Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

«ДӘРІГЕРЛЕРДІҢ БІЛІКТІЛІГІН АРТТЫРУ ИНСТИТУТЫ СИЯҚТЫ»


14 апреля 2013, 09:37 | 2 372 просмотра



Бүгінгі қазақ қоғамын сынға алатындар жетерлік. Білімге, тәрбиеге, мәдениетке көңілі толмайтындар тым көбейіп кетті. Сөзбен сынауға дайындар кейде сол кемшіліктерді өздері түзетуге асықпайды-ау. «Ел ағасыз, тон жағасыз болмайды» деген сөз бар. Қазақ қашанда үлкенді сыйлап, ел ағаларының сөзіне құлақ асқан. Қазақтың даналығы да, даралығы осында. Адам қалай ел ағасы атанады? Елдің ішінде еңбек етіп, көпті көріп, өмірлік үлкен тәжірибе жинайды. Жыл өткен сайын қария даналығы дариядай болады. Ақыл, парасат, даналық –ел ағасының қаиеттері. Егеубек Даданбекұлы Далбағаев – Жетісу жерінің беделді ақсақалы, ұстаз, қоғам және мәдениет қайраткері. Егеубек ақсақал секcеннен асса да қоғамның тыныс-тіршілігінен үнемі хабардар. Оның айтары бар, үйретері мол. Ол айтып қана қоймай, сөзін іске асыруды үйренген ел ағасы. Қадірлі ақсақалмен сұхбатымыз бүгінгі тәрбие, медицинадағы мәдениет және қоғамдағы діни тәлімнің орны төңірегінде болды.

Далбағаев Егеубек Даданбекұлы 1931 жылы Ақсу ауданы, Кеңқарын ауылында дүниеге келген. Абай атындағы Алматы педагогикалық институтын бітіріп, еңбек жолын 1953 жылы Қаратал ауданының Тастөбе ауылында мұғалім болудан бастайды. Одан кейін аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, білім бөлімінің бастығы, аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметтерін атқарады. Көксу аудандық және Талдықорған облыстық партия комитеттерінің ұйымдастыру бөлімдерінің меңгерушісі болады. Егеубек Даданбекұлы облыстық мәдениет басқармасының бастығы болған жылдары ел игілігіне арналған көптеген жақсы істерді ұйымдастырды. Облыс аудандарында көптеген мәдениет үйлері, клубтар, кітапханалар жаңадан пайдалануға берілді. Жетісу өлкесінің музыкалық мұрасының өркендеуіне де көп еңбек сіңірді. Зейнет демалысына шыққаннан кейін де қоғамға пайдалы іс жасаудан жалыққан емес. 1992 жылдан 2013 жылдың қаңтар айына дейін 21 жыл бойы Талдықорған қаласы, Алматы облысының ардагерлер кеңесін басқарған.

Бүгінде облыстық ардагерлер ұйымының «Құрметті төрағасы». Егеубек қария «Құрмет белгісі», «Қызыл Ту» және тәуелсіз Қазақстанның «Құрмет» ордендерінің иегері, ТМД елдері Халықаралық ардагерлер кеңесінің Құрмет белгісі иегері КСРО мәдениет қызметкері, халық ағарту жүйесінің үздігі, Алматы облысының, Талдықорған қаласының және өзі туып-өскен Ақсу ауданының «Құрметті азаматы». Егеубек ақсақал облысымызға беделді қарияларымыздың бірі. Қоғамдық жұмыстардағы көп жылдық еңбегін ескеріп Далбағаев Егеубек Даданбекұлына Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу Мемлекеттік Универитетінің «Құрметті профессоры» атағы берілді. Қазір қария кезінде өзінің бастамасымен ұйымдастырылған Ілияс Жансүгіров мұражайын басқарып отыр. Мұражайдың табалдырығын аттағаннан-ақ Егеубек қарияның білімділігі мен көрегенділігіне қайран қалдық. Жасы 82 болғанымен, әлі күнге еліне қызмет етуді өмірлік мақсат тұтып, қоғамға үн қосудан шет қалмағандығын аңғардық.

Автор:
Мәдине ОМАРБАЙ