Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ҚАЗАҚСТАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ JCI НЕГIЗIНДЕ ОТАНДЫҚ МЕДИЦИНАЛЫҚ СТАНДАРТТАРДЫ ЖАСАҚТАЙДЫ


5 мая 2013, 11:54 | 1 183 просмотра



Қазақстан халықаралық JCI негiзiнде отандық медициналық стандарттарды жасақтайды. Бұл туралы бүгiн "ҚазАқпарат" тiлшiсiне берген сұхбатында ҚР Премьер-Министрiнiң орынбасары Ербол Орынбаев мәлiм еттi.

"Жақын болашақта бiз "Ұлттық медициналық холдинг" АҚ құрамына енген барлық клиникаларды халықаралық JCI стандарттарына сәйкес аккредиттеудi жоспарлап отырмыз", - дедi Е.Орынбаев Астанадағы "Республикалық нейрохирургиялық ғылыми орталығына" Халықаралық Бiрiккен Комиссияның (Joint Commission International, JCI) сертификатын табыстау рәсiмiнде.

Оның айтуынша, қазiргi уақытта Республикалық нейрохирургиялық ғылыми орталығы және Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы JCI сертификаттарына ие болды, ендi тағы 3 клиника аталған сапа стандарттарын алуға қамдануда.

"Сонымен қатар келешекте өзiмiздiң ұлттық медициналық стандарттарды жасақтау жоспарлануда. Олар JCI стандарттарына қарағанда сәл жеңiлдеу болады. Себебi JCI талаптары өте қатал. Бұл клиникаларға арналған бiздiң отандық стандарттар болады. Бiз Республикалық нейрохирургиялық ғылыми орталығы Халықаралық JCI сертификатына ие болғанына қуаныштымыз. Бұл медициналық қызметтердiң аса жоғары сапасы, дүниежүзiлiк деңгейдiң шыңы", - деп түйдi сөзiн Е.Орынбаев.

Еске сала кетейiк, бүгiн Астанадағы "Республикалық нейрохирургиялық ғылыми орталығы" АҚ Халықаралық Бiрiккен Комиссияның (Joint Commission International, JCI) сертификатына ие болған болатын. JCI стандартына ТМД елдерiнде тек 3 клиника қол жеткiздi. Соның iшiнде екеуi қазақстандық клиникалар. Аталған сертификаттардың берiлуi бұл клиникалық орталықтардың жоғары халықаралық қауiпсiздiк және сапа стандарттары бойынша қызмет ететiндiгiн көрсетедi және дүниежүзiнде мойындалады. Бүгiнде дүниежүзiнің 90-нан астам елiнде 450-ге жуық медицина ұйымы JCI аккредитациясын алды.

Автор:
Жасұлан ЖОЛДЫБАЕВ