Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

«АҚПАРАТ НАУҚАСПЕН БІРГЕ ЖҮРЕДІ» ҚАҒИДАСЫ ІСКЕ АСЫРЫЛАДЫ


26 апреля 2013, 10:23 | 1 749 просмотров


Сәуірдің 23-күні өткен ҚР Үкіметі отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі С.З.Қайырбекова 2013-2020 жылдарға арналған ҚР Электрондық денсаулық сақтауды дамыту тұжырымдамасы туралы баяндама жасады.

Министр Электрондық денсаулық сақтауды дамыту тұжырымдамасы ҚР Президентінің «Қазақстан-2050» Стратегиясы» Жолдауында көрсетілген саланың негізгі басымдықтарын, «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының басым бағыттарын және «Ақпараттық Қазақстан-2020» мемлекеттік бағдарламасын есепке ала отырып әзірленгенін атап көрсетті.

Тұжырымдамада «электрондық денсаулық сақтауды дамыту не үшін керек?» деген сауалға жауап беріліп, ақпараттық технологияларды қолдану қажеттіліктері ашып көрсетіледі. Жобада электрондық денсаулық сақтаудың мақсат-міндеттері және салаға әсер ететін нақты нәтижелер айқындалған. Электрондық денсаулық сақтаудың тұжырымдамалық негізі бойынша ҚР электрондық денсаулық сақтау жобасын іске асыру нәтижесінде 2020 жылға қарай бірінші кезекте науқас пен медициналық қызметкердің қажеттілігіне бағытталған қауіпсіз, әділетті, сапалы және орнықты денсаулық сақтау жүйесін қамтамасыз ететін өзекті, шынайы және жеткілікті ақпарат алу жүйесі жолға қойылады.

Жаңа жүйе медициналық көмек көрсету мәселелерін бірінші орынға қояды. Клиникалық шешімдер қабылдауға, медициналық қателіктерге жол бермеуге, көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға көмектесетін ақпарат алуды қамтамасыз етеді.

Электрондық денсаулық сақтаудың орталық элементі – еліміздің әрбір азаматының электрондық денсаулық төлқұжаты болуы тиіс. Онда: 1) демографиялық мәліметтер; 2) шалдыққан дерттері туралы мәліметтер; 3) биометрикалық мәліметтер; 4) аллергологиялық және иммундық дәрежесі сияқты әр адамның денсаулығына қатысты жалпы ақпарат болады.

«Ақпарат науқаспен бірге жүреді» қағидасы іске асырылады. Ол уақытына және мекен-жайына қарамастан, жүргізілген диагностикалық және емдеу шаралары, зертханалық зерттеу нәтижелері туралы толық ақпарат алуға мүмкіндік береді. Электрондық денсаулық төлқұжаты негізінде науқастың жеке кабинетін ашу жоспарланған. Ол жерден әр азамат өз денсаулығы, дәрігерге баруы қажеттігі туралы хабарлама, скринингтен немесе профилактикалық тексеруден өтуі тиістігі жөнінде мәлімет таба алады.

Электрондық денсаулық төлқұжаты мәліметтер қорының орталық бірігей сақтау орнының бөлігі болады. Басқа жүйелер электрондық денсаулық төлқұжатымен және орталық мәліметтер қорымен өзара әрекеттесе жұмыс істеп, қажетті ақпаратты алып және беріп отырады. Электрондық денсаулық сақтаудың болашақ үлгісінде 10 жаңа ақпараттық жүйе әзірлеу жоспарланған. Бірыңғай төлем жүйесі, Анықтамалықтар және классификаторлар, Емхана және Медициналық қызметтер сапасы сияқты 4 басымды жүйелерді әзірлеу 2013 жылы басталады.

Келесі жылы қалған ақпараттық жүйелер, сондай-ақ электрондық денсаулық төлқұжаты әзірленеді. 2015 жылдан бастап электрондық денсаулық сақтауды дамыту шеңберінде бейінді бағыттарға арналған ақпараттық жүйелерді әзірлеу мүмкіндігі қарастырылады. Сонымен қатар, электрондық денсаулық сақтаудың базалық стандарттарын әзірлеу қолға алынады. Ол денсаулық сақтау жүйесінің міндеттері мен проблемаларын шешуге бағытталған бірыңғай ақпараттық кеңістік қалыптастыруға мүмкіндік береді. Әсіресе, 2014 жылдан бастап еліміздің барлық өңірінде енгізілуі тиіс амбулаторлық-емханалық деңгейдегі қаржыландырудың жаңа жүйесін іске асыруда оның маңызы ерекше.

Әзірленген Тұжырымдамаға сәйкес, Бірыңғай ұлттық ақпараттық жүйенің науқастар мен медициналық қызметкерлердің мүдделерін ескеретін функционалдық құрылымы толықтай жаңартылатын болады.

Автор:
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі