Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

АЗАМАТТЫ ЕСКЕАЛУ...


15 марта 2013, 14:33 | 1 157 просмотров



Сыныптай сырғып өтіп жатқан уақыт – ай десеңізші !? ...Күні кеше ғана бір Алланың жазуымен аяқ астынан ортамызды ойсыратып, бұл фәни дүниеден келместің кемесіне мініп, бақилыққа аттанған аптал азамат, бір жанұяның ұйытқысы , білікті дәрігеріміз Ақжол Әбдірахман Айсаұлының өмірден өткеніне 40 күн де толып қалды ...

Ардақты азамат, аяулы әріптесіміз Алматы облысы , Көксу ауданы, Еңбекші ауылдық округінің тұрғындардың денсаулық күзетінде 30 жыл бойы қалтқысыз дәрігерлік қызметін атқарды. Өзі игерген « Емдеу ісі мамандығының терапия саласы бойынша жұмыс істеді. Бірақ Әбдірахман Айсаұлы ауылда әрі терапевт, әрі педиатр, кардиолог және т.б. жетіспеген маман – кадрлардың міндеттерін санаспай, қажымай, талмай бір өзі ғана сөзсіз атқара беретін бесаспап маман болатын . Ауыл халқының арасында беделді аға, кішіпейіл іні, мейірбан дәрігер, абзал азамат, адал дос, жақсы көрші, отбасында ата –анасына сүйкімді ұл, аға- қарындастарына қымбатты бауыр , жұбайына адал жар, балалары мен немерелеріне ардақты әке , сүйікті ата, дәрігерлік амбулатория ұжымы арасында білікті маман, тәлімгер, ұстаз, ақылшы ретінде танылып, халық денсаулығын қорғау саласында тапжылмай қызмет атқарды.

Орталық аурухана дәрігерлері арасында адамгершілік қасиеттерді биік ту етіп ұстайтын Азамат, Дәрігер, Білікті маман ретінде өзін көрсетті. Еңбек жолында кәсіби қызметінен басқа қоғамдық өмірге белсене араласты. Жыл сайын өткізіліп отыратын жазғы және қысқы спартакиадалар, айлықтар, қараулар (смотры), жарыстар, форумдарға белсене араласып, қайнаған ортасында жүретін.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы, аудан әкімдігі , аурухана басшылығы тарапынан берілген марапаттары санаусыз. Халық арасында бедел мен рахметке ие болды. Арқалағаны ана мен баланың, қарттар мен жастардың алғысы ғана болды. 60 жасқа 2012 жылдың тамызында ғана толған бұл жалған дүниеде әлі де бергенінен берері көп орда бұзар азаматтың о дүниелік сапарға аяқ асты аттанып кеткені көңілімізге қаяу түсіріп, жүрегімізді сыздатады.

Аяулы да ардақты Әбдірахман Айсаұлын сағынышпен еске ала отырып, артында қалған жұбайы Күләш пен балаларына, немерелеріне , туыс – ағайындарына аман –саулық, береке , сабырлылық тілейміз! Әбдірахман әріптесіміздің жарқын бейнесін ұмытпаймыз, есімізде мәңгілік сақталады....

Автор:
ШЖҚ «Көксу ауданының орталық ауруханасы» МКК ұжымы.