Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ТАЯУ АРАДА АЗАМАТТАРДЫ ЕМДЕУГЕ ШЕТЕЛГЕ ЖІБЕРУ ҚАЖЕТТІЛІГІ БОЛМАЙДЫ


24 января 2013, 19:31 | 1 679 просмотров



Денсаулық сақтау саласымен адам баласы өмірге келген сәттен бастап тікелей байланысты екені мәлім. Біреулер дерті бойынша ауруханаларға барып жатса, кейбіреулері ағымдағы міндетті медициналық тексерулер тұрғысында аталған мекеменің босағасын жылына кем дегенде бір мәрте болса да аттайтыны белгілі. Осы орайда денсаулық сақтау жүйесіндегі кейбір көрсеткіштердің бір жылдағы қорытындысы мен донорлық оталар бойынша мәліметтерді ұсынуды жөн көрдік. Атап айтқанда, бүгін Астанада өткен брифингте ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ерік Байжүнісов бір жылдың ішінде еліміздегі стационарлар арқылы 2 млн. 700 мыңнан астам адам ем қабылдайтынын, күн сайын стационарда 7 мың 540 адам ем алатынын тілге тиек етті.

Оның сөзіне қарағанда, жыл сайын ауруханаларда 713 мыңнан астам ауруға ота жасалады екен. «Бұл - бір жылда жасалатын оталар. Күн сайын біздің стационарларда 1 850 ота жасалады. Яғни, аптаның демалыс және мереке күндеріне қарамастан операциялар өткізіледі»,-деді Е. Байжүнісов. Бұдан бөлек, жыл сайын перзентханаларда 277 мыңнан астам әйел босанады. Ал әр күн сайын орташа есеппен алғанда перзентханаларда 1 мың 35 әйел нәрестелерін өмірге әкеледі. Сонымен қатар бір жылда еліміздің халқы жедел-жәрдем көлігін 6 млн. 175 мың мәрте шақырады. Атап айтқанда, күн сайын жедел-жәрдем көлігі 16 мың 900 рет шақырылады екен. Бұл денсаулық сақтау жүйесінде атқарылатын ауқымды жұмыстардың бір парасы. «Бір жылда біздің емханаларда 110 млн. 989 рет, яғни күн сайын 417 мың 880 адам қаралады. Сондықтан халықтың осындай елеулі бөлігіне медициналық көмек көрсете отырып, біз медициналық мемлекеттік орган ретінде бір мезетте барлық проблеманы шеше алмаймыз», -дейді вице-министр.

Осы орайда ол екі жыл бұрын Денсаулық сақтау министрлігі жүйеде қордаланған мәселелерді шешу тұрғысында қоғамдық ұйымдарды белсенді тарту бойынша нақты айқындалған бағыт-бағдарға жол бастағанын атап өтті. Адамның денсаулығының 50 пайызы оның салауатты өмір салтына қатысты. Денсаулық сақтау жүйесіне тек 10 пайызы ғана тиесілі. Е. Байжүнісовтің пайымдауынша, сондықтан да барлық проблеманы тек денсаулық сақтау жүйесі арқылы шешу мүмкін емес. «3-4 жыл бұрын біз шетелде ем қабылдау үшін азаматтарды 20-дан астам ауру түрі бойынша жіберген болатынбыз. Себебі, бізде тиісті клиникалар мен аппаратуралар, қажетті мамандар болмады. Бұл мәселе министрлік тарапынан ерекше бақылауға алынып, осы орайда бүгінде біз шетелге тек 8 ауру түрі бойынша жіберудеміз», - деді вице-министр. Яғни, енді аталған ем-домның бірқатарын Қазақстанда жасау жолға қойылып отыр. Белгілі болғандай, бүгінгі таңда еліміз бойынша шетелдерге емдеуге жіберу кезегінде 161 науқас тұр, олардың ішінде 133 адам, яғни тізімдегілердің 86,6%-ы органдарды транспланттауды қажет етеді.

Е. Байжүнісовтың сөзінше, елімізде мүшелік донор мәселесі түбегейлі шешілмеген көрінеді. «Бұл тұрғыда тиісті жұмыстар жүріп жатыр. Қоғамдық кеңес барысында біз қоғамдық ұйымдарды тарту арқылы әр адамға орган донорлығы көптеген науқастардың өмір сүруінің жалғыз жолы екенін қалай жеткізу керек екенін талқыладық. Өз еркімен донор болу бағытын дамытпасақ, бұл проблеманы түбегейлі шешу мүмкін болмайды», - дейді ол. Осы орайда ерекше атап өтетін жайт, науқастарды органдар мен тіндерді транспланттауға жіберу қаржыға емес, қажетті донордың табылуына байланысты. Ондай донорды іздеуге әдетте 6 айдан 2-3 жылға дейін уақыт кетеді екен.

«Меніңше, таяуда азаматтарды емдеуге шетелге жіберу қажеттілігі болмайды. Себебі, біз барша науқастарды елімізде емдейтін деңгейге жетеміз», - дейді вице-министр. Аталған ведомствоның статистикалық мәліметтеріне тоқталатын болсақ, Қазақстанда 2012 жылы науқастарды шетелдерге емдеуге жіберуге бюджеттен 678,5 млн. теңге қаражат бөлініп, 55 науқас, оның ішінде 34 бала (61%) емделді. Солардың ішінде органдар мен тіндерді транспланттауға 30 адам, оның ішінде 24 науқас кемік майын, 4 науқас бүйрегін, 3 науқас бауырын транспланттауға жіберілді. Қалған 25 адам онкологиялық, кардиохирургиялық және нейрохирургиялық және өзге де ауру түрлері бойынша емдеуге бағытталды.

Ал 2013 жылы азаматтарды шетелдерде емдеуге бюджеттен 1 млрд. теңгеге жуық қаражат қарастырылып отырған көрінеді. Оның айтуынша, отандық медицинаны дамыту бұрындары шетелдерге жіберіліп келген ауру түрлерін қысқартуға мүмкіндік берді. Тиісінше, қазіргі заманғы технологияларды енгізу арқылы көптеген күрделі оталар Қазақстанда жасалуда.

Мәселен, 2012 жылы шетелдерге жіберілуі тиіс болған 99 науқас отандық клиникаларда емделіп шықты. Олардың ішінде 50 бүйрек трансплантациясы, 1 жүрек транплантациясы, ересектерге 22 кемік майы транплантациясы, балаларға 8 кемік майы транплантациясы атқарылды. Сондай-ақ, шетелдік мамандарды шақыра отырып, 12 балаға Қазақстанда операция жасалды. Күрделі оталардың қатарында 2012 жылы А.Н. Сызғанов атындағы ұлттық хирургия ғылыми орталығында жапондық әріптестермен бірлесіп 5 бауыр трансплантацияланды. Егер бұрындары науқастар кардиохирургиялық операциялар жасату үшін шетелдерге бағытталып келсе, бүгінгі таңда елімізде ашық жүрекке 1500-ден астам операция жасалды, оның 87-сі бірегей саналады.

Кардиохирургия бойынша біз 10 үздік елдің қатарына еніп отырғанымызға тоқталған вице-министр, «Біз қазір бірде бір жүрек патологиясы бойынша шетелге жебермейміз, барлығын мемлекеттің ішінде жасаймыз. Ал бұл кезегінде кезінде шетелге баратын емделушілердің басым бөлігін құрайтын еді», - деп атап өтті Е. Байжүнісов. Оның пайымдауынша, 2-3 жылдан кейін ТМД елдерінен науқастарды кеңінен қабылдауға толық мүмкіндік бар. Бұл тұрғыда Қазақстанда барлық мүмкіндіктер бар.

Автор:
Руслан ҒАББАСОВ.