Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Еңселі ерлеріміздің жағдайы жайлы...


24 января 2013, 19:20 | 1 670 просмотров



Бүгінгі күннің басты, көкейтесті мәселесінің бірі – ана мен баланың жағдайын жақсарту болса, сол баланың өмірге келуіне басты себепкер - әкелердің жайын мүлдем естен шығарғандаймыз. Қоғамның басты ұйытқысы, отбасының тірегі болған – еркектердің денсаулығының күрт төмендеп кетуінің себебі де немқұрайлылықтың салдарынан туындап отырған сиқты. Бұлай деуімізге де себеп бар.

Бар ауыртпалықты бір иығымен көтеретін қажырлы күш иелерін күйзеліске түсіріп отырған алмағайып заманда күнкөрістің қиындығы ғана емес, қоғамымызда еркектерге деген көзқарастың жоқтығы. Дәрігерлердің зерттеуіне қарағанда, қазіргі таңда әйелдерден гөрі еркектер жүрек дертіне көп шалдығады екен. Қорқыныштысы, бұрын бұл дерт 40-45 жастағы ерлер арасында кездессе, қазір 18-ден аспай-ақ «жүрегім» деп жүйкесі тозып жүрген жігіттер аз емес. Аталмыш дерттің тым жасарып бара жатқандығына – бөріктілеріміздің өз денсаулығына селқос қарауларының салдары десек артық емес. Денсаулықтарына баса назар аудармауларының салдарынан олар жыл сайын нашақорлыққа салынып, ішкілікке бой алдырады. Түпсіз терең құрдымға кетуден оларды құтқарып қалу да оңай іс емес. Соңғы он жылда Қазақстанда маскүнемдік дертіне шалдыққандар саны – 10 есеге өскен. Елімізде жыл сайын 30 мыңға жуық адам жүрек қан тамырлары, бауыр, асқазан жарасы сынды дерттерін араққа салынудың арқасында асқындырып алып, көз жұмады екен. Сондай-ақ ер адамдардың 10-12 пайызы ішімдіктің салдарынан, ал 8-10 пайызы есірткінің есесінен өз-өздерін өлімге қиятын көрінеді. Қазіргі қым-қуат тіршіліктің миға жүк, санаға салмақ салып отырғандығы да жасырын емес. Басына қандай да бір ауыртпалық түсе қалса, жүрегіне жүк түскеннін сылтауратып, стақанға жүгінетіндер көп. Ал, оның соңы қандай жағдайға әкеп соқтыратындығын да ойлап, істің байыбына бара бермейді. Соңғы статистикалық деректерге сүйенсек, аузынан ана сүті арылмай, арақты аузына алғандар саны 2 есеге өскен. Тіпті 12-16 жас аралығындағы жеткіншектер арасында бұл көрсеткіш 2,5 есе өскен. Ащы суды аузына алғандардың ең жасы 11 жаста болса, темекінің дертіне шалдығып, демікпе ауруына душар болғандардың саны 8,2 пайызға артқан.

Зулаған заманның тағы бір мәселелі – ерлер арасында бедеуліктің белең алуында. Ерлердің әрбір бестен бірі ұрпақ қалдыруға дәрменсіз. Бұрын бедеулік 37 пайыз, ал белсіздік 36 пайыз болса, бүгінде еркектердің 48 пайызға жуығы белсіздік ауруына тұсалған. Ресми мәліметтерге сүйенсек, қазір әйелдердің орташа өмір сүру жасы 70 – 71-ді құраса, соңғы кездері еркектердің орташа жасы 60-тан төмендеп барады екен.

Ел тізгінін ұстар атқа қонар азаматтарымыздың денсаулығына баса назар аударып, ел болашағына сеніммен, нық қадам басқанымыз жөн болар деген ойдамыз.

ДЕРЕК

Демограф-ғалымдар өткен 170 жыл ішінде дамыған елдерде өмірдің орташа ұзақтығы артқанын айтады. Олардың есебінше, жыл сайын орташа өмір сүру жасы үш айға артып отырған көрінеді.

Өмір сүрудің ұзақтығы жағынан Қазақстан әлемдік саты бойынша 152-орында тұр. Ұзақ өмір сүру көрсеткіші бойынша алдыңғы орында тұрған Жапония – 82,12. Еуропа елдеріндегі орташа өмір сүру ұзақтығы: еркектер – 75, әйелдер – 81 жас. Көрші Қырғызстан да біздің алдымызда тұр, ондағы орташа өмір сүру 68,6 жасты құрайды.

Автор:
Әйгерім БАҚТЫБАЕВА, өз тілшіміз.