Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ХАЛЫҚҚА ОНКОЛОГИЯЛЫҚ КӨМЕК КӨРСЕТУДІҢ ҚАЗІРГІ ЖАҒДАЙЫ


1 февраля 2013, 17:50 | 1 817 просмотров


Қазақстан Республикасында онкологиялық көмекті дамытудың 2012-16 жылдарға арналған бағдарламасы Қазақстан Республикасы Президентінің 2012 жылғы 30-шы қаңтардағы №261 Жарлығымен «Қазақстан дамуының басты бағыты- әлеуметтік-экономиканы жаңғырту» атты Елбасы жолдауын іске асыру мақсатында бекітілген.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) деректерінде жүрек-қан тамырлық және онкологиялық аурулардан өлім-жітім Еуропалық өңірде 71%-ға жеткен. 2020 жылға дейін қатерлі ісіктен ауыру және өлім-жітім 1,5-2 есеге өсуі мүмкін екендігін болжап отыр. Ал Қазақстанда обырдан өлім 2-ші орында тұр. Жыл сайын шамамен 17000 адам, оның ішінде 42% еңбекке қабілетті жаста қайтыс болады.

Республикада 2011 жылы сүт безі обыры (рагі) бірінші орында, өкпе обыры- екінші орында, терідегі обыр-үшінші орында болса, тура осындай көрсеткішті Алматы облысы да, біздің Талғар ауданы да көрсетті. Ауданның 2012 жылғы көрсеткішінде сүт безі обыры 36 әйелден анықталса (14,6%), өкпе обыры 26 адамнан (10,6%), асқазан обыры-21(8,5), жатыр мойны обыры-18 (7,3%), тоқ және тік ішек 14(5,7%), теріде 14(5,7% ), қалқанша без обыры 10 адамнан (4,5%) анықталды.

Аудан бойынша 1 жас пен 14 жас аралығында 10 бала есепте тұрса, облыста 142 бала, Республика бойынша 1289 бала осы обыр ауруымен тіркелген. Олардың негізгі диагноздары:

Лимфа без түйіндерінің, қан өндіретін сүйектегі жұмсақ кеміктің, орталық нерв, қатты сүйек және жұмсақ тіндер жүйесінің қатерлі ісіктері.

Ал қатерлі ісік ауруының клиникасына тоқталатын болсақ, ісік пайда болғаннан уақыттан бастап үнсіз, білінбей дамиды, өсіп- өрбуі 4 сатыдан тұрады. Алғашқы 1-2ші сатысында анықталса, дер кезі немесе емделудің «сәттілік сатысы» болып табылады. Емделген науқас айығып кете алады. Сондықтан ерте анықтаудың жолдары бар ма, ол қандай? Ол үшін не істеу керек? деген сауалдардың жауабы біреу- ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде, яғни әр адам жылына бір немесе екі рет өзін өзі толық тексерістен өткізіп тұрса болғаны.

Қазақстандағы ең көп кездесетін көзге көрінетін орындағы сүт безі, жатыр мойны, тік ішек обырларына мемлекет тарапынан 2008 жылдан бастап, Саламатты Қазақстан бағдарламасына сай белгілі жас аралығындағы адамдарға скрининг тәсілімен тексеру енгізілген. Сүт безінің обырын анықтауға УЗИ және маммография аппараты, жатыр мойны обырын-онкоцитология, кольпоскоп аппараты, тоқ және тік ішек обырын-гемокульттест, ректоскоп, колонофиброскоп арқылы анықтайды. Аурудың рак екенін биопсия, яғни гистологиялық тексеріс қана айта алады.

Қыркүйектің 3-7 аралығында ТМД елдері онкологтары мен радиологтарының 7-ші сьезіне Астана қаласына барып қайтқан едім. Қазақстан халқының денсаулық саласын дамыту- бүгінгі күннің басты міндеті. Онкологиялық аурулардың алдын алу арқылы халқымыздың өмір сүру деңгейін ұзарта аламыз. Қатерлі ісікті ерте кезінен анықтауға бағытталған скринингтік бағдарламаны орындау, инновациялық технологиялар енгізу, кадрлық потенциялды дамыту жетістігіміздің басты кепілі болып табылады деген еді өз сөзінде министр Қайырбекова Салидат Зикенқызы. Бұл ауру кешегі күнде үрей туғызса, бүгінгі күнде толық жазылуға болатын, үрейді сейілтетін ауру болуға тиіс деді Дариға Назарбаева. Инновациялық жаңалықтың бірі Оңтүстік Корея елінде көптеген операциялар робот көмегімен жасалады екен. АҚШ-та протон сәулесін емдеу мақсатында еркін қолданады. Еуропа мен ТМД елдерінің мамандары таргенттік дәрілердің ісік ауруларын емдеудегі жетістіктері туралы көп айтты. Алматы Аймақтық Онкодиспансердің басқаруымен аудандарда, оның ішінде бізде де 2012 жылдың наурыз айынан бастап гормонды-таргенттік дәрілермен науқастарды амбулаториялық жолмен емдеуді қолға алған едік. Жетістігіміз жаман емес. Сүт безі обырымен ауыратын 50 әйел, аталық без обырының соңғы сатысындағы метастаз берген 4 науқас, созылмалы миелолейкоздан бір әйел, бүйрек обырымен ауыратын 2 науқас дәріні ұдайы үзбей ішудің арқасында дәл қазір жағдайлары жақсарды, сау адамдар қатарында өздерін жақсы сезінеді. Өйткені бұл дәрілер өте қымбат, сырттың дәрілері. Аурулар оны ақысыз алуда.

Мұндай жетістікті мемлекетіміздің, Елбасымыздың халқымызға деген қамқорлығы деп қана түсінеміз.

Автор:
А.Е.ЕРАСЫЛОВА, Талғар ауданының онколог дәрігері.