Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

АУРУДЫҢ АЛДЫН АЛУДА ДҰРЫС ТАМАҚТАНУДЫҢ ӘСЕРІ ЗОР


24 января 2013, 19:30 | 3 023 просмотра



Сәлім БЕРКІНБАЕВ, Кардиология және ішкі аурулар ғылыми зерттеу институтының директоры

Жүрек-қан тамыр аурулары қазіргі кезде елімізде өзекті мәселенің біріне айналып отыр. Жыл сайын жүздеген адам осы аурудан көз жұмады. Соңғы кезде жүрек талмасы ауруы отызға дейінгі жастардың арасында да жиі кездеседі. Демек, бұл сырқат жас мемлекетіміздің келешегі үшін қауіпті екені өзінен өзі белгілі.

???? ?????, Олай болса, «жүрек-қан тамырлары ауруының алдын қалай алуға болады, күтінудің жолдары қандай, жалпы бұл дерттің негізі қайда жатыр?» деген сауалдарға орай Алматы қаласы Денсаулық сақтау министрлігінің Кардиология және ішкі аурулар ғылыми зерттеу институтының директоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор Сәлім Фахатұлы Беркінбаев мырзаны әңгімеге тартқан едік.

– Соңғы уақытта жүрек-қан тамырлары ауруына жастардың да ұшырайтыны жиі айтылып жүр. Ал мұның қалай алдын алуға болады, ол үшін не істеу қажет?

– Әдетте жүрек-қан тамыр ауруларының себебі атеросклероз болып табылады, ол көптеген жылдар бойы ақырындап дамиды және әдетте алғашқы симптомдарының пайда болу сәтінде соңғы стадияларда кездеседі. Өлім, миокард инфарктысы және инсульт көбіне кенеттен пайда болады, сол себепті көптеген емдік әрекеттер жеткілікті әсер бермейді.

Жүрек-қан тамыр аурулары көп ретте адамның өмір сүру жағдайына және қауіптің өзгермелі факторларына – шылым шегу, дене қимылының аз болуы, салмақтың артуы, артериалдық гипертонияның болуы, қандағы холестериннің және қанттың жоғары деңгейіне қатысты орын алады. Қауіптің өзгермелі факторларын азайту аурудың және өлімнің едәуір төмендеуіне алып келеді, бұл әсіресе, жүрек-қан тамыр аурулары айқындалған немесе айқындалмаған емделушілерге қатысты екендігі сөзсіз.

– Сонда мұның алдын алу үшін ең алдымен қандай шараларды жүзеге асыру қажет?

– Шылым шекпеу, пайдалы ем-дәмді сақтау, дене қимылының белсенділігін арттыру, артериялық қан қысымының қалыпты деңгейін сақтау. Қан қысымы сынап бағанасы бойынша 130\85 мм аралығында болуы керек. Кейінгі талап бойынша 140/90 мм-лік өлшем сақталуға тиіс. Қан қысымының жоғары деңгейі 140-тан асқанда емдеу шараларын қолға алу қажет. Бұл аурудың белгісі бар дегенді білдіреді.

Аурудың алдын алуда дұрыс тамақтанудың әсері зор. Тұзы мол, майы көп тағамдарды тұтынбаған абзал. Етті көп жеудің де зияны бар. Ол адам ағзасындағы холестеринді көбейтеді. Қандағы жалпы холестериннің қалыпты деңгейі 5 ммоль/л-дан төмен болуы керек.

Жүрек ауруымен ауыратын адамдар қантты да көп тұтынбауы керек деп ойлаймын. Мұның аяғы диабет ауруына ұшыратады. Денсаулығы мықты адамның бойындағы қант мөлшері 5ммоль/л – дан аспауы тиіс.

– Ал темекі шегу...

–Темекі шегу адам ағзасына зиян, оның ішінде жүрек ауруларын болдырады және қоздырады. Бұл ғылымда жан-жақты дәлелденген. Бір ғана мысал айтайын, жыл сайын елімізде 7 мыңға тарта адам темекі шегудің салдарынан дүниеден өтеді.

Қазақта «Ас – адамның арқауы» деген даналық сөз бар. Бірақ сол астың өзін қажетіне қарай, сырқатына және жас ерекшелігіне қарай мөлшерлеп жеу керек. Менің кеңесім көкөніс пен жеміс, қара нан, майы аз сүт өнімдерін, балық және майсыз етті тұтынған дұрыс. Сонымен қатар теңіз майшабағының пайдасы да зор. Олардың бойында адам ағзаларын қорғайтын қа¬сиеттер мол. Майды тұтыну мөлшері тағам калориялығының 30 пайызынан, ал қаныққан майларды тұтыну майлардың жалпы санынан 1/3 аспауы тиіс.

– Жүрегі ауыратын адамдарға дене тәрбиесімен шұғылданудың зияны жоқ па?

– Спорттың жеңіл түрлерімен шұғылданған дұрыс. Өне бойы жүгіре бермей, гимнастикамен айналысқан жөн. Жалпы, қимыл мен қозғалыс қандай ауру үшін де пайдалы. Аптасына кем дегенде 4–5 рет 30 минуттан дене қимылын жасау керек. Спорт жүрек аурулары үшін ғана емес асқазан, ішек, адамның тағы да басқа ішкі ауруларының бәріне де ем. Біздің институт жүрек-қан тамырларымен қатар ішкі ауруларды да емдеумен айналы¬сады.

– Ми қан айналымы бұзылуының ең көп таралған түрі артериялық гипертония екені мәлім. Мұның соңы инсультқа әкеліп соғатынын дәрігерлер айтып жүр...

– Артериялық гипертониямен ауыратындарда жүректің ишемиялық ауруларының барлық клиникалық түрлері, оның ішінде стенокардия, миокард инфарктісі мен кенеттен қаза болу қаупі жоғарылайды, сонымен бірге қауіптің артуы артериялық гипертонияның ауырлығымен пропорционалды болады. Бұл АҚҚ мен ЖИА-ның жоғарылауы арасындағы себепті-салдарлы байланыстың барын дәлелдейді. Қысым көтерілуіне қарсы тиімді терапия артериялық гипертониямен ауыратындардың ми қан айналымының бұзылуы дамуының алдын алады. Айта кететін жағдай, антигипертензивті терапия АҚҚ-ың мөлшерден тыс төмендеуіне әсер етіп, ми ишемиясының, мысалы, ишемиялық инсульттің жедел фазасының дамуына әкеліп соқтырады немесе оны қоздырады. Осыған байланысты антигипертензивті дәрі-дәрмектердің мидың қан айналымына созылмалы және жіті тиімділік әсерін ескеру маңызды. Бір жағынан, атеротромботикалық (әсіресе ишемиялық) инсульттің даму факторлары, екінші жағынан геморрагиялық инсульт (миға қан құйылу) пен субарахноидальды қан құйылуда белгілі бір айырмашылықтар бар. Инсульттың барлық түрлерінің даму қаупі артериялық гипертензия, темекі шегу мен ішімдікке салыну салдарынан болуы мүмкін. ЖИА дамуына қарағанда, АГ-ның инсульт дамуымен байланысы тығыз. Инсульттің абсолютті қатері жас шамасы¬на қарай дамиды, дегенмен инсульттың дистоликалық АҚҚ деңгейінен тәуелділігі жасы үлкен топтардағы аурулармен салыстырғанда 45-ке дейiнгi адамдарда тығыз болады.

– Сіздіңше, инсульттың алдын алуда артериялық қан қысымын бақылау маңызды болғаны ғой?

– Әрине, инсульттың алдын алуда артериялық қан қысымын бақылау аса қажет. Инсульттың жиілігін төмендетуге популяциялы және жоғары қауіп тобындағы алдын алу стратегиялық маңызды болып табылады. Болжамы қатерлі болатын екінші профилактика – қайталанба инсульттердің алдын алу кезінде АҚҚ қадағалау әсіресе, маңызды. Аурудың қауіпі жоғары топтарда, мысалы, басталып келе жатқан атеросклероз кездерінде қауіптің негізгі факторларын (АГ, ЖИА, қант диабеті, холестерин және салмақтың артуы, алкогольді шамадан тыс қолдану) қадағалау қажет. Қан қысымын бақылауды жүзеге асырып қана қоймай, оны төмендетудің де жолдарын қарастыру керек. Ол үшін ми тамырларындағы ішкі айналымды тұрақтандыратын дәрі-дәрмекті таңдай білген дұрыс. Артериялық қан қысымының жоғарылауы мен ми тамырының қабырғасындағы өзгерістер (аневризмдер, тамыр қабырғасында үлкен атеросклеротикалық түйіндақтың зақымдануы) геморрагиялық инсульттың орын алуына себепші болады.

– Қан диабетінің алдын алу қалай жүргізіледі?

– Алдымен дене салмағын қалыпты жағдайда сақтау керек. Артық тамақ ішпей, спортпен шұғылдану, жасы қырықтан асқандарға жылына кем дегенде екі рет қандағы глюкозаның деңгейін тексерту, шылым шегу мен ішімдікті пайдаланудан арылу сияқты шараларды жүзеге асырған адам бұл аурудың алдын алады.

– Сәлім Фахатұлы, Сіз басқарып отыр¬ған Ғылыми зерттеу институты рес¬публикадағы жетекші медициналық ұйым екені белгілі. Енді институтта емдеу шараларымен айналысатын бөлім жайында айта кетсеңіз. Мұнда бiр мезгiлде қанша адамға ем қабылдауға мүмкіндік бар?

– Институтта 240 төсекке арналған жеті клиникалық, алты төсекке арналған күндізгі стационар мен төрт клиникалық бөлімшелер жұмыс істейді. Кардиологиялық, ревматологиялық, эндокринологиялық, гастроэнтерологиялық, аллергологиялық салалар бойынша стационарлық және амбулаториялық ем жасалынады. Сонымен қатар электрокардиостимуляторларды имплантациялау, стенттеумен және онсыз коронарография жасау, радиожиілікті абляция сияқты кардиологиялық емдеу шаралары да жүзеге асырылады.

– Дәрігерлер құрамы жайлы айта кетсеңіз? Институтта көп жылдардан бері еңбек етіп жүрген білікті мамандар мол шығар.

– Бізде дәрігерлік кеңесті жетекші профессорлар мен медицина ғылымдарының докторлары береді. Олар ғылым мен тәжірибені ұштастырып жүрген абзал жандар. Ал емдеу жұмысы Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен және дәлелді медицинаның принциптері мен халықаралық стандарттарға сәйкес медициналық экономикалық хаттамаларға негізделген. Бұл орайда медицина ғылымдарының докторы, профессор Елдос Әбдіқалықұлы, медицина ғылымының кандидаты, жоғары санаттағы дәрігер Индира Ибрагимова, тағы да басқа дәрігерлердің ерен еңбектері мақтауға тұрарлық.

– Ал ғылыми зерттеу институтында кез келген адам емделе ала ма?

– Бізде емдеу жұмыстары квота бойынша жүзеге асырылады. Сондықтан Денсаулық сақтау министрінің 30.12.2009 ж.№881 бұйрығымен бекітілген «Клиникаға стационарлық емделуге жолдау» 020\у формасын алған науқастарға тегін медициналық көмек кепілдігі берілген.

Республика аймақтарынан госпитализация порталына (ГПП) шығарылған науқастарды тиісті бөлімшелерге жатқызу белгіленеді. Бұл жұмыс облыстық, Алматы қалалық және республика аймақтарының қалалық денсаулық сақтау департаменттерінің бас мамандарының жолдамалары бойынша жүзеге асырылады. Яғни жоғарыдағы айтқан департаменттердің квоталары арқылы емделеді. Емделуге жіберілген науқастың он күн ішінде жарамды болып табылатын медициналық тексеруден өткендігі жөніндегі анықтама қағазы, жоспарлы емделуге бекітілген құжаттары өздерімен бірге болуы керек.

– Институтта жоғарыда айтылған бөлімдер бойынша ақылы қызмет көрсету шаралары да жүзеге асырыла ма?

– Ақылы медициналық қызмет көрсетудің негізі 2006 жылдан бастап қаланды. Институт жанынан «Ғылыми кеңес беру диагностикалық орталығы» құрылды. Орталық қызметінің мақсаты – жүрек-қан тамыры ауруларымен және ішкі ағза мен эндокриндік жүйелер ауруларымен сырқаттанатын республика тұрғындарына шаруашылық есеп негізінде ғылыми кеңес беру, диогностикалық медициналық қызмет көрсету. Ақылы медициналық қызмет республика азаматтарына, шетелдіктерге және азаматтығы жоқ тұлғаларға мекен-жайына қарамастан көрсетіледі. Қызмет бағасы қолданыста бар заңнамаға сәйкес жүргізіледі. Сонымен қатар осы орталық жұмысқа және оқуға түсу үшін азаматтарды медициналық тексеруден де өткізеді.

– Сәлім Фахатұлы, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа Жолдауында еліміздегі медициналық қызметтің жай-күйі, алдағы атқарылатын шаралары кеңінен сөз болды. Әсіресе, жүрек-қан тамырлары ауру¬ла¬рының алдын алу жан-жақты айтылды. Осы орайда не айтар едіңіз?

– Иә, медициналық қызметке мемлекет тарапынан үнемі қамқорлық жасалынып келеді. Жолдауда айтылған міндеттер мен мақсаттар – Қазақстан медицинасына сенімнің, қамқорлықтың тағы да бір белгісі. Елбасының тапсырмасын жүзеге асыру үшін барлық мүмкіндікті пайдаланамыз. Өйткені медициналық қызметтің жақсаруы – халық денсаулығының жақсаруы деген сөз. Біздің саламызда да біршама оңды өзгерістер жүзеге асырылып отыр. Бұрнағы жылы жүрек-қан тамырлары ауруынан көз жұмғандар әр мың адамға шаққанда 504 адамнан келген болса, өткен жылы бұл көрсеткіш 309 адамға, яғни 41 пайызға төмендеді. Бұл дерек алдағы уақытта да төмен болуы үшін бар күш-жігерімізді саламыз.

– Сұхбатыңызға рахмет.

Ауру жүрек ақырын соғады жай,

Өз дертін тығып ішке, білдіре алмай,

Кейде ыстық тағы да қан басады,

Кейде бір сәт тыншығар үн шығармай.

Абай.

Автор:
Әңгімелескен Берік БЕЙСЕНҰЛЫ.