Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

СОФИ ЛОРЕННІҢ АҚЫЛ – КЕҢЕСІ


24 декабря 2009, 21:52 | 2 224 просмотра



Әйел ретінде негізгі қам-қарекетіміздің бірі – бет-әлпетіміздің балғын күйінде сақталуы ғой. Расында, бет теріміздің нәзік әрі жібектей есіліп тұруы үшін біз әртүрлі иіс майлар мен өзге де әдістер пайдаланамыз. Бұл бәлкім табиғи да шығар. Алайда, кейде біздің осынымыз әрқашанда бетімізден нұр төгіліп тұрса екен деген бөстекі үміттен туған әурешілік-ау деп те ойлаймыз. Өзіміз айта қаларлықтай жас болмаған соң, бет-әлпетіміз. Қашанғы жасаңғырап тұрмақшы... Бұл жайға менің көзқарасымша, шындық тұрғысынан келген жөн: бет-пішін - мінездің айнасы екендігін ұмытпағайсыз. Жас кезіңізде әлі мінезіңіз қалыптасқан жоқ, сондықтан да ол кезде біздің бет-әлпетімізде табиғат сыйға тартқан уылжыған мөлдірліктен өзге ештеңе де болмайтын. Уақыт озған сайын біз өзіміздің бет-бейнемізге жауаптырақ боламыз. Іш пысу, әлдебір нәрсеге қанағаттанбау, көңіл қошының болмауы, ашу-ызаның бәрі бірдей біздің бет-пішінімізден көрініп тұрады. Бұл ерекшеліктер барған сайын өшпестей болып таңбалана бермекші. Алайда, беттен иманжүзділікті, сабырлылықты, әзілкештікті, өзгені түсінушілікті де оқуға болады. Мұның өзі оған тамаша әр береді. Сондықтан да әр сағат сайын санап, оған ұнжырғаңыз түспесін. Одан гөрі ісіңіздің оңға басуы үшін не істей алатындығыңызды, қолыңыздан не келетіндігін ойластырыңыз.

Айна алдында отырған әйелдің қай-қайсысы болса да суретші бола алады. Ал сурет өнері болса, жұрт білетіндей, қашанда табиғаттың түбегейлі бітірмегендерін жеріне жеткізбек, Сіз суретші тәрізді, әрбір бет-пішінді бір-бірін қайталамас шығарма деп есептеуге міндеттісіз. Егер сіз әлдеқандай бір еліктеп жүрген адамыңызға ұқсағыңыз келіп, өзіңізді өзгертуге әрекеттенсеңіз, сіздің қателікке ұрынғандығыңыз. Сізге көзі түскен адамның қай-қайсысы да өзгеге ұқсамайтындығыңыздан ғана қуанышты ләззәт алатындай өзіндік бейнеңізді жасауыңыз керек.

Өзіңіздің бет-пішініңіздің келіспей тұрған жақтары туралы ойланыңыз, бірақ одан арыладыекенмін деп арамтер болмағайсыз. Мұрныңыздың төменгі тұсына түсірген күңгірт бояуыңыз оны сопақша етпейді. Қасыңызға жаққан қара бояу да көзіңізді үлкейтпейді. Өйтіп шала бүлінгеннен гөрі осы бір өзіндік ерекшелікті табиғат сыйға тартқан әдемі әшекей деп қабылдауға тырысқайсыз. Мерил Скриптің мұрыны оның бетіне қашан да салқын шырай беріп, жүзін суықтау етіп тұрады. Оған көзің түссе болғаны, бұл әйелге мұқалмас жігер мен көрбез асқақтық тән екендігін бірден түсіне қоясың.

Тағы да былай ойлаймын, неліктен сіз өз ұғымыңыз бойынша сұлулықтың талаптарына сай келмейтін сырт пошымыңыздың ерекшеліктерімен келісе кетуге тиіссіз. Жоқ, сіз оған көніп қана қоймаңыз, оны сүйіңіз, өйткені бет-пішініңіздің сіз риза болмай жүрген кейбір штрихтары ойламаған жерден модаға айналып кетуі ғажап емес қой.

Мәселен, бір кезде кішкентай мұрын модаға еніп, гүрлеп тұрған. Грейс Гелли мен Одри Хепперннің пісте мұрындары үлгі болушы еді. Соған еліктеген кейбір фильм жасаушылар менің мұрнымды да «қысқартуға» талаптанған. Алайда, уақыт өзгерді. Қазір үлкен мұрын да жерде қалған жоқ. Мерил Стрип, Барбара Стрейзанд және басқа да қолақпандай, тіпті ұзын мұрынды әйелдердің талайы-ақ сұлу болып есептеледі.

Қаламмен сызылғандай жұп-жұқа, қиғаш қастың заманы сіздің есіңіз де ме? Көптеген әйелдер модаға енген сондай қас жасап алу үшін өздерінің қалың қастарын отап тастаған болатын. Өкінішке орай, кейін солардың көбісі-ақ, тым жақсы қастарымыздан бекер-ақ айырылып қалған екенбіз деп опық жеп жүрді. Бұдан қандай сабақ алуға болады? Егер сіз өзіңіздің ерік-даралығыңыздың құнын бағалай білер болсаңыз, өзгелер де түптің түбінде сізбен келісуге мәжбүр болары ақиқат. Табиғат сыйлаған сұлулыққа не жетсін, шіркін!

Автор:
Бетті әзірлеген Тау ШҰБАР