Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

2012. ОҚИҒАЛАР. ЕСТЕЛІКТЕР. ЕРЕКШЕЛІКТЕР


28 декабря 2012, 23:28 | 2 689 просмотров



Жаңа жылдың алдында әр бір адам ескі жылда тындырған тірліктерін қорытындылайды. Бізде 2012 жылы әлемде орын алған оқиғаларға тоқталып өтуді жөн көрдік. Әлем жұртшылығы мен қазақ халқы үшін 2012 жыл қандай маңызды мәселелермен есте қалды, талдап көрейік, шолып шығайық. 2012 жылы орын алған саясатта, экономикада, әлеуметтік және мәдени өмірдегі әлем айшықтары жетерлік. Ресей, АҚШ, Франция, Оңтүстік Корея және Мысырдағы сайлау, әлемнің әр түпкіріндегі табиғат апаттары, Челахтың шулы ісі, Жаңаөзен сот ісі және қазақ үшін абыройлы Лондон Олимпиадасы.

ЭКОНОМИКА-2012

Тарих қалай жасалады? Бүгінгі күн – ертең тарих. 2012 жылдың басы әлемдік экономикада ЕЭК-тің құрылуымен есте қалды. Еуразиялық Экономикалық Кеңістік –Кеден Одағы мемлекеттерінің(Қазақстан, Ресей, Белорусия) интеграциялық бірігуі. ЕЭК өз жұмысын 2012 жылдың 1-қаңтарынан бастады. ЕЭК мүше мемлекеттердің ендігі қадамы Еуразиялық Одақты құру болмақ. Ресей ДСҰ-на кірді. Ендігі кезек Қазақстанда. Қазақстан ДСҰ .....

Ал басқа экономикалық бірлестік Евро Одақ үшін 2012 жыл жақсы болды деу қиын. ЕО-қа мүше мемлекеттер экономикалық хал-ахуалы мәз емес. Грекия банкрот болуға жақын, ал Испанияда әлеуметтік төлемдерді қысқарту шешіміне қарсы халық наразылығы өршіді, елдегі жұмыссыздық өсті. Сонымен 2012 жыл ЕО үшін сәтсіз, биылғы жыл Еуро аймақ бюджетте 3 миллиард евро көлеміндегі қаржылық «тесікпен» аяқталуда.

Әлемдік аренадағы алпауыттардың бірі Қытай 2012 жылды қорытындылай келе болашағын бағыттауға кірісті. Қытай Коммунисттік партиясының бүкілқытайлық 18-съезінде ЖІӨ-ді ұлғайту жоспары жасалды. Кейбір сарапшылардың жоспарынша жақын жылдары қытай экономикасының даму кезеңі басталады.

2018 жылы Қытай елінің ЖІӨ дәрежесі АҚШ-тың көрсеткіштерімен бірдей болады деп күтілсе, 20-жылдардан кейін Қытай экономикасы ЖІӨ көлемі бойынша АҚШ-тан да ілгері тұрады деп болжануда.

САЯСАТ-2012

Әлемдік саясатта 2012 жылы не болды? Әрине, бірнеше мемлекеттерде президент сайлауы өтті. Кедендік Одақтасымыз, әрі жақын көршіміз Ресей наурыз айында президент сайлауын өткізді. Жеңіске Владимир Путин жетті, ал Дмитрий Медведев дәстүр бойынша премьер-министр болып тағайындалды. Халықаралық сарапшылар сайлау ешбір құқық бұзушылықсыз өтті деп тұжырымдады.

Францияда өткен президент сайлауында Франсуа Оланд 28,63% дауыс жинап, Николя Саркозиден озды. Ал Мысырдың жаңа президенті Мұхаммед Мурсиге 13,23 миллион халық дауыс беріп, жалпы 51,7%-ды құрады.

Алайда бүкіл әлем назары АҚШ-тағы президент сайлауында болды. Сайлау алды компаниясы қаңтар айынан басталып, 2012 жылдың қарашасына дейін созылды. Санға мән берсек, сайлау алды компанияларына 5,9 миллиард АҚШ доллары жұмсалған, сонда әрбір дауыс берушіге 50 доллар жұмсалыпты. Ал 10 қараша күні Барак Обама 332 дауыспен 206 дауыс жинаған Митт Ромниден озып, АҚШ-тың 45-ші президенті болып, Time журналының нұсқасы бойынша «Жыл адамы» атағын иеленді.

Қараша айында тағы да бір маңызды саяси оқиға орын алды. Қытайда партияның басшылары ауысты. Қытай Коммунисттік партиясының 18-съезінде саяси бюросы, саяси бюросының ОК тұрақты комитеті және компартияның бас хатшысы сайланды. Бас хатшы болып Си Цзиньпин тағайындалды.

Төраға қызметіне Си Цзинпин 2013 жылдың наурыз айында кіріседі. Дегенмен Бейжің саяси бағыты өзегермейді, қытай басшылығы дәстүрлі түрде бір бағытты оншақты жыл ұстанады.

Ерекше атап өтетін оқиғаның бірі – Грузияда 1-қазанда өткен парламент сайлауындағы оппозиция жеңісі. Миллиардер Бидзины Иванишвилидің «Грузинская мечта» партиясы сайлауда партиялық тізім бойынша 54,85% дауыс жинап, 40,43% жинаған Михаил Саакашвилидің «Единое национальное движение» басқарушы партиясынан озды. Сайлау қортытындысына Тбилиси шетіндегі Глдан түрмесінде орын алған шулы оқиға әсер етті. Түрмеде болған ұрып соғу және зорлау кадрлары тәуелсіз телеарналарда көрсетілген еді. Сөйтіп Грузияның әр түпкірінде бұқараның қарсылық әрекеттері болып өтті.

Сонымен қатар, Оңтүстік Корея тарихында бірінші рет Президент әйел сайланды. «Сэнури» консервативті партиясының өкілі Пак Кын Хе ханым 50,1 % дауыс жинап қарсыласы Біріккен демократиялық оппозиция өклі Мун Чже Иннен озып шықты. Пак Кын Хе өз қызметіне 2013 жылдың ақпан айында кіріседі.

Қазақстан саясатында қандай есте қаларлық оқиғалар орын алды? Біріншіден, үкімет басшысының ауысуы. Президент Жарлығымен Серік Ахметов Үкімет басшысы қызметіне тағайындалды. Өз өтінішімен Премьер-министр қызметінен босаған Кәрім Мәсімов Президент Әкімшілігінің басшысы болып, жауапты лауазымға тағайындалды. Екіншіден, елімізде тағы бір демалыс күні пайда болды. 1-желтоқсан Тұңғыш Президент күні болып жарияланып, тойланып өтті. Тұңғыш Президент күнін тойлап өткенен кейін, 16-желтоқсан Тәуелсіздікті тойлауға кірістік те, Елбасы атқарылған істерді қорытындылап жаңа бағыт берді. Сонымен Елбасының «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа бағыты» деген атаумен кезекті жолдау халыққа жетті.

АПАТТАР,

ЗІЛЗАЛА -2012

Жақсылық бар жерде, жамандық та бар, қуаныш бар жерде қайғы да қатар жүреді. Сонымен 2012 жылы әдемнің әр түпкірінде техногенді апаттар мен қатар табиғат апаттары да орын алып жатты. Техникалық қирау мен қатар табиғат көрсеткен қатал мінезі нәтижесіне тоқталайық.

ТЕХНОГЕНДІ АПАТТАР

2012 жыл круиздік лайнердің қирауынан басталды. 13 қаңтар күні «CostaConcordia» Лайнері Италия жағалауында суға батты. Лайнер ішінде 4234 адам болған, оның 30 мерт болды. Апат болар алдында «CostaConcordia» экипажына үздік деген баға берілген еді.

Ақпан айында да осыған ұқсас жағдай болды. Папуа-Жаңа Гвинея жағалауында да 350 жолаушысы болған MV RabaulQueen кемесі суға батты. 238 жолаушы құткарылып, 100-ге жуығы із-түссіз жоғалғандар тізімінде.

Ал наурыз айында Швейцария Альпісіне барар жолда туристтік автобус жол апатына ұшырады. Нәтижесінде 28 адам қаза болды, оның 22-і балалар еді. Балалар 6 ересек адаммен шаңғы курортынан Бельгияға оралып келе жатқан еді. Бұл жол апатына ел тарихындағы ең алапат апат деп баға берілді.

Мамыр айында Индонезияда сынама ұшу кезінде Sukhoi Superjet-100 ұшағы қирады. Ұшақ тау шатқалына соғылып, ішінде отырған 45 адам қаза болды. Тағы бір ірі апат Оңтүстік-Шығыс Азияда Бангладеш астанасының маңында орын алды. Қараша айының аяғында тігін фабрикасын өрт шалып, 121 адам қаза тапты.

Қазақстанда 2012 жылы өте көп көлік апаттары тіркеліп, бір жыл ішінде 2400 адам қаза болған екен. Ал елімідің Оңтүстік аймағында бірнеше базар өртенді. Тамыз айында Шымкент қаласындағы «Бекжан» орталық базарын өрт шалса, қарашада «Жанұя» базарында электрлендірілген құрал-саймандарды сақтайтын және сататын екі сауда орны отқа оранды. Ол аз десеңіз 19 желтоқсан күні Шымкентте тағы да базар тілсіз жауға ілікті. «Алаш» базарының өртенгені жайлы суыт хабар түнгі үште келіп түседі. Сол сәтте оқиға орнына өрт сөндірушілердің 9 техникасы мен 115 қызметкері жұмылдырылды. Сөйтіп, таң қылаң бере яғни таңғы 7-лер шамасында тілсіз жау толығымен ауыздықталды. Негізінен өрт пиротехникалық заттар сақталатын қоймадан тұтанған. Сонымен қатар жаз кезінде Түркістан қаласында да бір базарды өрт шалды, бұндай оқиға Қызылорда , Жаңақорғанда да тіркелген еді.

ТАБИҒАТ АПАТТАРЫ

Ресейде 2012 жылы 6-7 шілдеде Краснодар аймағында су тасқыны болып, 34 мың адам жапа шегіп, 171 адам қаза болды. Табиғат апатының тигізген залалы 20 млрд рубльді құрапты. Үлкен залал әкелген табиғат апаты –«Сэнди» дауылы. Қазан айының аяғында басталған дауыл Ямайка, Куба, Багам аралдары, Гаити, Флорида жағалауында өтіп, нәтижесінде АҚШ-тың Сотүстік-Шығысы мен Канаданың шығыс аймағына жеткен. «Сэнди» дауылынан үлкен залал әсіресе АҚШ-тың Нью-Джерси және Нью-Йорк қалаларына тиді. АҚШ-та «Сэнди» дауылынан 50-астам адам қаза болып, және дауыл әкелген зиян 50 АҚШ млрд долларына жеткен. Кариб өңірінен басталған дауыл ол жерде 60 адам өмірін қиған еді.

2012 жылдың желтоқсан айы әлем елдеріне ауыр тиді. Қыс келгеннен бері табиғат қатал мінезін көрсетумен келеді. Желтоқсанның басында Филипинде Бофа тайфуны соғып, салдарынан 620 адам қаза болып, 817-і із-түссіз жоғалды. Жаңа Зеландия және Индонезияда Торнада соғып, Батыс Европаға қар қалың түсті. Латвияда желтоқсанның басында қалың жауған қардан бірнеше елді мекендерде жарық сөнген. Бұндай оқиға Украинада да орын алды. 11 желтоқсаннан 12-не қараған түні 577 елді мекен жарықсыз қалды. Желтоқсанның ызғарын Бельгия, Польша, Швеция да сезінді. Қалың түскен қар европа аймақтарына зиянын тигізіп жатыр. Ұлыбританияда толассыз жауған жаңбыр тасқынға ұласты.

Желтоқсанның 20-на дейінгі уақытта Қазақстанда да ауа райы 20 градус суықты көрсетіп тұрды. Қалың жауған қар мен аяз халықты әбден әбігерге салды.

ШУЛЫ СОТ

ІСТЕРІ- 2012

Биылғы жыл әлем жұртшылығына шулы сот істерімен есте қалатыны сөзссіз. Халықаралық БАҚ назарында атақты тұлғалар қатысы бар сот істері болды. Саясаткерлер, белгілі финансистер, спортшылар, ресейлік қыздар және Челах ісі. Міне осындай шулы сот істеріне тоқтала кетейік.

Жыл бойы әлемдік қауымдастық назарында Халықаралық Валюта қорының бұрыңғы директоры Доминик Стросс-Канның ісі болды. Қаржыгер Нью-Йорк қонақ үйінің бірінде қызметші әйелді зорлау мәселесі бойынша сот ісі қаралған еді. Әзірше, қонақ үй қызметшісі және Стросс-Канн ымыраға келгені белгілі. Бірақ толық мәліметтер әлі жоқ.

Әлем халықтары ерекше назар салған тағы бір шулы сот ісі Ресейде болды. Ақпан айында Ресейде бүкіл әлемдік БАҚ сөз қылған «шоу» орын алды. PussyRiot тобының мүшелері Христос Спаситель храмында «Богородица, Путинді қуып жібер» деген мазмұндағы панк-құлшылық өткізген. Осы акциядан соң топтың үш мүшесі тұтқындалып, сот үкімімен 2 жылға бас бостандығынан айырылды.

(Жалғасы 4 бетте)

(Жалғасы. Басы 3 бетте)

Ал мына бір тұтқын сот шешімін 1 жыл күтті. Осло соты «Норвеж атқышы» Андрес Брейвикті 21 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. 2011 жыл 22 шілдеде Брейвик Норвегия астанасындағы Үкімет ғимаратының маңын жарып, нәтижесінде 8 адам қаза тапты. Содан кейін Утейя аралындағы жастар лагерінде оқ жаудырып, 69 адамды мерт қылды. Брейвик өзін тамплиерлер орденінің рыцары санайды, ал сотта өз ісі арқылы Европаның «исламдану проблемасына» үкімет және қоғамның көңілін аудартқысы келгенін айтты. Ал Мысырдың бұрыңғы президенті Хосни Мубаракты сот өмір бойы бас бостандығынан айырды. Соттың бұл үкіміне Каирде, Александрияда және Суэцте бұқаралық наразылық танытқандар болды.

ЧЕЛАХ ІСІ

Қазақстанда да халық жібермей назар салған шулы сот ісі Челах ісі . Сот Владислав Челахты «Арқанкерген» шекара заставасында болған қанды оқиғаға қатысты айыпты деп тауып, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Естеріңізге сала кетейік, 2012 жылдың 30 мамырында «Арқанкерген» шекара заставасының өртенген ғимараты анықталды. Сол күннің ертесінде ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекарашылық қызметі Алматы облысында 13 адамның - 12 шекарашы мен бір қорықшының қаза болу оқиғасын растады.Кейін тағы екі сарбаздың сүйегі табылғаны белгілі болды. Соңғы шекарашы қарағандылық Владислав Челах тауда жүрген жерінен қолға түсті. Алдымен Бас прокуратура В.Челах шекарашыларды қырып салғанын мойындады деген мәлімдеме жасаған еді, кейін Челах қылмысты психологиялық қысым жасалғандықтан мойнына алды деген ақпарат таралды. Қанды оқиға болған уақыттан бері ел аузынан «Арқанкерген» оқиғасы кеткен емес еді. Біреулер Челах кінәлі деп таныса, екіншілері жас бала 15 адамды жалғыз өлтіре алмайды деп дабыл қақты. Біреулер бұл оқиғаны шекаралас Қытаймен байланыстырса, екіншілер ескірткі тасымалдаушылар қатысы бар деп түрлі әңгіме айтылып жүрді.

Бұл іс алыс-жақын шетелдің де назарында болды. Істің ақ қарасын анықтайды деген Владислав Челахқа қатысты сот процесі Алматы облысы Талдықорған қалалық сотында 2012 жылдың 19-қарашасында басталған. Челах жазасын қатаң режимдегі колонияда өтейді, сонымен қатар сот ол мемлекетке әскери бөлімшені өртеген үшін 7 млн. 840 мың теңге материалдық шығын өндіруге міндетті. Міне, Челахтың да ісіне нүкте қойылғандай болды, бірақ оның қорғаушылары енді жоғарғы сотқа апеляциялық шағым бермек. Көре жатармыз. Бұл енді келер жылдың еншісінде.

ТАЯУ ШЫҒЫС - 2012

«Араб көктемі» 2012 жылы да жалғасын тапты. Хосни Мубаракты соттап біткеннен кейін, жаңадан билікке келген Мухаммед Мурси барша мысырлықтардың басшысы бола алмады. Мысыр елі тағы да екіге бөлініп, Каирда қанды қақтығыстар орын алды.

Мысырдағы «жаңа көтеріліске» себеп Мурсиге шектеусіз билік беретін қабылданған конституциялық декларация. Мурси қарсыластары оны «жаңа фараон» деп те атап кетті. Мысыр азаматтық соғысқа жақындап қалды, себебі қақытығыс тек халық пен тәтіп сақшылары ғана емес, қазіргі президенттің қарсыластары мен жақтастарының арасында да орын алды. Көптеген наразылықтардан кейін Мурси көпшілік талабына көніп, билігін кеңейтетін жарлықтан бас тартты. Бірақ, жаңа конституция туралы шешілетін референдум болатын болды.

Сол кезде Сириядағы қақтығыстың арты азаматтық соғысқа ұласып, «Ливиялық сценарий» бойынша келе жатқандай. Ал Франция және АҚШ Сирияның біріккен оппозициясын «Сирия халқының заңды өкілі» деп таныды.

2012 жылы Израиль мен Газа секторының арасындағы қақтығыс өрши түсті. Қараша айында Хамас Израиль территориясына оқ жаудырды. Бұған жауап ретінде 14 қарашада ресми Иерусалим кең масштабты әуе операциясын іске асырды. ЕО пен АҚШ бұл қақтығыста қорғаныс әрекеті деп Израиль жағына тұрды. Ал Хамас жағына бірнеше мусылман елдері шықты.

Ал аты шулы «Невинность мусульман» фильмі Таяй Шығыстағы бірнеше ислам елдерінде ғана емес, Австралия, Германия, Сербия, Греция, Ұлыбритания, Норвегия және Франция мұсылдандарының да наразылығын тудырды. Наразылыққа шыққандар тәртіп сақшыларымен қақтығысқа түсті. Ақыр аяғында фильм деп айтуға келмейтін туындының режисері сотталды.

ҚАНДЫҚОЛ «БРЕЙВИКШІЛЕР»

«Норвеж атқышы» Брейвик есімін бір топ адамды өлтіргендеге қолданатын болды. 2012 жылы Брейвик сияқты жаппай адамдарды қыру оқиғалары бірнеше рет болды. Имя норвежского стрелка стало нарицательным. В этом году «брейвиками» были убиты десятки людей.

Жантүршілерлік оқиғаның бірі Тулузада наурыз айында орын алды. Мохаммед Мера есімді 23 жасар жігіт еврей колледжінің алдына келіп бір топ оқушылар, олардың ата-аналары және мұғалімдерге оқ жаудырды. Алған жарақаттарынан 30жасар мұғалімі, екі оқушы және мектеп директорының қызы қаза болды. Бұдан бөлек, қандықол жігіт 11 наурыз күні үш әскерилерді өлтірген. 22 наурыз күні құрықтау операциясы жүзе асыру барысында Мохаммед Мера өлтірілді.

Бұл оқиғадан үш ай өткен соң АҚШ Колорадо штатында «Темный рыцарь: Возрождение легенды» фильмінің тұсау кесерінде тура кинотеатр ішінде белгісіз біреу оқ атады. Нәтижесінде 14 көрермен мерт болып, 50 адам жарақат алды. Қылмыскер құрықталды, ол 1987 жылғы Джеймс Холмс болып шықты.

Ал Мәскеуде 7 қараша күні 30 жасар Дмитрий Виноградов өз әріптестеріне оқ атып, 5 адамды өліп, 2-і жарақат алды. Кейін белгілі болғандай жігітті қылмысқа итермелеген махаббат. Көңілін қабылдамаған қыз үшін осындай қадамға барыпты.

Шетелдік БАҚ өкілдері айтқандай «брейвикшілердің» ең сорақысы 20 жасар американдық Адам Ленза. Жылдың аяғында Ленза Коннектикут штатындағы «Сэнди Хук» бастауыш мектебіне оқ жаудырды. Атқыштың қолынан 5 пен 10 жастағы 20 бүлдіршін мен 6 ересек адам мерт болды.

ЛОНДОН-2012

Биылғы жыл –спорт жылы болғаны сөзсіз. Жаз бойы әлем жұртшылығы спорт жаңалықтарына назар салды. Алдымен Еуро 2012 футбол чемпионаты, одан кейін Лондон Олимпиадасы. Футболдан кәрі құрлық чемпионы қайтадан Испания болды, екінші орын Италия құрамасына бұйырды. Ал 2012 жылғы олимпиада ойындары Қазақ халқы үшін сәтті болды.

Лондон 2012 жылы екі ерекше шараға дайындалды. Бірі Ұлыбритания патшайымы II Елизаветаның билік құрғанына 60 жыл толуына үлкен той, екіншісі ЛОНДОН олимпиадасы еді.

Қазақстан Лондон олимпиадасында жеті алтын, бір күміс, бес қола жүлде иеленіп, жалпы командалық есепте 12-орын алды.

Олимпиада ойындарына әлемнің 204 елінен он мыңнан астам спортшы қатысты. Жарыс кезінде қауіпсіздікті 14 мың полицей, 17 мың әскери маман қадағалаған.

Ойындарда барлығы үш жүзден астам медаль жұбы сарапқа салынған. Олимпиада жүлдесін 85 елдің спортшылары иеленді.

Қазақстан 12-орын алып, Голландия, Украина, Куба, Иран, Чехия, Испания, Бразилия, Аргентина сияқты елдерді артқа тастады. ТМД елдері арасынан Қазақстан Ресейден кейінгі екінші орынды алды, Азия құрлығы бойынша Қытай, Оңтүстік Корея, Жапониядан кейінгі төртінші сатыдан көрінді. Олимпиаданың алтынын алған Александр Винокуров, Зульфия Чиншанло, Майа Манезаға үлкен үміт артқан спортшыларымыз сенімді ақтады. 75 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Светлана Подобедова қарсыластарына дес бермей, ел қоржынына 4-алтынды салды. Илья Илин екі дүркін олимпиада чемпионы атанып, әлемдік рекордты жаңартты. Бүкіл әлем Қазақстан ауыр атлеттерінің мықтылығын мойындаған кезде, жеңіл атлетикада да жетістікке жеттік. 5-тамыз жексенбінің кешінде жеңіл атлет Ольга Рыпакова Қазақстан қоржынына кезекті алтынды салды. Үш қарғып секіруде 14 метр 98 сантиметрге секірген жерлесіміз алдына жан салмады. Ел қоржынын қола медальды грек-рим күресінде өнер көрсеткен палуан Даниял Гаджиев және боксшы қыз Марина Вольнова әкелді. Әйелдер күресінен – Гөзел Манюрова мен 91 килограмдағы боксшымыз Иван Дычко да қола медаль алды. Олимпиаданың соңғы күні, 12 тамызда Қазақстан палуан Ақжүрек Таңатаров қола медаль алса, боксышыларымыз Серік Сәпиев «алтын» және Әділбек Ниязымбетов «күміс» медальдарды иеленді.

ӨНЕР МЕН МӘДЕНИЕТ

Әлем мәдениетінде қандай өзгешелік орын алды. Шетелдік БАҚ-тың барлығы жыл жаңалығы ретінде бір ауыздан Оңтүстік Корея әншісі PSY-нің орындауындағы "Gangnam Style" әнін атады. PSY-нің орындауындағы "Gangnam Style" әні аясында түсірілген клип YouTube-та жаңа рекордқа бастама болып отыр. Аталған бейнебаянды әлемнің әр түкпірінен 2,2 миллионға жуық жан баласы "ұнады" деп шерткен екен. Рекордтың ауылында жүрген клип Гиннестер кітабына кіріп отыр. "Сіз бұрын-соңды мұндайды көргеніңіз бар ма? Бұдан бірнеше жыл бұрын YouTube-тағы бейнебаян миллионға жуық көрсеткішке ие болады деп ешкім ойламаса керек-ті. Ал "Gangnam Style" клипі осы көрсеткішті үш-ақ айдың ішінде екі есе өсіріп тіркетіп отыр" - деп Гиннестің рекордтар кітабының менеджері Дэн Барретт ағынан жарылыпты.

Әлемнің беделді басылымдары киножұлдыз Жерар Депардье Франция азаматтығынан бас тартқандығын жайлы қызу пікір талас жүргізуде. Актердың бұлай бұлқынуына биліктің шығарған жаңа заңы түрткі болып отыр. Құжатқа сәйкес, келесі жылдан бастап елдің әрбір миллионері Үкіметке ай сайын тапқан табысының 75%-н салық ретінде төлеуі керек. Соңғы 45 жылда Депардье Үкіметке 145 млн еуро мөлшерінде салық төлеген екен. Актер ешкімге тіс жармай кеткісі келгенімен, халықаралық БАҚ өкілдерін шулатпай қоймады. Ал Францияның премьер-министрі Жан-Марк Эйроның айтуынша, азаматтықтан бас тартып, дау шығару атақты Депардьеге жараспайтын әрекет. Айта кетейік, салықты өсіру туралы заң бекітілгеннен кейін елден ондаған миллионер мен миллиордер кетіп, басқа жаққа қоныс аударды. Атақты актерді Катрин Денев, Бриджит Бардо сияқты аңыз актрисалары қолдап отыр. Ал Ресей Президенті Владимир Путин болса, Депардьеге Ресей азаматтығын беруге әзір екенін мәлімдеген.

Қазақ киноөнерінірде бірнеше фильмдер жарық көріп, көрермен көз айымына айналды. Ерекше атап өтетіндері Ақан Сатаевтың «Жаужүрек мың бала» тарихи туындысы екі аптаның ішінде кинотеатрлардан 2 миллион доллар жинады. Осыған дейін «қазақ киносына көрермен бармайды» деген пікірдің күлі көкке ұшты. Кинотеатрларда көрермен көзайымына айналған фильмді қазақ тілінде көрсету 30 пайызға артқан. Күніне 120-дан 150-ге дейін көрсетілім ұйымдастырылуының өзі үлкен көрсеткіш. Билетті ертерек алмағандар кино көруден құр қалып жүрді.

"Жаужүрек мың бала" картинасы "Оскар 2013" киносыйлығы номинанттарының лонг-тізіміне енген болатын. Алайда соңғы тізімде Қазақстан кинотуындысы ілінбей қалғанымен, Канн кинофестивалінде жоғары баға берілді.

Ал Ермек Тұрсыновтың "Шал" кинокартинасы екі аптада Қазақстан бойынша 30 миллион теңге жинады. «Қазақфильм» киностудия мамандарының айтуы бойынша, бұл авторлық форматтағы фильм үшін жақсы нәтиже.

"Шал" фильмі Эрнест Хемингуэйдің "Шал мен теңіз" шығармасы бойынша түсірілген. Ал Тұрсынов болса, картинаны "Қазақша Хемингуэй" деп атайды. Фильмнің барлық дайындық жұмыстары 2012 жылдың басында аяқталған еді. Фильмдегі басты рөлді қатаң аса қиын кастинг барысында таңдалып алынған Ерболат Тоғұзақов сомдады.

Қорытындыласақ, 2012 жылы қазақ өнерінде жақсы жаңалықтарға толы болды. Келер жылдары да еліміздің өнері өрлейді деп үміттенеміз.

2012 ЖЫЛЫ АҚЫРЗАМАН КҮТКЕНДЕР

Әлемнің әр түпкірінде ақырзаман күткендер де болды. Майя халқының күнтізбесі бойынша 21 желтоқсанда ақырзаман болады деп болжанған еді. Ал Тибет монахының болжауында 21 күні жер бетін қараңғылық басып, адамдардың басым көпшілігі өлетін болған. Тағы да планеталар шеруі өтуі тиіс еді. Аллаға шүкір, 21 желтоқсаннан аман-есен өттік. Сәуегейлер сандырағы келмеді. Ал Майя халқының ұрпақтары болса, күнтізбенің біткені ақырзаман емес, жаңа бір кезеңнің басталуы деп айтты. Жер бетін 2 айға қараңғылық басады дегенге сенгендер жаппай шырақ шамдарды сатып алып, бұзылмайтын азық-түліктерді қорап-қорабымен алып «ақырзаманға» әбден қамданған еді. Басқа елдерді қайдам, Қазақстанда шырақ шамдардың бағасы дүкендерде қараша айынан бастап қымбаттай түскен еді.

2012 жылғы ақырзаман туралы ел ішінде мынадай аңыз бар еді : «2030 стратегиясын орындамай ақырзаман болмайды». Ал Елбасының «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа бағыты» деген атаумен кезекті жолдау халыққа жетті.Енді халық ішінде «2050 жылға дейін аманбыз» деген жаңа сенім, жаңа үміт пайда болды. Әрине, бұл ел аузынан шыққан әзіл болса да, ертеңге деген сенімді ұялатады.

Міне, 2012 жыл осындай болды. Ал жаңа 2013 жыл қандай болатынын газетіміздің жылан жылындағы 1-санында болжап көрейік!

Автор:
Мәдина ОМАҚҰЛОВА.