24 января 2013, 19:33 | 1 617 просмотров
McDonald's мейрамханалар желісінің басшылығы Детройттағы мұсылмандар қауымдастығының мүшелеріне 700 мың доллар төлейтін болды. Бұл жайында Lenta.ru хабарлап отыр.
Аса ірі компания әлдебір тағамды мұсылмандар ережесіне сай әзірленген деп, жалған жарнама жасағаны үшін айыпталып отыр. Осыған байланысты 2011 жылдың қыркүйек айында Мичиган штатындағы Дирборн-Хайтс қаласының Ахмет есімді тұрғыны тиісті орындарға шағым түсіреді. Оның айтуынша, ол McDonald's мейрамханаларының бірінен тауық етінен жасалған гамбургер сатып алады. Көп ұзамай оның халал өнімнен дайындалмағанын анықтайды.
Muslim.kz сайтының жазуынша, шағым түсірушінің қорғаушысы мәлімдегендей, АҚШ-та халал тағамы әзірленетін McDonald's-тың бір филиалы ғана бар. Сондай-ақ, халал өнімдері таусылғанда олардың орнына әдеттегі ингредиенттерді пайдаланатынына көз жеткізген. Ахмет шағымның шартына сәйкес айыппұл ретінде өндіріп алған ақшасын осы мейрамхана ашылған сәттен бастап, оның тағамын тұтынған барлық тұрғындарға үлестіріп беретінін айтты. Бұл мүмкін болмағандықтан, қаражат Детройттағы медициналық емхананың, АҚШ-тағы Араб ұлттық мұражайының және қорғаушылардың керек-жарағы мен қажеттіліктеріне жұмсалатын болды.