тұжырымдайды.

Автор:
Дайындаған: Мәдина ОМАРҚҰЛОВА