Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

МАЙДАНГЕР МЕДБИКЕ


11 мая 2013, 09:16 | 1 808 просмотров



Өздерiнiң нәп-нәзiк қолдарымен жаралы жауынгерлердi от-жалынның арасынан алып шыққан, күн-түн демей жауынгерлердің жанын аман алып қалған медбикелердің еңбегі ерекше. Сондай ақ халатты абзал жанның бірі қазақстандық Нина Толчиницина еді. Соғыс басталғанда 21 жасар медбике майданға өзі сұранып аттанады. Әскери медбике Курск түбіндегі госпитальде операциялық медбике болады.

Хирургтың бірінші көмекшісі болған Нина Николаевна бірнеше күн көз ілмей операция өткізетін. 1946 жылы соғыстан кейін майдангер медбике еңбек жолын қазіргі Көксу аудандық ауруханада жалғастырады. Аудандық ауруханада операциялық медбике болды. 1969 жылдан бастап Көксу ауданындағы туберкулез ауруханасында жұмыс істеп, 63 жасқа дейін медбикелік қызмет атқарады. Өмірін медбикелік қызметке арнаған Нина Николаевна 1984 жылы көз жұмыпты. Ол істеген ауруханада Нина Николаевана туралы тек жақсы сөздер айтылады.

Жеудикова Бибігүл Сакенқызы Көксу аудындық медициналық қызметкерлер ардагерлер ұйымының төрайымы : Мен тубауруханаға 1971 жылы келгенде Нина Николаевна 50 жастан асқан әйел еді. Ол кісі сол кезде операциялық бас медбике болды. Қашан көрсең үнемі көңілді жүретін. Жастарға үйретуден шаршамайтын, жастар біздің болашағымыз деп жас медбикелерге ақыл айтып, әрқашан қолау көрсететін. Сондай жақсы, сондай тартымды әйел еді. Мен таңғалатынмын, жасы келсе де өзін күтіп, шашына прическа жасап, биік өкше аяқ киім киетін. Жұмысына да сондай ұқыпты, жауапты қызметкер болды- деп еске алады майдангер медбикені. -Нина Николаевна соғыс туралы жиі айта бермейтін. Бірақ анда-сана айтып қалғанда оның соғыс кезіндегі жұмысының ауыр болғандығын түсінетінбіз. Операциялық медбике бірнеше тәулік демалмай, операцияға көмектесетін. Оның үстіне Курск түбіндегі госпитальге өте көп жаралылар келетін. «Хирургтар ауысып операция жасаса,біз ауыспай үзіліссіз жұмыс істей беретінбіз. Ол кезде жас болдық, шаршау дегенді білмейтінбіз» -деп күліп айтатын әңгімесін. Нина Николаевна менің есімде ақжарқын, жүзі жылы, шаршамайтын көрікті әйел ретінде қалды. Біз Нина Николаевнаны үлгі тұтатынбыз.

Отан соғысында талай боздақ қыршынынан қиылды. Жараланып, аман қалғандарының көбі дала емханасы мен госпитальда жатты. Бұл ретте жаралы жауынгерге жаңа өмір сыйлаған жандар әскери санитарлар мен дәрігерлер еді. Жетісу жерінде еңбек етіп, талай медбикелерге ұстаз болған Нина Николаевна Жеңіс күніне дейін майдандағы мыңдаған сарбазға медициналық көмек көрсетіпті. Соғысты да, өлімді де өз көзімен көрген ол бейбітшілік пен тыныштықты ерекше қастерлейтін. Жеңіс таңы атып, тыныштық орнағаннан кейін майдангер Нина Николаевна өмірді ерекше жақсы көрген жан болыпты. Осындай батыл да, батыр майдангер медбикелерді үлгі тұтайық!

P.S: Қарулы күштердiң қатарында Кеңес әйелдерi де жаумен шайқасты. Соғыстың соңғы бiр сәтiнде Кеңес Армиясында 600 мыңнан астам әйел жауынгерлер болды. Олар самолетпен аспанда самғады, танк жүргiздi, барлауға барып, ұрыс даласында мергендiк көрсеттi. Майдандағы дәрiгерлердiң 41 пайызы, фельдшерлердiң 43 пайызы, медбикелердiң 100 пайызы әйелдер болатын. Ұлы Отан соғысында 100 мыңнан астам әйелдер ордендермен, медальдармен марапатталған. 92 әйел Кеңес Одағының Батыры атағын алды.

Автор:
САНДАР СӨЙЛЕЙДІ