Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ҚЫМБАТШЫЛЫҚ ҚАРА СУДАН БАСТАЛМАҚШЫ


28 декабря 2012, 17:32 | 1 693 просмотра


Алдағы уақытта елімізде су бағасы қымбаттайды. Таза ауызсу қорын тиімді пайдалану бүгінде әлемдік мәселеге айналып бара жатқандықтан Қазақстан Үкіметі де оны сақтау мен үнемдеп жұмсаудың жолын қарастыру үшін тың қадамдарға барып отыр. Әсіресе, өндіріс орындарына тіршілік нәріне бірнеше есе қымбат төлемақы жүргізуге тура келетін түрі бар. Бұл жайында кеше Үкіметтің 2012 жылды қорытындылаған әрі «Қазақстан Рес¬публикасында 2013-2015 жылдарға арналған суға тарифтерді белгілеудің жаңа механизмдерін енгізу бойынша кешенді жоспар жобасын» талқылауға арналған соңғы отырысында айтылды.

Премьер-министр Серік Ахметов алдымен ағымдағы жылдың жалпы ішкі өнімі 5 пайызды құрап, инфлияция 6,2 пайызға жетуі мүмкін екендігін еске салды. Ал жаңа тарифті белгілейтін құжатқа қатысты баяндаманы Экономикалық даму және сауда министрі Ерболат Досаев жасады. Министрдің айтуынша, қазіргі кезде сумен жабдықтау және су бұру саласындағы инвестицияларды қаржыландыруға өзіндік көздерінің төмен деңгейі, сәйкесінше активтердің тозуының жоғары деңгейі, сондай-ақ желілердегі шығындардың артуы мен қызмет көрсетудің төмен сапасы байқалады. Қиын түйінді тарқату үшін тиісті ведомствалар арна нысандарын жаңғырту мен жөндеудің жолын ашып, инвестиция тартуға ыңғайлы жай қалыптастыратын жоспардың жобасын әзірлеген.

«Тарифтерді белгілеудің жаңа тетіктерін қолдана отырып, оны бекіту 2013 жылдан бас¬талатынын атап өткен жөн. Кешенді жоспарда министрліктің Табиғи монополиялар реттеу агенттігімен және Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы істері агенттігімен бірлесіп, су арналары қызметтеріне тарифтерді белгілеудің жаңа жолдарын дайындау бойынша жұмыстарды жалғастырып, нәтижелерін алдағы жылдың мамырында Үкіметке таныстыру қарастырылып отыр» деді министр Е.Досаев. Бұдан бөлек, су арналарының тарифіндегі пайданы 30 пайызға дейін жоғарылату көзделуде (қазіргі бұл көрсеткіш 10 пайыз). Сонымен бірге тіршілік нәрімен қамтамасыз ететін кәсіпорындардағы қызметкерлердің еңбек ақысын көбейту жоспарда бар. Жобаны ұсынушылар лайықты жалақыға сәйкес сапалы қызмет көрсетілетіндігіне сенімді.

Автор:
«АЙҚЫН»