Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ҚАЗАҚ ҒАЛЫМЫНЫҢ ЖЕТІСТІГІН ҚЫТАЙ МЕДИЦИНАСЫ ПАЙДАЛАНУДА


20 апреля 2013, 21:51 | 1 750 просмотров



Шетел қазақтарының арасында, әсіресе Қытай елінде тұратын қандастарымыздың ортасынан шыққан үздік медицина мамандары жетерлік. Тіпті кейбіреуі бүкіл Қытайды таңғалдырып отыр. Солардың бірі – Жасарат Жәлелұлы.

Жасарат Жәлелұлы 1966 жылы 20 желтоқсанда Үрімжі қаласында туған. Әкесі Жәлел жас кезінде Үш аймақ төңкерісіне қатысып, ұлттық армияның үздік жауынгері атанса, шешесі Бәтима Қапышқызы да жоғары мектеп бітірген соң Үрімжі, Фукаң, Манас өңірлерінде мемлекеттік қызметте болған.

Жасарат 1985-1990 жылдар аралығында Шыңжаң медицина институтында білім алды. Кейін медицина университетінде ұзақ жыл қызмет жасап, медицина ғылымының докторы дәрежесіне дейін көтерілді. Қазір Шыңжаң автономиясының сүйек ауруларын зерттеу орталығында қозғалыс медицинасын зерттеу бөлімінің меңгерушісі міндетін атқарады. Сонымен бірге Шыңжаң дәстүрлі қазақ медицинасы қоғамының алқасы.

Ол ұзақ жыл шатыршалы өкше сүйекті жалғау әдісін зерттеп, айтулы нәтижелерге қол жеткізді. Бүгінгі таңда бұл жетістік қытай медицинасында кеңінен пайдаланылуда. Жәкең аталмыш тақырыпта 15 ғылыми мақала жариялаған. Оның ішінде «Factors influencing the tensile strength of repaired Achilles tendon A biomechanical experiment study» деген мақаласы халықаралық белді журнал SCI- да жарық көріпті.

Жасарат Жәлелұлы өз өнерін ұштай түсу үшін Бейжің қозғалыс медицинасын зерттеу орталығы Шанхай Хуашан емханасының сүйек бөлімі, Шанхай университеті биодинамикалық зерттеу орыны, Шанхай Фудан университеті биомедицина зерттеу орыны, Гуаңжоу Жұңшан университеті молекулалық биологияны зерттеу орыны сынды ғылыми-зерттеу орталықтарынан тәжірибеден өткен білікті ғалым. Ол 2009 жылы Шыңжаң медицина университетінің таңдаулы ғылыми қызметкері болып бағаланды; 2010 жылы Жұңхуа медицина қоғамының 12 кезекті сүйек аурулары ғылыми талқы мәжілісінде және 5 кезекті халықаралық COA ғылыми талқы жиналысында арнайы марапатқа ие болған.

Автор:
Біләл ҚУАНЫШ