Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

БІР ЖАСҚА ДЕЙІНГІ БАЛАЛАРДЫҢ ТАМАҚТАНУ ТҮРЛЕРІ: ТАБИҒИ, АРАЛАС, ҚОЛДАН ТАМАҚТАНДЫРУ


15 марта 2013, 14:43 | 32 914 просмотров


• Табиғи тамақтану туралы түсінік, ана мен баланың денсаулығына әсері.

• Кеудеге салу мерзімі.

• Ана сүті мен уыздың құрамы.

• Жасанды тамақтандыру, аралас тамақтандыру туралы түсінік.

• Баланы аралас және жасанды тамақтандыруға ауыстырудың себептері.

• үстеме, қосымша тамақтарға мінездеме, маңызы.

Ас қорыту мүшелеріне ауыз қуысы, өңеш, асқазан, ащы және тоқ ішек, бауыр жатады. Жаңа туған балаларда олардың өзіндік ерекшеліктері бар.Тілі жалпақ, қысқа, шайнау қызметін атқаратын бұлшық еттері жақсы дамыған, екі ұртында майлы кесектер бар, қызыл иектері жұмыр, еріндерінде көлденең сызықтар бар. Бұл ерекшеліктердің барлығы баланың емшекті жақсы қамтуына, ауыз ішінде вакуум тудырып емшектен сүтті сорып алуғға жақсы жағдай жасайды. Ауыздың сілекейлі қабығында қан тамырлары көп, олар өте нәзік, жарақаттанғыш келеді, сондықтан кішкене балаларда ауыздың уылуы, ойылуы жиі кездеседі. Сілекейлі қабығы құрғақ келеді, өйткені сілекей бездері 4-5 айдан бастап қана жұмыс істейді. Осы кезде баланың сілекейі шұбырып, көкірегі су болып қалады, сондықтан балаға кішкене алжапқыш таққан жөн және балаға тамақ беретін ыдыс, күтушінің қолы, күтім бұйымдары өте таза болуы керек.

Асқазанның көлемі кішкентай 30-35 мл, өңештің асқазанға түсетін жері жабылмай ұдайы ашық тұрады, сондықтан бала жиі құсып қояды. Бала көп құспауы үшін оған тамақтың көлемін оның жасына сәйкес беру керек, тамақтандырғаннан кейін көп қозғап, массаж және гимнастика жасамау керек.

Асқазан сөлінің қышқылы, ферменттері аз, сондықтан жаңа туған балаға ең жақсы тамақ-емшек сүті. Асқазан сөлінің күші балаға суық тамақ бергенде, бала ауырғанда, тамақты мөлшерден көп бергенде онан да төмендейді.

Ішегінің ұзындығы үлкен адамдардікімен салыстырғанда едәуір ұзын, жүйке жүйесі жетілмеген, сондақтан жас баланың іші жиі кеуіп кетеді.

Ішектің шырышты қабатында қан тамырлары көп, сондықтан сәл ас қорыту бұзылса уыттар денеге тез жайылады.

Бауыр аз мөлшерде және әлсіз өт шығарады, сондықтан 3 жасқа дейін балаға майлы, қышқыл, тұзды тамақ беруге болмайды.

Жаңа туған баланың ішегі стерильді, таза, бірақ бірнеше сағаттан кейін әртүрлі микробтар енеді. Ішектің микрофлорасы баланың тамақтануына байланысты. Егер бала емшек сүтімен қоректенсе оның ішінде бифидумбактериялары пайда болады. Олар тамақты ашытып қорытады, сондықтан баланың дәреті сары, ашытқы иісті, қоймалжың, сөткесіне 4-5 рет болады. Ал егер бала қолдан тамақтандырылса оның ішегінде ішек таяқшалары болады. Олар тамақты шірітіп қорытады, сондықтан бұл балалардың дәреті ақшыл-сары, шірік иісті, сөткесіне 1-2 рет болады.

1 жасқа дейінгі балаларды тамақтандыру түрлері

Тамақпен организм қажетті заттар мен өсуге керекті пластикалық материалдарды қабылдайды. Баланы рациональды тамақтандыру оның дұрыс дене құрылысын, психикалық дамуын, ауруларға жақсы қалыптасуын қамтамасыз етеді.

1 жасқа дейінгі балаларды тамақтандырудың 3 түрі бар: табиғи, аралас және қолдан тамақтандыру.

Табиғи тамақтандыру дегеніміз-5 айға дейін баланы тек анасының сүтімен қоректендіріп, оған 1 айында шырындар, 5 айында қосымша тамақ беру.

Табиғи тамақтандырудың келесі артықшылықтары бар:

1. Ана сүтінің химиялық құрамы жақсы:

а/ Ана сүтіндегі ақуыздар альбуминдер және глобулиндер, олар ұйығанда өте майда сүзбе береді, оны қорыту оңай, ал сиыр сүтінде казеин, сүзбесі ірі болады.

б/ Ана сүтінің майлары қанықпаған май қышқылдарынан тұрады, олар жұмсақ майлар. Ал сиыр сүтінде қаныққан майлар, қатты, қорыту қиын.

в/ Қанттары-бетта лактоза, бифидум бактериясының өсуіне себепкер болады. Сиыр сүтіндегі лактоза-ішек таяқшасын өсіреді.

г/ Минеральды тұздардың құрамы-оптимальды.

д/ Ана сүтінің құрамында А,Д,Е,С витаминдері бар. Сиыр сүтін қайнатқанда олар бұзылып кетеді.

2. Ананың сүті таза.

3. Әр-дайым жылы.

4. Ана сүтінде гармондар мен имунды денелер бар.

5. Эмоциональдық фактор-кіндік кесілгеннен кейін бала мен ана арасындағы байланыс емшектің сүті арқылы сақталады.

Босанғаннан кейін бірінші күндері емшектен уыз шығады. Ол қою кілегей сарғыш сұйық зат. Уызда ақуыздар сүтпен салыстырғанда 4 есе, тұздар 2 есе көп, витаминдер, имундық денелер де көп. Уыздың құрамы баланың тканьдеріне жақын, сондықтан қорытылмай-ақ сіңеді. 4-5 күннен өтпелі сүт, екінші аптадан бастап сүт шығады.

Аралас тамақтандыру

Егер бала салмағын мөлшерінен аз қосса, емізу аралығында мазасыз болса, бақылау өлшеуін өткізген кезде емшектен сорып алған сүті оның жасына қажетті мөлшерден аз болса баланы аралас тамақтандыруға аударып үстеме тамақ ретінде сүт қоспалары беріледі.

Сүт қоспалары бейімделген және бейімделмеген қоспалар болып бөлінеді. Бейімделген қоспалардың құрамы «ана сүтіне ұқсас». Оларға «Малютка», «Малыш», «Детолакт», «Витолакт» т.б.жатады. Бейімделмеген қоспалар қарапайым және қышқыл болып бөлінеді. Қарапайым қоспаларға сиырдың сүті, «Крепыш», «Здоровье», ал қышқыл қоспаларға-айран, биолакт, «Балдырған» жатады.

Үстеме тамақты беру ережелері

1. Бала емшек еміп болғаннан кейін беріледі, оның мөлшері баланың емшектен еміп алған сүтінің көлеміне байланысты.

2. Үстеме тамақты 37-380С-қа дейін жылыту керек.

3. Қасықпен берген жөн, ал шөлмекпен берілсе, емізіктің тесігі кішкене болуы керек.

Қолдан тамақтандыру

Егер ЖТБ-ның анасының сүті мүлдем жоқ болса, немесе баланы емізуге болмайтын болса, баланы сүт қоспасымен қоректендіреді.

Аралас және қолдан тамақтандырылатын балалар бейімделген сүт қоспасын алса, оларға шырындар, қосымша тамақ уақтында беріледі. Ал егер бейімделмеген қоспамен қоректендірілсе-шырындар, жұмыртқаның сарысы, қосымша тамақтар 2-3 апта ерте беріледі.

Автор:
Қ.ҚЫДЫРБАЕВА, фельдшері Қызылту ауылдық амбулаториясының, Ақсу ауданы.