Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ЕЛІМІЗДІҢ ӘРБІР АЗАМАТЫНЫҢ ЭЛЕКТРОНДЫ ДЕНСАУЛЫҚ ТӨЛҚҰЖАТЫ ЕНГІЗІЛЕДІ


26 апреля 2013, 16:25 | 1 719 просмотров



Еліміздің әрбір азаматының электронды денсаулық төлқұжаты болады. Бұл туралы бүгін ҚР Үкіметінің отырысында 2013-2020 жылдарға арналған Қазақстан Республикасында Электронды денсаулық сақтауды дамыту тұжырымдамасы туралы баяндама жасаған ҚР Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова мәлім етті.

Министр Электрондық денсаулық сақтауды дамыту тұжырымдамасы ҚР Президентінің «Қазақстан-2050» Стратегиясы» Жолдауында көрсетілген саланың негізгі басымдықтарын, «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының басым бағыттарын және «Ақпараттық Қазақстан-2020» мемлекеттік бағдарламасын есепке ала отырып әзірленгенін атап көрсетті.

«Тұжырымдамада «электрондық денсаулық сақтауды дамыту не үшін керек?» деген сауалға жауап беріліп, ақпараттық технологияларды қолдану қажеттіліктері ашып көрсетіледі. Жобада электрондық денсаулық сақтаудың мақсат-міндеттері және салаға әсер ететін нақты нәтижелер айқындалған»,- деді ол.

Оның айтуынша, электронды денсаулық сақтаудың орталық элементі - еліміздің әрбір азаматының электронды денсаулық төлқұжаты болуы тиіс. Онда: демографиялық мәліметтер; шалдыққан дерттері туралы мәліметтер; биометрикалық мәліметтер; аллергологиялық және иммундық дәрежесі сияқты әр адамның денсаулығына қатысты жалпы ақпарат болады.

«Ақпарат науқаспен бірге жүреді» қағидасы іске асырылады. Ол уақытына және мекен-жайына қарамастан, жүргізілген диагностикалық және емдеу шаралары, зертханалық зерттеу нәтижелері туралы толық ақпарат алуға мүмкіндік береді. Электрондық денсаулық төлқұжаты негізінде науқастың жеке кабинетін ашу жоспарланған. Ол жерден әр азамат өз денсаулығы, дәрігерге баруы қажеттігі туралы хабарлама, скринингтен немесе профилактикалық тексеруден өтуі тиістігі жөнінде мәлімет таба алады»,- деді министр.

Автор:
Марлан ЖИЕМБАЙ