Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

НАУҚАС КӨП, ОРЫН ЖОҚ!


24 января 2013, 19:27 | 2 568 просмотров



МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕ

Дүниежүзілік Денсаулық сақтау Ұйымының мәліметі бойынша жыл сайын әлемде 10 миллионнан астам адам инсульт және инфаркт салдарынан өмірден өтеді. Ал инсульттан көз жұматындар жүрек ақаулары және онкологиялық аурулардан кейінгі 3 орында. Дүниежүзінде соңғы жылдары бұл дертке шалдығатындар саны күрт көбейіп кетті.

Қазақстанда ми қанайналымының бұзылуы 1000 адамға шаққанда 2,5-4 науқасты құрайды. Ал, бұл әлемдегі ең үлкен көрсеткіштер қатарына жатқызылады. Инсульттің бірнеше рет «соғуы» адамды ажалға жетелегеннен бұрын, оларды сөйлеу, көру, қимыл қозғалыстан айырып, мүгедек етеді. Аталмыш ауруға бірінші рет ұшыраған адамдардың 20 % ғана кейін өз қалпына келе алса, 80%-ы өмір бойы мүгедек болып қалады. Науқастардың 18-27%-ы сөйлеу қабілетіндегі өзгерістеге тап болса,ал депрессияға ұшырайтындар 30-68%-ды көрсетеді. 40-70% когнитивті өзгеріске ұшыраса, 48-80%-ы ауру орындарының сыздауынан зардап шегеді. 6-7% постинсультты эпилепсияға ұшырайды. Әрине, қорқынышты салдар, бірақ бұл шындық! Бүгінгі күні осындай қатерлі аурудың дендеуіне кім кінәлі? Бұған жауап беру қиын. Бірінші кезекте экология, адамның салауатты өмір салтын ұстанбау, тұрмыстық фактор, айта бересе көп. Бұл жердегі үлкен мәселе дерттің дендеп бара жатқаны.

Осы мәселе төңірегінде біздің редақциямызға оқырмандар хабарласқан еді. Хабарласқандар қарапайым халық. Талдықорған қаласы Алматы облыстық ауруханасы неврология бөлімінің емделушілері. Науқастардың жан айқайы өздері ем алып жатқан бөлім туралы еді. Біріншіден, 55 адамға арналған неврология бөлімінде науқастар саны тым көп, орын жоқ. Яғни қолайлы жағдай жоқ. Екіншіден, аурулардың көптігінен дәрігерлер жетіспейді, ал емдеп жүрген дәрігерлердің барлық науқасқа бірдей көңіл бөлуге уақыты да, мүмкіндігі де жетпейді.

НАУҚАСТАР НАЗЫ

Нүсіпова Еңлік, 65 жаста зейнеткер :

«Мен осы ауруханаға 10 қаңтарда түнде түстім. Қан қысымым 250-ге жетіп, жедел жәрдем әкелді. Талдықорған қаласындағы осы неврология бөлімінде біздей ауруларды жақсы емдейді. Менің ем алып жатқаныма 6-күн болды. Мен осы бөлімге түскен кезде науқастардың көптігінен тіпті корридорда бос орын болған жоқ. Төрт кісілік палатаға 5-төсек қойып мені жатқызды. Бір палатада адамның көптігінен, медбикелердің система қоюға, укол салуға мүмкіндіктері болмады. Аурулар бірінің үстінде бірі жатты. Соған қарамай мына бөлімнің медициналық қызметкерлері күтім жасап, жанымызды аман алып қалып, көзіміз ашылды. Дәрігерлер маман ретінде өте жақсы, білікті. Жұмыс жасағылары келеді, қолдарынан бәрі келеді. Осы мамандарға жұмыс жасайтын мүмкіндік беру керек. Басқа аймақтарда ашып жатқан емдеу орталықтарын бізде де ашу керек. Қазір осы қан-тамыр аурулары, нерв аурулары өте көп. Инфаркт, инсульттан қанша адам мүгедек болып қалды. Қазақтың халқы үшін, Алматы облысының халқы үшін қолында билігі бар азаматтар осы мәселеге көңіл бөлуі тиіс. Менің ойым осындай».

Ойын қорытындылап үлгермеген науқастың сөзін келесі емделушілер жалғастырып кетті.

Кужба Азалия Наиловна, емделуші, Талдықорған қаласының тұрғыны:

«Таких больных, как мы, здесь очень много, и в городе и в области. А это отделение ведь не резиновое, они ведь не могут всю область только в этом отделении лечит. В одной палате по 8, по 10 человек лежат. Один лежит стонет, у другого судорога сводит. Третий тяжело больной, ему покой нужен, но этого нет. Я сама уже семь лет знаю этот медперсонал. Ничего плохого про них не скажу. Они стараются, они день и ночь тут, и ночуют, и ухаживают».

Кочеткова Галина Федоровна, емделуші, Талдықорған қаласының тұрғыны:

«Врачи хорошие, внимательные, спасибо им большое. Но больных очень много, врачи не успевают. Поступил тяжелый больной, тебя бросают, его лечат, потом еще один тяжелый больной поступает. Очень много тяжелых больных и из-за этого врачи не могут уделить должного внимания. Мест нет, в тесноте. В коридоре даже лежали люди. И тяжело больные лежат, и нервные больные лежат кричат. Врачи рады бы помочь. Конечно, они хорошо лечат, они стараются. Должного внимания нет, просто потому, что они не успевают.».

Ал біздің редакциямызға тікелей хабарласқан оқырманымыздың да айтар назы болды.

Мұхаметкәрім Рахимов, емделуші :

«Әрбір адам қоғамның кірпіші іспеттес. Халықтың денсаулығы –мемлекеттің байлығы. Қазір неге инсульт ауруы көбейіп кетті? Осы мәселеге тоқталу керек, оның алдын алу керек. Мен өзім дәрігер емеспін, бірақ инсульт алған адамның жағдайы қандай болатынын білемін. Бүгін бар болса, ертең жоқ, өліп кетеді. Сондықтан, үкімет неврологияға көңіл бөлу керек. Бүгін көңіл бөлмесе, ертең елдің барлығы неврологиялық ауру болып кетеді. Бізді қойшы, жасарымызды жасап алдық, елу-алпыстан асып ауруға шалдықтың. Қазір жастар көп. Міне, осы бөлімшенің ішінде қанша жас жігіттер жүр. Инсульт қазір жасты да аямайды. Сондықтан, мен бүкіл науқастар атынан, бөлек неврология бөлімін ашу керек деп айтып отырмын. Ол бөлімді тек дәрі-дәрмекпен толықтырып қана қоймай, білікті мамандарды көбейтіп, дәрігерлерге жағдай жасау керек. Әйтпесе, мына жалғыз дәрігер қыздарымыз кімге жетеді? Онсызда бұл дәрігерлер күні-түні жұмыс істейді».

Қайрат Мурадилов, Үштөбеден ауыр халде келіп түскен науқас:

Бөлімшеде адам өте көп, аурулар корридорда жатады. Мен өзім 5 адамдық палатада сегізінші болып жатырмын. Дәрігерлер шапқылап, қолдан келетінін барлығын істеп жатыр. Бірақ сонда да адамдар күн сайын көбейіп жатыр. Кеше түнде ауыр халдегі 5 науқас адам түсті. Мен геморрагический инсультпен түстім. Бір аяқ- қолым істемейтін. Қазір құдайға тәуба, қалпыма келіп қалдым. Бірақ мен сияқты науқастар өте көп.

Неврология бөлімінде жатқан науқастар бір ауыздан дәрігер мамандарға жағдай жасау керек деп айтты. Біліктілігі жоғары мамандар, көмегін аямайды, инсульт алып, жүруге жарамаған науқастарды да аяғына тұрғызды деп ағынан жарылып, ақ халатты мамандарға алғысын білдіріп жатты. Бірақ, бір ғана бөлімше аздық ететінін жасырмады. Неврология бөлімнің дәрігерлеріне де, медицина қызметкерлеріне, науқастарға да жағдай жасалмаған. Инсульт алған науқастар өте көп, барлығын қарап үлгермейді. Нерв жүйесі ауыратын науқас инсульт алған аурумен бірге жатса, емделу қиынға соғатынын да, бірақ амалдың жоқтығын айтты. Науқастар тым көп, бірге жатқызуға тура келеді. Бұл дәрігерлердің осы мәселе жайындағы қойып отырған «диагнозы» .

ДӘРІГЕРЛЕР «ДИАГНОЗЫ»

Салтанат Жексембекқызы Мықтыбаева, неврология бөлімінің меңгерушісі:

-«Инсультпен түскен науқас бірінші 3 тәулік реанимацияда жату керек. Алайда біздің облыстық аурухананың реанимациясында 6 орын бар. Реанимацияға хирургиялық науқастар, инсультпен түсетіндер, жол-көлік апаттарынан кейінгі, травматикалық науқастар көп түседі. Реанимацияда орын болмағанда ессіз, есін білмейтін коматоздық күйдегі науқастарды палатада емдеуге тура келеді. Ортақ палатада біреуі есін білмейтіндер болса, екіншісі инсультпен, ал үшіншілері белінен жүре алмайтындар. Бұл науқастарға моральді жағынан өте қиын. Психологиялық дискомфорт әкеледі. Сау жатқан адамның өзіне ауыр халдегі науқасты көру қиын тиеді, ал ауру адам одан әрі ауырып кетеді. Сондықтан неврология бөлімін ұлғайтып екіге бөлу керек. Біріншісінде инсульт, кризбен жататын ауруларды, екіншісінде түрлі-түрлі неврологиялық ауруларға шалдыққандарды жатқызу керек. Қазір ауруларға өте қиын, кейде 3-4 науқас дәлізде жатады. Бір күнде біздің бөлімшеге 7-8 адам түседі. 12 қаңтарда бір түнде 7 науқас түсті. Маған маман ретінде, бөлім меңгерушісі ретінде науқастардың бетіне қарауға ұят. Бүгін тағы науқастар түседі, оларды жатқызатын орын жоқ, тек дәлізге жатқызуға тура келеді. Орын босатып, біреуді шығаруға дәтім де, ұятым да бармайды. Себебі, бәрі ауыр науқастар. Инсультпен тускен науқастарды ешқашан бетін қайтармаймыз, емдейміз. Біздің неврология бөлімі үшін портал міне,үшінші жыл болды жұмыс істемейді. Себебі, бөлімшемізде орын жоқ, ешқашан бос орын болмайды. 2012 жылы біздің бөлімшеде 2045 адам емделіп шықты, 1725 адам мидың қан тамырларының бұзылуына ұшыраған науқастар».

Қайырбек Ерсайынұлы Нұрғалиев, ішкі аудит төрағасы, дәрігер-невропатолог:

«Жалпы бізде нейро-инсультті орталық болу керек. Орталықтың ішінде нейрохирургиясы бар, томографиясы бар бүтін бір емдеу кешені . Ол бір күнде пайда болатын дүние емес, оған уақыт қажет. Бізге әзірше үлкен орталық емес, нейро-сосудистый бөлімше болса екен. Өзінің штатымен, 6 орынға арналған интенсивный терапия палатасымен. Содан неврология деген бөлек бөлім болу керек. Қазір инсульт көбейіп кетті дейміз, инсульттан да басқа нерв жүйесінің аурулары дендеп келеді. Мен Павлодарда болдым, ол жердегі неврология қызметін біздікімен салыстыруға келмейді. Павлодар №1 Қалалық ауруханада неврология 40 орын, №2 қалалық ауруханада 40 орын, Теміржол ауруханасында 30 орын, облыстық ауруханасында 40 орын, №1 қалалық ауруханада 60 орындық нейро-сосудистый бөлім, Сонда бір қалада неврологияға 200-ге жуық орын бар. Ал бізде бүкіл қала және облысқа осы бір 55 орындық бөлімше».

Инсульт дертінің көбеюі немесе нерв жүйесі ауруларының асқынуы дәрігерлердің кінәсі емес. Ақ халаттылардың қолынан келетіні – сол науқастарды емдеу, аяғына тұрғызу, оларға орын дайындау. Алайда үлкен проблема –сол емделетін орынның жоқтығында. Мамандар пікірінше де жағдай қиын. Неврология бөліміндегі жағдайды жақсы білетін мамандардың өзі ауруханада 2 неврология бөлімі қажет деп отыр. Бір кішкентай бөлімшеге сондай көп науқасты емдеу қиынға түсетіні сөзсіз. Екі бөлім болса дәрігерлерге де жақсы, медбикелердің де еңбегі жеңілдейтін еді. Оның үстіне нерв жүйесі аурулары мен инсультқа шалдығатындар ішінен жастар да көбейіп баратынын дәрігерлер тілге тиек етті. Егер бұрын инсультке шалдыққандар 60-жастан асқандар болса, қазір инсультпен түсетіндердің орта жасы 40-45-тың шамасында. Неврологиялық аурулардың тым көбейіп, әрі дерттің жасарып бара жатқаны Облыстық аурухананың басшылығын алаңдатып отыр.

Мейрамгүл Базылжанқызы Сакенова, Алматы облыстық ауруханасы директордың емдеу ісі жөніндегі орынбасары:

- Талдықорған қаласы және облыс үшін бір бөлімше аз. Себебі, неврология бөліміне науқастар қаладан, облыстың барлық аудандарынан келеді. Порталды енгізгелі бері, бөлімшеге порталды жауып отырамыз. Жоспарлы түсетін науқастарға орын болмайды. Себебі, жедел жәрдеммен күнделікті түсетін науқастар саны 9-10 адам. Ми қан тамырларының жедел бұзылуы, бұл патология тым көбейіп кетті. Оның үстіне бұл патология жасарып келе жатыр. Жас науқастар көп түседі. Міне, осы себептерден неврология бөлімшесінде орын жоқ, тіпті науқастар дәлізде жататын кездер де болады. Науқастардың наразылығы да, көтеріп отырған шағымы да орынды деп ойлаймын. Бұл үлкен проблеманы шешудің жолы –неврология бөлімін екіге бөлу деп ойлаймын. Осы мәселе шешілмей келе жатыр, жуық арада шешілсе жақсы болар еді.

Мұрат Көмекұлы Рахметов, Талдықорған қаласы Алматы облыстық ауруханасының директоры:

«Бүгінгі күні неврология бөлімінде емделіп жатқан науқастар саны 65-ке дейін жетті. Күннен-күнге аурулардың саны көбейіп жатыр. Неврология бөлімінің проблемасын Облыстық денсаулық сақтау басқармасының алдына қойып отырмыз, тез арада шешілсе өте жақсы болар еді. Менің өзіме күніне 3-4 адам наразылығын айтып келеді. Бірақ та бұл мәселе Облыстық аурухананың көлемінің тарлығына байланысты шешімі табылмай отыр. Негізінде неврологияның жуық арада 2 бөлімшеге бөлінуін құптаймын».

ҚОРЫТЫНДЫ

Талдықорған қаласының халық саны 130 797 адам , ал жалпы Алматы облысындағы халық саны - 1 692 951.

«Айтылған сөз –атылған оқ» -дейді қазақ. Бұл көтеріліп отырған мәселенің тез арада шешілгені жөн. Себебі, халық саны 130 797 адамды құрайтын Талдықорған қаласының өзіне 55 орынға есептелген неврология бөлімі аздық етеді. Бұл нерв жүйесінің ауруларының дендеп бара жатқанын есепке алмағанның өзінде. Оның үстіне Алматы облысы тұрғындары да осы ауруханаға түседі. Осы мәселені көтеріп отырған науқастардың жан айқайы өздері үшін, халық үшін болып отыр. Өз оқырмандарымыздың сөзіне мән бермей өте алмадық. Мән жайды бізбен бөліскен науқастардың дені инсульт алғандар. Олар: «Біз –мүгедекпіз, біздің бар қалағанымыз неврология бөлімін кеңейтсе екен деген тілек. Ауру айтып келмейді, бұл дертке кез-келген адам шалдығуы мүмкін. Есің барда мүгедек атану –азап. Ешкімнің басына жазбасын.

Құрметті Облыстық денсаулық сақтау басқармасы неврология бөліміндегі мәселені шешуіңізді сұраймыз!» -бұл науқастар назы.

Автор:
Мәдина ОМАРҚҰЛОВА.