Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Күдікті ойға күмәнді кеңес


7 января 2010, 21:11 | 1 693 просмотра



Заманымыздың жалғандығы ма, әлде адамзат баласының осы жалғанға көзқарасы өзгергені ме, қайдам, қит етсе, «не істеймін, енді не болады, алда не күтіп тұр?» деп бас сауғалай жауабы жоқ сауалдарға жауап іздеп жер табан болады.

Мына бір болған оқиғаға назар аударалықшы. Мүмкін бұған сіздер де өз ойларыңызды қосарсыздар.

Жақында құрбымның қызмет бабында әріптесімен болған кикілжің оқиғасын көз жасын көл-көсір етіп баяндағанда, ішім удай ашығанын, оған барынша ақыл-кеңесімді беруге тырысқаным есіме түсіп отыр.

Бой бермеді. Ашуы алқымынан алып, ішін кернеген кектен қызара бөртіп: «Ол мені қатты ренжітті, менің жеке өміріме араласты, өзінің қандай қызғаншақ, іштар екенін бірден байқатты. Осында келген кезде-ақ байқаған болатынмын онысын», - деп шыр-пыр етеді. Ақыр соңында құмалақшыға баратын боп шешіп, «оның ойындағы арам пиғылын білуді» жөн санап, мені де ерте кетті.

«Құмалақшы саған сонда не айтады? Не күтесің одан?» деп мен де қарсылық білдірдім. Алайда, оның мегзеп алған бағытынан адастыру мүмкін емес екенін байқағаннан кейін келісуге тура келді.

Аласалау жертөлеге түс ауа жеттік. Келгенімізді бірден байқаған үй иесі, өзге ұлт өкілі болып шықты. Орыс кемпірінің жанары сұсты екен. Тұздай көк көзін қадап қарағанда, алғашында бойымды үрей билеп әкетті. Құрбым ның білегіне ұзақ қарады, содан кейін бәсеңдеу дауыспен ол жайында бірнеше дәлелді ой айтуға тырысып бақты. Жас қыз көңіліндегісін тапқандай, екі көзі жаутаңдап қарап отыр.

«Жігітіңмен ұрысып қалғансың, жолдастарыңмен де жиі ұрысып тұрасың» деп күбірлеп отыр еді, құрбым мақұлдай кетті, жұмыста да дұрыс тіл табыса алмай жүргенін жасырмады.

Кемпір қыздың қос алақанын ашты да, басын шайқай бастады. «Міне, - деді ол, - мәселенің себебі неде, сенің басыңды айналдырып алған. Жаныңдағы қызметтес қыз. «Черная магия» араласқан мұнда», - деп қорытты. Екі көзі шарасынан шыға жаздап отырған құрбым, маған қарап: «Айттым ғой саған, бұл бекер емес. Мен білгенмін, одан мұндай сұмдық шығады, точно», - деп сыбырлады.

Бұл жертөлеге құрбым осыдан кейін тағы бір-екі апта келіп жүрді. Істің немен аяқталары белгісіз, алайда, әріптесін көрген сайын оған жиіркенішпен қарайды. Тіпті, сыртынан лақап ат қойып та алған. Өмірінде болған барлық қиыншылықтарды, кедергі

лерді «соның салдары» деп таниды. «Өмір жолына бөгет салған» ол әріптесімен мен де танысқан едім. Алайда, көптен бергі көз алдыма елестеткен «сиқыршы» ондай болып шықпады. Қарапайым қазақтың «қара бұрымдысы». Құрбымның қалай адасып жүргенін енді түсінгендеймін.

Өмір – толассыз қиындық пен кедергілерге толы. Сол асу-асу белестерді беліңді бекем буып өзің өтпесең, сен үшін ешкім жанталаспайды. Оның әрбір сынағынан адал өтіп, өзіңе түйіршіктей тәжірибе жинамаудың орнына, «менің жолымды бөгейтін арам пиғылдар бар екен, соның себебінен мен оны шеше алмаймын» деп оңай жеңілсең, келесіде тырысудың да қажеті жоқ емес пе?

Осы күнге дейін көкейімде сан мың рет қойылған сауалдарымның ішінде «не себепті адам баласы шешілмейтін мәселе туғанда емшілерге, құмалақшыларға барады екен? Сен іздеген өмірлік жар құмалағын күнкөріс етіп жүрген күмәнді жандардың сілтеуімен саған келе қалмайды. Саған ауыр сөз айтып, жаныңа батыра шындықты айтып, сыныңды санамалаған пенденің барлығы «тағдырыңа бөгет салушылар» емес.

Әлде, бұл қиыншылықтан қашудың ең жеңіл тәсілі ме?!

Кей жайсаң жандар өне бойындағы осы бір алалықты алпауыт күшпен басып, орнын қорғасындай сабырмен толтыруға тырысып бағады.

Өмір өзі-ақ жауабын күнделікті беруде. Болашақ – бүгінгі күннен басталады, оны болжатқаннан бұлжымас өмір заңдылығын өзгерте алмаймыз.