Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

РЕСЕЙ ТАҒЫ БІР ЖАҢАЛЫҚ АШТЫ


26 апреля 2013, 10:21 | 1 656 просмотров



Солтүстік көршіміздің Еңбек Министрлігіндегілер тыныш отырмай, ендігі жерде кім де кім Зейнетақы қорына жарна аудармаса оған қылмыстық іс қозғамақ. Әзірге бұл жоба сөз жүзінде ғана ұсынылуда дегенмен, Министрліктегілер қаймана халық не дер екендеп «әліптің» артын бағып, қарап отырған жоқ. Ондағылар белсенді түрде Заң жобасын жасауға да кірісіп кеткен сыңайлы.

РФ вице-премьері Ольга ГОРОДЕЦТІҢ мәліметін тілге тиек етер болсақ, бюджеттен тыс қорларға (зейнеткерлік, медициналық және әлеуметтік) тиісті жарнасын аударудан жалтарып жүргендер саны 40 миллионнан асып жығылатын көрінеді. Бұл турасындағы деректерді «Российская газета» келтіруде.

Ресейдің жас кәсіпкерлері Ассоциациясы президиумының төрағасы Роман ТЕРЕХИН «Еңбек министрлігінің бұл «жаңалығы» таңқалдырады» деп есептейді. Өйткені, жарна сомасы салық жарнасымен теңестірілуі мүмкін. Оның пікірінше жарна төлемегендерге айыппұл салу экономикалық тұрғыда тиімді. Тек қылмыстық іс қозғалмаса екен. Мұндай шаралар шағын бизнесті құлдыратып қана қоймай, сонысымен сақтандыру қорларына түсуге тиіс жарна мөлшерін де азайтып жібермей ме деп қауіптенеді Р.Терехин мырза.

Естеріңізге сала кетейік, Ресейде 2010 жылғы қаңтардың 1-нен бастап алынып тасталған Бірыңғай әлеуметтік салықтың орнына сақтандыру жарнасы егізілген болатын. Бұл әлбетте, жарна аударушылар үшін тиімдірек еді. Енді жаңа заң жобасы жазылып, мақұлданып, сосын қабылданып жатса не болар екен деген қауіп де белең беріп отырған тәрізді.

Айтпақшы, шетелдер тәжірибесінің тиімді, тиімсіз жолдарын түбегейлі зерттеп бітпеген біздегі атқамінерлер бұл заңды да өздерінше жасап, енгізбесіне кім кепіл?

ТАҒЫ ДА ЕҢБЕКАҚЫ ЖАЙЛЫ ДАУ

Бізде емес. Көрші Ресейде. Өткен дүйсенбіде Денсаулық Министрлігінде еңбекақы турасында брифинг болып өтті. Онда аталмыш ведомствоның басшысы Вероника СКВОРЦОВА дау мәселесі бар екенін мойындай келе: «кейбір аймақтарда ағымдағы жыл басынан бері медицина қызметкерлерің өсуге тиіс еңбекақы керісінше төмендеп кеткен» деген ақпарат таратты.

Скворцова ханым бірнеше күн бұрын ғана ведемство тарапынан Удмуртия дәрігерлерінің арыздары бойынша қызметтік тексерулер аяқталғандығын мәлім етті. Нәтижесіне жүгінсек, удмуртиялық шенділер мен кейбір емхана мен аураханалардағы кадр бөліміндегілер білгенін жасапты – мыс. Медицина мекемелерінде дәрігерлер мен медбикелердің еңбекақысын есептеу жөніндегі нормативтік құжаттар болмаған. Жіберілген кемшіліктерді жою мамырдың 1-не дейін белгіленген. Министр сондай-ақ мұндай тексерістер елдің басқа да аймақтарында жүргізіледі деп хабарлады осы басқосуда. Қысқасы, ресейлік ақ халаттылардың еңбекақысы осы жылы 30 пайызға өседі.

ЕҢБЕК РЫНОГЫНДА НЕ ЖАҢАЛЫҚ?

Елімізде қаржыгерлер саны күрт өсіп кеткендігін сарапшылар банк жүйесінде жуырда болған қысқартулардан деп отыр. Естеріңізге сала кетейік, өткен ғасырдың 90-шы және осы ХХІ-ғасырдың басында мектеп бітіруші талапкерлер жаппай қаржы және заңгер мамандықтарын таңдады емес пе? Зерттеу жүргізгендер мұны есепке алды ме екен деген орынды сауал туындайды. Бірақ, алмаған сыңайлы.

Ендігі жерде жұмыссыздар санын елімізде оңтайланатын зейнеткерлік қорлары қызметкерлері толықтырады. Жалпы елімізде қаржы секторының ғана емес, басқа да сала мамандары табанынан тозып, жұмыс іздеп жүргенін жасыруға болмайды. Мұндай деректерді украиналық рекрутингтік агенттігінің директоры Елена ГРИЩУК келтіруде.

2012 жылдың күзінен бастап қазақстандық еңбек рыногында зерттеу жүргізіп келе жатқан аталмыш агенттік еліміздегі компаниялардың белсенді экономикалық өсу деңгейі есебінен жоғары санатты мамандар жетіспейді деген тұжырымдама жасауда. Бүгінгі таңда ауылшаруашылығында, тұтыну секторында, өндіруші өнеркәсіпте, ақпараттық технология және интернет, фармацевтика салаларына білікті білімді жас мамандар аса қажет. Бірыңғай экономикалық аумақ құрылғалы бері жақын және алыс шетелдерден мамандар тарту да күнделікті әдетке айналған. Елена Грищук осы тектес деректер қатарында, қазақстандық білікті мамандар Біріккен Араб Әмірлігі және Қытай мемлекеттерінде жұмыс жасайды деген ақпарат беруде. Оның сөзіне жүгінсек, еңбек рыногындағы сұранысты жұмыс берушілер реттейді. Қысқаша айтқанда керегін алады, керексізін далада қалдырады.

Қорыта келгенде, Грищук ханым отандық және шетелдік жоғары оқу орындарын тәмәмдаған жас мамандар жайы турасында тіс жармады. Өкінішті-ақ.

Автор:
Ырысбай КЕНЖЕБАЙҰЛЫ.