Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ӘКІМДЕР: АЛЫП КЕЛДІ, АЛЫП ОТЫР, АЛА БЕРМЕК?


5 мая 2013, 11:52 | 1 163 просмотра



Солай ма? Қазекем: «берген қолым – алаған» демеуші ме еді осы. Бірақ беріп отырғандар кім, алыстан арбаламай- ақ, дорбалап алып отырғандар кім? Өте қиын сұрақ, жауабы да сондай қиын. Бүгінгі таңда жергілікті атқарушы билік өзін- өзі басқару емес, «қазаншының өзі еркі, қайдан құлақ шығарса» деген қағиданы ұстанғандай. Себебі бар. Соңғы жылдары кез келген деңгейдегі әкімдер коррупциялық жанжалдарда алдына жан салмай келе жатқанын жасыра алмаймыз.

Үстіміздегі сәуір айында қаржы полициясы Талғар ауданының әкімі Жұматай Қасымбаевты пара алып жатқан жерінде қолға түсірді. 2011 жылы дәл осы ауданның әкімі Болат Омаров біреуге жасаған «жақсылығы» үшін төрт жылды арқалаған. Арада бір жыл өткен соң 2012 жылғы қыркүйекте оның орнын алмастырған Айдарбек Қожахметов ұсталады. Уақыт өзгереді, реформалар қабылданады. Заң талаптары күшейтіледі. Бірақ, әкімдер ауысқанымен, олардың «қылықтары» таз қалпында қала береді. Бұл қатып қалған қағида ма осы?

Статистикаға жүгінелік, Коррупцияға қатысты қылмыстардың басым көпшілігін әр деңгейдегі әкімдік қызметкерлері жасайды екен. Өткен жылы ғана қаржы полициясы 221 іс тіркеген. Аталған ведомствоның дерегі бойынша коррупцияға қатысты 371 істің 228-де (жалпы санның 78 пайызы) әкімдер мен оның орынбасарлары, әкімдіктер және соның құрылымдарының қызметкерлері қатысқан көрінеді. «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы тарапынан жасалған рейтинг бойынша әкімдік қызметкерлері ауылшаруашылығы және ІІМ-нен кейінгі үшінші орынға жайғасыпты. Бірақ, билік партиясы «турнир кестесінде» алдыңғы екеуін де парақорлар қай партиядан екендіктерін көрсетпеген.

Жергілікті билікке қатысты тың реформа не берер екен?

Әкімдерді халық сайламайды. Алдағы тамыз айында белгіленген сайлауда тәжірибе ретінде жүргізілген тәртіп бойынша мәслихат депутаттары қаймана халықтың қатысуынсыз-ақ «қалаулыларына» дауыс береді. Өкініштісі сол, биліктегілер сарапшылардың пікіріне бұрын да құлақ аспай келсе, алдағы уақытта олардың «жанайқайын» тіпті сол мүшесіне ілмейтін сияқты.

Әкімдердің халық алдындағы науқандық есеп берулері анекдотқа айғалғалы қашан. «Белсендісымақтар» сценарий бойынша әкімнің дайын жауабына қатысты дайын сұрақ қояды. Жасалмаған шаруа жасалынды деп хаттама толтырылады, қойшы, бәрі бар, бәрі жақсы. Соңынан концерт беріліп, жиынға қатысқандар тарасады. Кезекті есеп беру жиналысына дейін аман болайық десіп.

Тағы бір дерек. Еліміздің Бас прокуратурасы қаржы полициясы жасырып қалған 634 қылмыстың бетін ашқан көрінеді. Осыдан төрт-бес жыл бұрын елімізде аймақтық билікке «сенімсіздік» таныту сияқты тың іс жаппай басталған болатын. Бұл бастаманың алғаш «құрбаны» болып Ақтөбе облысының әкімі Ермек Имантаев іліккен. Оған жақындардан жоғары лауазымды қызметке тартты, жұрағаттарының жетекшілігіндегі компаниялар ірілі – ұсақты тендерге ие болды деген айып тағылды. Ерекең әкім қызметінен кеткенімен, президент әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы болып шыға келді. Осы тектес «жетістіктің» саны өсті деуден аулақпыз. Деседе, «нон- грат» кейіпкерлер қатарынан Алматы облысы Іле ауданының, Павлодар облысы Шарбақты ауданының әкімдері орын алды.

Тығырықтан шығу жолы жоқ емес дейтіндер бар. Әкімдерді халық сайлап, халық қызметінен алу керек. Бірақ, билік басындағылар әкімдерді тікелей сайлау жемқорлыққа жол ашады деп сендіруде.

Естеріңізде болар, Мәжілісші Егор Каппель: «Если акимов будут выбирать люди, то в обществе коррупция зацветет еще более буйным цветом. Найдутся люди, которые будут за деньги предоставлять место акима. Здесь же пойдет такая тенденция, как клановость, во власть начнут тащить всех родственников, будут приходить братья, дядья и зятья” деген уәж айтқан-ды. Мүмкін солай да шығар, кім біледі? Деседе, онымен және оның пікірін қолдайтындармен дауласуды жалғастыра беруге де болар еді. Себебі, әкімдерді тағайындағанмен жемқорлық, туыстық, тағы да сол сияқты сыбайластық жалғаса берері ақиқат. Жасыратыны жоқ, депутаттар бәрін біледі.

Жуырда ғана Дариға Назарбаева: «аким на месте хозяин, он зачастую выкручивает руки предпринимателям, заставляет отдавать долю в бизнесе, и в зависимости от аппетита акима эта доля доходит до 20-50 процентов, особенно когда приходит новый аким” деген-ді.

Бұдан бұрынырақ Мұхтар Тиникеев ашық түрде “приходит аким города с миллионами тенге, а через два года уходит с должности с миллионом долларов. Получая из бюджета зарплату, живет в трехэтажном тереме, оформленном на бабушку или тещу”деген болатын. Халық қалаулылары біліп айтады.

2013 жылғы наурыз айында ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Марат Сәрсембаев: «Қазақстан – ауыл әкімдерін тікелей сайлауға дайын емес» деп мәлімдеген-ді.

Тамызға дайын болатын шығармыз.

Биыл әр деңгейдегі 2500 әкім сайланбақ. Олар қызметіне орналасқан соң халыққа берген уәделерін орындай ма? Мәселенің мәнісі осында жатыр. Тәуелсіздік алғалы бері елімізде адал да ашық сайлау тәжірибесі жасалды деу қиын. «кімді тағайындау керек, сол сайланады» дейді қаймана халық. Олар да айтса, қалт айтпайды.

Қалай дегенмен, БАРЛЫҚ ДЕҢГЕЙДЕГІ ӘКІМДЕР Президент және Үкіметтің өкілдері! Бұл еліміздің Конституциясында тайға таңба басқандай жазылған. Соны естен шығармайын, ағайын.

Автор:
Ырысбай КЕНЖЕБАЙҰЛЫ