Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІНДЕ ҰЛТТЫҚ ЕРЕКШЕЛІК БОЛУЫ ТИІС


18 января 2013, 00:35 | 2 014 просмотров



Кеңестік тәрбиені көргендіктен болар сол кездің жақсы жағын айтудан бір жалықпаймыз. Бұл – шындық. Ол кезде қай саланың болмасын мамандары ешкімнен кем емес еді. Тіпті әлемдік дәрежедегі ғалымдармен иық тіресті. Әлі де солай. Орысқа жақын тәрбиеленсе де бізден ұлттық рухтағы академиктер, профессорлар шықты. Бірақ ол дәурен көзден бұл-бұл ұшты. Әлемге танылған таланттардың шыққан өлкесі тәжірибе-сынақ алаңына айналып кеткен тәрізді. Олай деуге себеп, мектеп бағдарламасына енгізілген өзгерістердің әлі күнге бір қалыпқа түспеуі. Біреуі былай тартып, біреуі былай тартып әлі келе жатыр. Қайткен күнде де ұлттық мүдде ескерілмесе білім саласының олқылықтары көбейе беретіні сөзсіз.

Баспасөз беттерінде мектеп оқулықтары талай мәрте сынға іліккен. Дегенмен, тағы да осы мәселені сөз етсек артық болмас. Мысал ретінде 7-ші сыныпқа арналған «Биология» оқулығын алайық. Оның 11-ші бетінде: «Ол (вирус) – жасушасы жоқ өте ұсақ бөлшекті затия…», «ауру туғызатын вирустар», «ауру тудыратын бактериялар» деген сөйлемдер кездеседі, демек, вирустар «туғызады» екен, ал бактериялар «тудырады» екен, айналып келгенде ауру туындататын шығар деп түсінуге мәжбүрміз. Бацилдар, коккалар (16 бет) – осы қаншалықты дұрыс? Ал 8-ші бетте «Дүниежүзіндегі ағзалық әлем, яғни тірі ағзалар 5 дүниеге жіктеледі» деп жазылған. Осы сөйлемнің құрылымын сәл ой тоқтатып талдап көріңіздерші. Қазақша ма? Менің ойымша, терминологияда ағза – орган, мүше – член болып қалыптасқанын мойындамағандықтан бұл оқулық ойды шатастырады.

Көп жағдайда - логия және - изм болып құрылған терминдерді абайлап қазақшалау керек, демек, био+логия деген секілді орган+изм де сол күйінде қалғаны дұрыс. 319-шы бетте СПИД (синдром приобретенного иммунодефицита) – ИТИС (иммунитет тапшылығын иемденген синдром) деп берілген, бұл жердегі қателікті сәл ойланған адам бірден көреді. Осылайша оқушы баланың миына шатасқан ақпарат кетіп жатыр, кетіп жатыр.

Соңғы жылдары білім беру жүйесінің халықаралық үлгісі туралы көп айтып жүрміз. Халықаралық стандарт – дүниежүзілік бір өлшемге жүгіндірудің, ортақ шарт арқылы жақындасудың құралы, бірақ сонымен қатар ол мемлекеттің өзгені өзіне көндіріп алуға, өзгенің ғасырлар бойы қалыптасқан Кодын бұзуға бағытталған шарт. Жыл сайын кітабыңды өзгерте беруді, «оқу бағдарламаңды жақсартамыз» деп «ойын шартын» мың құбылтуды талап ететін батыстық стандарттың «қамқорлы қолтығынан» дидактикалық диверсияның исі мүңкиді. Педагогиканың дидактикалық методологиясы жүйесіздікке ұшыраған кезде надандық бас көтереді. Сапасыздықтың саны көбейеді. Тоқмейілсіген, сауаттылығы кеміген сана кез келген саясатты талғамай сіңіре салады.

Қазақстанда шығарылатын «Қазақ тілі» оқулықтарына өзге ел стандарт жасап бере алмайды. Мысалы, «Учебник для 9 класса общеобразовательной школы с русским языком обучения» деп аталатын екі түрлі баспадан шыққан (2005ж.) «Қазақ тілі» оқулықтарының әр мектепте әртүрлі оқытылып жатқанын авторлары жақсы біледі. Қазақстандағы орыс мектептерінің 9-шы сыныбына арнап 2005 жылы «Просвещение-Казахстан» шығарған – «Физика и астрономия» деген «мутант» оқулықты оқушылар мен мұғалімдер комиссия келіп қалса, стандартты орындап жатырмыз деп көрсетіп көзбояу үшін ғана сөмкелеріне салып жүреді. Ал оқитындары Мәскеуден 1994 жылы шыққан И.К., А.К.Кикоиндардың «Физика» оқулығы. «Мектеп» баспасы 2005 жылы шығарған «Черчение» оқулығынан гөрі 1998 жылы Мәскеудің «Просвещение» баспасы шығарған «Черчениені» ұнатады. Демек, біздің қазақстандық авторлар бәсекеге қабілетті болмағаны ғой. Бұл мысалдар бірен-сараны және жеңіл-желпісі ғана. Осындайда қазақ тілі ғылым тіліне қаншалықты еніп, өз орнын таба алды деген сұрақ туындайды.

Ғылым тілі – ол да тіл. Сол ұлттың тілі. Ұлттың ана тілі ғылым тілінен тиісті орын алмайынша беделін арттыра алмайды. Fасырлар бойы қоғамның даму барысында адамдар белгілі бір құбылысқа, затқа шартты түрде сол тілдің заңдылығымен ат қояды. Ал ол зат қазақ халқында болмағандықтан, ең алғаш оны аңғарған кез келген бір ұлттың ғалымы ат қоюы мүмкін. Мысалы, митохондрия, хромосома деген атауды алайық, көзге көрінбейтін, микроскоппен ғана көрінетін элемент. Қазақ жұртынан бұрын оны басқалар байқады. Өздерінше атады. Соның бәрін қазақшаға аударып алайық дейтіндер бар. Олай істеген жағдайда біз ғылыми ортадан алшақтап қаламыз. Ғылыми тіліміз өзге түгіл өзімізге түсніксіз болып, тоқырауға ұшыраймыз. Бірақ алшақтап қалады екенбіз деп шеттен келген терминнің бәрін көзді жұмып алып қабылдай беруге де болмайды. Бөтен сөздің бәрін талдаусыз ішке кіргізіп алсақ, ол тілімізді жойып жібереді. Қазақ тілінің өз заңдылығына икемдесек, біртіндеп сіңісіп кетеді. Біле білсек, қалам, кітап, адал, арам, ас, айуан, мәдениет, әдебиет, т.б. сөздерінің барлығы араб-парсы тілінен енген. Оларды біртіндеп қабылдағандықтан, қазақ тілі өзінен ештеңе жоғалтқан жоқ. Бет-бейнесін сақтап қалды. Ұлттың генетикалық Кодына жайлы ақпарат ретінде кіргізілді. Ал қазір драйвер, файл, рей¬тинг, кастинг секілді сөздердің бәрін алып келдік те, тілге тобымен қосып жібердік. Міне, терминнің мәселесі тым күрделі. Бұл жөнінде пікір айтушы ғалымдар екі топқа бөлінеді. Бірінші топ – ұлтшыл азаматтар. «Бәрін қазақшалаймыз» деп қызыл кеңірдек болады. Екіншілері: ниглистер, космополиттер. «Босқа әуре болып қайтеміз, ешқайсысын аударудың жөні жоқ» дейді. Бұл да қате пікір. Мысалы, самолётті, вертолётті – ұшақ, тікұшақ деп алғаннан ұтылып қалдық па? Осы екі пікірдің ортасындағы ұтымды пәтуаны әлі таба алмай келеміз. Екі жақтың тілге сүйкімді терминдерін үйлестіре пайдалана білу үлкен шеберлік. Бүкіл медицинаның терминдік жүйесін сала-салаға бөліп қарастырар болсақ, бір ғана анатомиялық және гистологиялық атаулар тізімінде 10 000-нан астам термин бар. Ағзалардың тек қана функциясын сипаттайтын сөздер саны 20000-нан артық, зерттеу әдістеріне, емдеу әрекеттеріне қатысты 40 000-ға жуық сөз бар. Тек аурулардың жеке атауы 10 300-ге жуық. Қойылатын диагноздардың түрі 30000, ал симптомдардың бірнеше он мыңдаған атаулары бар. Соңғы он шақты жыл ішінде ашылған жаңалықтарға байланысты ғылыми ұғымдар саны күрт көбейіп кетті. Бір ғана онкологиялық терминдер саны қазіргі кезде 35000-ға жетті. Шетелдің сөздерін орнымен қолдану тәсілі ғылыми тұрғыдан дәлелденген нәрсе. Ал қазір аудармалап алып, қолданып жүрген көптеген атауларымыз қазақ тіліндегі сөзжасам заңдылықтарын бұзып жүр.

Атап айтсақ, бронхоэктатическая болезнь дегенді бронхоэктатикалық ауру, ревматический дегенді – ревматикалық деп термин жасау қазақшамызға жат. Бұл сөздердің түбірі бронхоэктазия, ревматизм. Демек, бронхоэктазиялық, ревматизмдік болуы керек, ал «функциональный» дегенді қазақша функционалдық, «эмоциональныйды» эмоционалдық, «инновационныйды» инновациондық деп жүрміз. Олардың түбірі функция, эмоция, инновация болса, неге басы артық «-аль» деген жұрнақты жапсырып тілді шұбарлаймыз. Неге функциялық, эмоциялық, инновациялық қылып жұрнақты қазақы реңде төте жалғамаймыз. Баяғыдан белгілі он екі мүшенің қазақи атауларының өзі әртүрлі аталып, әртүрлі жазылып келеді. Кейбір оқулықтарда «плечевая кость – иық сүйегі», «бедренная кость – сан сүйегі» деген сөйлемдер ұшырасады. Тоқпанжілік, ортанжілік деген атауларымыз бар емес пе еді. Соңғы жылдары Мемтерминком бекіткен азды-көпті медициналық атаулардың кәсіби тілімізге еніп, қалыптасып үлгергені жөнінде бейхабар мамандар, сөздіктердің бетін ашпайтын әріптестеріміз де жоқ емес.

Белок – нәруыз, паренхима – ұлпа, ткань – тін, клетка – жасуша, орган – ағза, член – мүше, т.с.с. болып бекітілгенін, сол сияқты скарлатина, дифтерия, краснуха, трахома, гонорея, сифилис деген, т.с.с. көптеген аурулардың қазақша атаулары атамзаманнан белгілі екенін білмейтіндеріміз де бар. Сүндетке отырғызуды мұсылмандықтың негізгі парызы деп есептеген қазақ фимоз, парафимоз деген диагноздардың қазақша атын баяғыда қойып берген.

«Қазақшаға көшіңдер» деген талапты орындамақ болған дәрігерлеріміз өзінше аудармалап алған сөздер мен сөз тіркестерді жөн-жосықсыз қолданатындықтан бірімізді-біріміз қиналып түсінетін жағдайға жеттік.

Қазақша жазылған кейбір медициналық оқулықтардың, ғылыми мақалалардың кейде мазмұнын түсіну қиын, себебі – калька аударма. Мысалы, приводит к заболеванию – ауруға алып келеді; яв¬ляется важным – маңызды болып табылады, вызывает заболевание – ауру шақырады; «сифилис вызывается бледной спирохетой – сифилис бозарған спирохетамен шақырылады»; «сүт сататын әйел кілегейді зақымдайды» деген сөйлемдерді оқығанда аудармашылардың «сауаттылығына» таңғаласың. Соңғы аударманың орысша нұсқасына қарасақ – «Молочница поражает слизистую» деген екен. Міне, сөйлем мағынасын толық түсінбегендіктен осындай шалағай аудармаларға жол беріліп жатады. Мұндай аудармалар қазақ тілінің сиқын қашырады. Неге біз әдемі сөз енгізу тәсілін таңдамаймыз? Егер бір атау сөз тілімізге мүлде жат болса, икемге келмесе жаңа сөз табайық. Өкінішке қарай, кейбір «білгішсымақ» аудармашы мамандар биологиялық, медициналық, т.б. құбылыстарға өзінің жұтаң сөздік қорынан балама ретінде бір сөзді әкеліп тели салады. Ол сөздің мүмкін басқа да мәні бар шығар, ол жағын ойланып жатпайды. Осыдан келіп түсініксіз терминдер қайдан шығады деп далмыз.

«Функция» деген сөзге тоқталғым келіп отыр. Ол «қызмет» деп аударылып жүр. Асқазанның қызметі дейді. Сонда асқазан шенеунік пе, бастық па?! Кез келген заттың, мысалы үстелдің де, қаламсаптың да, жүректің де, мәшиненің ішіндегі кішкентай тетіктің де функциясы бар. Функция деген сөздің ауқымы кең екен, оған бір ғана атаумен мағына бере алмайды екенбіз – сол күйі қалдырайық. Өзіміздің тілге икемдейік. Өйткені тіліміздің де өзіндік ерекшелігі бар. Организмдегі бір кұрылымның, мүшенің атауы кейде көршілес орналасқан бірнеше ағзалардың атын қосып айту арқылы аталады. Мысалы, грудино-ключично-сосцевидная мышца, поджелудочно-двенадцатиперстнокишечный анастомоз, холедо-ходуодено-гастростомия, т.с.с. Осылар секілді медицина ғылымының төл терминдерін қаншама сәтті аударып термин жасаған жағдайдың өзінде олардың қазақша жазылу ережесі әлі күнге жүйеленген емес. Термин мәселесін жүйелеу аса күрделі жұмыс. Әсіресе заң саласында өте абайлау керек. Сауатсыз жасалған бір сөз бір адамның тағдырын ойыншық етуі мүмкін. «Бірауыз сөз әке өлімін естіртсе, бірауыз сөз ұл туды деп қуантар» деген Кәкімбек ағамыздың сөзі бар. Дәрігердің дәріден бұрын қолданатын қаруы – тіл, сөз.

Ғылым тілін былай қойғанда, күнделікті сөйлеу мәдениетіміз бен қазақы сөз мәнеріміз сұйылып бара жатыр. Тіл мәдениеті – халықтың мәдениеті. Сол ұлттың мәдениеті. Бізде сөйлеу мәдениеті нашар. Тілін түзеткісі келмейді. Сол жағымсыз қылықтарымызды түзетуге бағытталған мәдениетті ұсынысымыз да, тіпті юмор да, сатира да әсер етпейтін болды. Мыңқ етпейді. Бізге тек шенеу керек. Ащы қылып айтпасаң тірілетін түрі жоқ. Жеке адамның атын атап, түрін түстеп тұрып, Пәленбай Пәленбаевичтің қазақша жазған оқулығы тілімізді қорлап тұр деп бетіне баспасаң селт етпейтін болды.

Медициналық жоғары оқу орындарында оқып жүрген студенттерді алайықшы. Бір қазақ тобында он бала бар дейік, сол онның біреуі де ойын жақсылап, жүйелі түрде жеткізе алмайтын халде. Оған жоғарыда айтқан мектеп кінәлі, шаласауатты жазылған оқулық пен тест, оқыту жүйесі кінәлі. Қазақша құрастырылған қазіргі тестілік тапсырмалардағы сөйлемдер қазақ тілінің синтаксистік, грамматикалық ережелерін мазақ қылып тұрған «калька» аудармалар. Студенттердің көбі еркін тақырыпта сөйлем құрау қабілетінен жұрдай. Көрсетіп, ежіктеп отырып, жаздырған нәрсені жаттап алып, айтып берсе Құдайға шүкір дейсің. Тілдері қызық. Екі сөз айтса, үшіншісіне міндетті түрде тағы бір бұралқы сөз қосады. «Яғни, яғни», «жаңағы, жаңағымен» құртады. «Жаңағысына» жаңа сөз қоса алмайды. Бұл – тілі жұтаң міскіннің халі, жүректі ауыртатын жағдай. Карл Маркс «Кімнің ойы нақты болса, құрастырған сөйлемі де нақты» дегенді бекер айтпаған. Демек, адамның сөйлемі нақты болмауы оның миындағы ойлау үдерісінің осалдығы.

Әлемдегі ғылыми жаңалықтарды, озық технологияларды елімізге енгізе отырып, өз ана тілімізде білім беру сапасын арттыруымыз керек. Ана тілін корғамайтын ұлттың болашағы бұлыңғыр.

“Ұлттың тілі — сол ұлттың жаны, жан-дүниесі. Ол жүректі соқтыртып тұрған қан тамыры сияқты. Егерде қан тамыры жабылып қалса, жүрек те соғуын тоқтатпай ма?”

Мұхтар Әуезов

Автор:
Мұхамбедия АХМЕТОВ, «Астана медицина университеті» АҚ профилактикалық медицина кафедрасының профессоры, медицина ғылымдарының кандидаты.