Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

БАЛА САНЫНЫҢ АРТУЫ – ЕҢБЕГІМІЗДІҢ ЖЕМІСІ


26 апреля 2013, 10:19 | 1 893 просмотра



Әйел – тұтастай ұлттың тәрбиешісі. Еліміздің демографиялық дүмпуі әйелдің денсаулығы мен оның тыныс-тіршілігіне тікелей байланысты десек, артық айтпаспыз. Баланы дүниеге әкелер тұста ана денсаулығын жан-жақты қадағалау да маңызды. Оңтүстік Қазақстан облыстық №4 перинатальдық орталығының мамандары періште-сәбидің дүниеге дені сау болып келуі үшін барын салып, аянбай еңбек етеді. Тіпті жалпы ел бойынша Оңтүстік Қазақстан облысының туу көрсеткіші жағынан алдыңғы қатарға табан тіреуі де аталмыш орталық мамандарының тыңғылықты қызметінің жемісі.

Оңтүстік Қазақстан облысында іңгәлаған сәбидің үні күн сайын естілетін шығар. Өйткені аймақта шарананың саны артып, демографиялық дүмпу орын алғаны қашан. Шыны керек, тіпті медициналық қызмет көрсету мекемелері үшін туу көрсеткішінің артуы қосымша жұмыс қосқаны жасырын емес. 2007 жылы облыста жаңа перинатальдық орталықтың қажет екені сезілді. Содан облыстық перинатальдық орталықтың құрылысы басталыпты. Шейх Халифа Бин Зайда Эль Нахайана атындағы қордан бөлінген 26 миллион АҚШ долларына 2011 жылы жаңа перинатальдық облыстық орталық ашылды. Елімізде балалар дәрігерінің, мықты акушер-гинекологтардың тапшылығын жиі сөз етеміз. Әйткенмен өз ісіне ыждағаттылықпен қарайтын дәрігерлер аз емес.

– 2011 жылы орталықтың бас дәрігері болып тағайындалдым. Басты міндетіміз – об-лыстағы туу көрсеткішінің сапасын арттыру болатын. Азғана уақыттың ішінде орталыққа сай¬дың тасындай мықты мамандарды тартып, білікті ұжым қалыптастырдық. Бүгінде орталы¬ғымызда 432 қызметкер еңбек етеді, оның 69-ы білікті дәрі¬герлер болса, 203 орта буынды медицина қызметкерлері. Мамандарымыз аяғы ауыр әйелдер мен денсаулығына қауіп төніп туылған сәбилерге барынша кәсіби көмек көрсетеді, – дейді орталықтың бас дәрігері Ләйлә Елеуханқызы. Расында, ашылғанына небәрі екі жыл болған медициналық мекеме заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтылған. Ләйлә Елеуханқызының ай¬туынша, жұмыс барысында халыққа сапалы һәм қауіпсіз әрі халықаралық талаптарға сай перинатальдық қызмет көрсетіледі.

Сапалы қызметтің нәтиже¬сінде Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша туу көрсеткіші жағынан №4 перинатальдық орталық көш бастап тұр. Себебі орталықта Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының нұсқауымен ғана қолданысқа енгізілетін акушерлік және неонатология¬ның озық технологиялары ар¬қылы сәбидің һәм ананың ден¬саулығы бақыланады. «Уақытынан бұрын туылған сәбилердің денсаулығы алаңдаушылық тудырады. Әйткенмен біз мұндай бүлдіршіндердің өмірін сақтап, денсаулығын жақсарту жолында аянбаймыз. Тіпті салмағы бар-жоғы 1000 грамм¬дық баланы да аман алып қалған жағдайлар болды. Жалпы, уақытынан бұрын туылғандарды 2 әдіс бойынша күтіп, денсау-лығын қадағалаймыз. Елімізде уақытынан бұрын туылып, салмағы аз болған сәбилерді сақтап қалу жолдары жан-жақты қолға алынып отыр. Мәселен, 2001 жылы неонатальды өлім көрсеткіші 8 пайызды құрады. Бұл дегеніңіз 1000 жаңадан туылған сәбидің 8-і шетінейді дегенді білдіреді. Жыл өткен сайын бұл көрсеткіш төмендеп келеді. Ағымдағы жылдың 3 айында уақытынан бұрын туы¬лып, салмағы төмен болған бала¬лардың көрсеткіші 1,4 пайызға тең болды. Яки үш айда тек

1 СӘБИ ШЕТІНЕГЕН. БАЛАНЫҢ САЛ¬МАҒЫ 650 ГРАММ ЕДІ» – ДЕЙДІ ЛӘЙЛӘ ЕЛЕУХАНҚЫЗЫ.

Ағымдағы жылдың ақпан айында Еуроодақтың халық¬аралық сарапшысы, доктор Патрик М.Найман Шымкентке арнайы іссапармен келген. Халықаралық дәрежедегі са¬рапшы

Оңтүстік Қазақстан облысындағы денсаулық сақтау шараларын түгелдей қарап, акушерлік қызмет пен балалар стационарын жоғары бағалаған. Патрик М.Найман мырза перинатальдық орталық қызметкер¬лерінің халықаралық стандарттарға сай қызмет атқаруын да ерекше бағалап, аймақтағы туу көрсеткішінің жоғарылығын да тілге тиек етті. «Ана мен баланы аман алып қалып, денсаулықтарын жақсарту – басты міндетіміз. Орталықтың негізгі мақсаты – ана өлімін болдырмау, перинатальдық өлімді азайтып, жоғары дәрежеде медициналық көмек көрсету. Сонымен қатар сапалы медициналық қызметтің әйелдерге қолжетімді болғанын қалаймыз. Орталықта бәсекеге барынша қабілетті, білікті де, білімді мамандардың қызмет еткені жалпы халыққа да тиімді емес пе? Халықтың медициналық көмекке риза болғаны біздің қызметімізге берілер ең жоғары баға деп есептеймін», – деді Ләйлә Елеуханқызы.

Ана мен бала өлімін азайту және жүкті әйелдерге жүйелі медициналық қызмет көрсету үшін Оңтүстік Қазақстан облысында №4 перинатальдық орталықтың негізінде жүйелі һәм реанимациялық көмек көрсетудің «ALSO» халықаралық курстары өткізілді. Сондай-ақ орталықта 2011 жылдың 10-ақпанында Оңтүстік Қазақстан облысының денсаулық сақтау басқармасы мен Литва мем¬лекетінің Каунас қаласының «Дағдарысты зерттеу орталығы» арасындағы өзара келісім-шарттың негізінде арнайы оқыту дәрістері де жүргізілген. Каунас университетінен дәріс оқу үшін 19 жоғары дәрежелі профес¬сорлар, ғылым докторлары, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сарапшылары келді. Оқыту дәрістерін өткізудің негізгі мақсаты – жүкті әйелдер мен жаңа туылған сәбилерге реанимациялық көмек көрсетудің қыр-сырын отандық дәрі¬герлерге үйрету. Орталықтың бас дәрігері Үкібаева Ләйлә Елеуханқызының айтуынша, мұнда тууға қабілетті әйелдердің барлығы да көмектен шет қалмайды. Мә¬селен, орталық 70 мыңнан астам әйелге қызмет көрсетіп отыр. №4 перинатальдық орталыққа жылына сегіз мыңға жуық шарана дүние есігін ашады. 2012 жылы 8256 сәби туылған. Жоғарыда атап өткеніміздей, ор¬талықта салмағы төмен сәбилерді де аман алып қалу үшін бар¬лық жағдай жасалады. Тіпті 500 грам¬дық сәбидің денсаулығы да жан-жақты қадағаланады.

Адамның ең басты байлығы мен бақыты – бала. Дүниеге сәби әкеліп, ана атану – кез келген арудың үкілеген арманы. Құрсағындағы баласының жүрек қағысын сезіп, күн сайын шаранасын әлдилеп отырған әйел – дүниедегі ең бақытты әйел шығар, сірә. Сәбидің денсаулығы мен басының амандығы ата-ана емес, жалпы қоғам үшін аса қажет. Себебі елдің ертеңгі еңсесін көтеретіндер де – дүние есігін ашқан кішкентай бүлдіршіндер.

– Бала мен ананың денсаулығын қадағалап, жаңа өмір иесінің дүние есігін ашуына сеп болу, біз, ақ халатты дәрігерлер үшін ең үлкен бақыт. Күн сайын шаранасын құшағына алған ананың шат-шадыман күлкісі мен қуанышын да, сәбиінің денсаулығына алаңдаған ана-ның мұңы мен көз жасын да көреміз. Мұның барлығын жүрек түкпірінен, көңіл керуенінен өткіземіз. Әрине, дүниеде баланың денсаулығын күту қиын. Сондықтан біз үшін ана мен баланың денінің сау, басының аман болғаны маңызды. Орталықтан сәбиін құшақтап шыққан бақытты ата-ананы көргенде – еңбегіміздің орасан зор екенін түсінемін, – деп аяқтады сөзін Ләйлә Елеуханқызы.

Автор:
Әйгерім БАҚЫТҚЫЗЫ