Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

АНТИОКСИДАНТТАР


28 декабря 2012, 17:28 | 5 570 просмотров



Антиоксиданттар (грекше: antі — қарсы және oxіs — қышқыл) — тотығуға қарсы және оны тежеу үшін қолданылатын заттар, ағзаның қартаюын бәсеңдететін қышқылдану процестерін баяулататын химиялық заттар тобы. Олар ағза үшін зиянды, ағзаға бұзушы әсер ететін бос радикалдарды бейтараптандырады. Олар полимердің тозуын, тағамдық майлардың ашуын, жанар майлар мен техникаға қажетті майлардың қоюлануын, қоқыстануын азайтатын қасиетке ие. Ол 0,01-0,001% мөлшерінде қолданылады. Табиғаты әртүрлі қаныққан және қанықпаған табиғи және синтетикалық органикалық қосылыстар ферменттердің, оттектің және тотығу — тотықсыздану қасиеті төмен иондардың әсерінен асқын тотықтар түзеді де үздіксіз тізбекті реакцияға түсіп, тотыға отырып ыдырайды. Бұның бәрі бос радикалдардың пайда болуы нәтижесінде әрі қарай ыдырау процестерінің тізбектеле жүруіне себеп болады. Антиоксиданттар бос радикалдармен әрекеттесіп, өздері тұрақты бос радикалдарға айналады да тізбектеле өршіп, тотығу реакциясын тоқтатады не тежейді.

Керекті мөлшерде өндірілетін бос радикалдар зиянды токсиндерді жою жолымен қажетті балансты сақтау үшін біздің ағзамызға қызмет етеді. Егер де бос радикалдар шамадан тыс өндірілсе, олар жүректің, бүйректің, мидың және басқа маңызды мүшелердің жасушаларын жоюы, жүйке жасушаларын, қызыл қан түйіршіктерін зақымдауы, иммундық жүйе жұмысын нашарлатуы және тіпті жасушалардағы гендік материалға зиян келтіруі мүмкін, бұл қатерлі ісік өзгерістерінің түзілуіне әкелуі мүмкін.

Тамақпен бірге келетін антиоксиданттар сәйкес балансты сақтауға мүмкіндік беретін ағзаның қорғаныш механизмдеріне табиғи түрде әсер етеді. Сондықтан, олар емдәмнің өте маңызды элементі болып табылады. Барлығынан да көкөністер мен жемістерде антиоксиданттар көп кездеседі. Табиғи антиоксиданттарға дәрумендер, ал синтетикалық антиоксиданттарға әртүрлі ароматты қосылыстар жатады. Дәрумендер адам мен жануарлар тіршілігі үшін өте қажетті органикалық қосылыстар. Олар құрылымдық материал да емес, қуат кезі де болып табылмайды, бірақ ферменттік жүйелердің құрамасы (компоненті) және зат алмасу процесінің катализаторы болып табылады. Дәрумендер ағзаға өте аз мөлшерде ғана қажет. Қорек құрамында олардың болмауы немесе тапшылығы зат алмасу процесін бұзып, ағзаны түрлі ауруларға (мешел, ақшам соқыр, полиневрит т.б.) шалдықтырады. Ең көп таралған антиоксиданттарға мыналар жатады: A провитамині (бета – каротин)- сәбізде, асқабақта, өрікте, қызыл бұрышта, қызанақта, ақжелкенде, қымыздықта, саумалдықта және салат жапырақтарында бар.

A дәрумені- ағзаның өсуіне және дамып, жетілуіне әсерін тигізеді. Ол организмнің қорғаныш қасиетін арттырады, көздің көргіштігін жақсартады, теріде зат алмасуды реттеуге қатысады. Сәбізде, саумалдықта, сүт өнімдерінде, майда, жұмыртқаның сарысында және майлы теңіз балығында бар. E дәрумені – маңызды антиоксидант болып табылатын дәрумен. Табиғатта биологиялық белсенділігі мен ағзадағы атқаратын қызметіне байланысты сегіз түрлі формада (изомер) кездеседі. Антиоксидант ретінде ағзаны уланудан сақтайды, мысалы сүт қышқылынан. Егер де Е дәрумені жетіспесе ағзаның шаршауы мен қаназдыққа соқтырады. Өсімдік майларында, күнбағыс дәнінде, жаңғақтарда, кебекте, жүгеріде және саумалдықта бар. C дәрумені (аскорбин қышқылы)- ағзаның түрлі жұқпалы ауруларға қарсы тұруын арттырады, сүйек пен тістің мықтылығын жақсартады. Цитрустық жемістерде, кивиде, қызанақта, брюссель қырыққабаты , қызыл бұрышта, саумалдықта, қарақатта, жабайы раушанда және құлпынайда бар.

Селен - қатерлі жүрек аурудың (кардиомиопатия) алдын алады. А,С және Е витаминдердің үйлесуімен онкологиялық аурулардың пайда болуынан сақтайды, артрит кезінде көмектеседі, жүрек бұлшық етіне оттегінің келуінен ағзаның, төзімділігін арттырады. Бауырдың, қалқанша безінің, ұйқы безінің, жүйке жүйесінің қалыпты жұмысын нығайтады. Бразилия жаңғақтарында, күнбағыс дәнінде, балықта және теңіз өнімдерінде, сарымсақта, пиязда, қоңыр күріште, бидай кебегінде және құс етінде бар. Полифенолдар -қартаю процессін баяулатып, жалпы иммунды жүйені күшейтеді. Зайтүн майында, жүзімде, авокадода, қызыл шарапта, көк, қызыл және ақ шайда көптеп кездеседі.

Биофлавонoидтар- көкөністер мен жемістерде бар.

XX ғасырдың 70-інші жылдарында да бұл қосылыстардың ешқандай да тағамдық құндылықтары жоқ деп есептелінген.

-қатерлі ісіктердің кейбір түрлерінің түзілуінің алдын алуы мүмкін күшті антиоксиданттар болып табылады,

- күре тамырлардың қабырғаларын нығайтады (рутиндерді),

- вирусқа қарсы әрекет көрсетеді (кверцетин),

- аллергиялық реакция белгілерін азайтады.

Сульфорафен брюссель қырық-қабатында, брокколиде және гүлді қырыққабатта болады,

- қатерлі ісікке қарсы қасиеттері бар.

Полиацетилендер сәбізде және балдыркөкте бар,

- қатерлі ісік жасушаларының түзілуінің алдын алып, антиоксидантты әсер береді.

Монотерпендер мен фенол қышқылдары олардың әсіресе бай көздері сарымсақ пен соя болып табылады.

-олар астағы нитраттардан қарын-ішек жолдарында түзілетін нитрозаминдердің мөлшерін азайтады.

Сульфидтер қырыққабат және шалғам сияқты гүлді көкөністерде бар,

- артериалдық қысымды азайтуға көмектеседі,

- тромбтардың түзілуінің алдын алады.

Стериндер ең мол кездесетін көкөніс- қиярлар болып табылады,

- қандағы холестерин деңгейінің азаюына әсер етеді.

Антиоксиданттардың арқасында денсаулық пен сұлулықты ұзақ жылдар бойы сақтауға болады. Күнделікті емдәмде табиғи антиоксиданттарды қолдану организмде балансты сақтауға және көптеген ауруларының пайда болу қаупін азайтуға көмектеседі.

АНАР ЖЕМІСІНІҢ ПАЙДАСЫ

Анар — анар тұқымдасына жататын ағаш немесе бұта тәрізді субтропикалық өсімдік. Жабайы анар Кавказда, Орта және Кіші Азияда, Ауғанстан мен Үндістанда кездеседі. Кәдімгі анар (Punica granatum) Орталық Азия жемістерінің ішінде көп өсірілетін дақыл. Оңтүстік Қазақстанда анардың қызғылт Гюлоща, Бала-мюрсаль, Қазеке анар, Қызыл анар, т.б. бірнеше сұрыпы бар. Анардың сұрыптары қабығының түсіне байланысты анықталады. Қатты қызыл, қызғылт, алқызыл түсіне қарап, оның тәтті иә қышқыл екенін анықтауға болады. Биіктігі 3—5 м, бұтақтары тікенекті, ашық қызыл түсті келеді. Анар жарықты жақсы көреді, құрғақшылыққа төзімді, суыққа төзімсіз. Отырғызылғаннан кейін 3—4 жылда жеміс бере бастайды. Ағаштары жемісті 30-50 жылға дейін береді. Кейбір анар 300 жылға дейін өседі. Жемісінің салмағы 200-ден 1000 г-ға дейін, дөңгелек (диаметрі — 8—10 см), шырынды, көп тұқымды, сыртында қатты қабығы бар. Әбден пісіп жетілген анардың қабығы тегіс, құрғақ әрі қатты болуынан білуге болады. Тұқым өзара жемістің ішінде жеке «қоршаулар» арқылы 6-12 бөлімшеге ажыратылып тұрады. Әр тұқымның сыртында нәрлі, мөлдір, қышқылтым-тәтті шырын болады. Анар жидегінің құрамында 80—90% су, 8—12% қант, 0.5—5 % түрлі қышқылдыр, 3—4% көмірсу және А, В, С, Е дәрумендеріне, органикалық қышқылдарға, азотқа, фитонцидке, минералды заттарға және кальций, магний, натрий микроэлементтеріне бай болады.

Анардың жемістер атасы болып есептелуі бекер емес. Оның құндылығы – айрықша құрамында. Анар жемісін ежелден дәрігерлер мен халық емшілері дертке дауа ретінде пайдаланған. Анар шырыны жүрек және қан айналымы ауруларымен күреседі, қан қысымын төмендетеді және қартаю процестерін тежейді. Бос радикалдарға қарсы жақсы әрекет етеді, көк шайға немесе қызыл шарапқа қарағанда, құрамында үш есе көп антиоксиданттар болады. Ол ДНК мутациясы қаупін төмендете отырып, қатерлі ісік торшаларының бөлінуі мен көптеген онкологиялық аурулардың алдын алуға мүмкіндік береді.

Анар құрамындағы С дәрумені ағзаны сыртқы орта әсерінен қорғайды. Ауыз қуысы, тері, тамақ, тіс инфекциялық ауруларының алдын алады. Салқын күндері тұмау мен суық тиюден сақтайды. Анар адам ағзасындағы кез келген дерттен айығуға жол ашады. Қан құрамындағы гемоглобин мөлшерін арттырып, иммунитетті күшейтеді.

Анар жидегі немесе оның шырыны, әсіресе, мектеп оқушылары мен сынақ тапсырғалы жатқан студенттерге аса пайдалы. Оның құрамындағы минералды заттар мен жеміс-жидек қанты ми жұмысын жақсартып, ойлау қабілетін арттырады. Бұл жемісті ішек, зәр шығару жолдарының ауруларын, қаназдықты, атеросклерозды, баспа мен жұқпалы тері аурулары кезінде пайдаланады. Кептірілген анардан қайнатылған шай жүйке жүйесін тыныштандырады. Суық тиіп, науқастанған адамдар күніне 1 кесе анар шырынын 1 шай қасық бал араластырып ішуі керек. Анардың қабығын суға қайнатып, ауызды шайып отырса, тіс жегісінің алдын алуға болады.

Анар косметика саласында да кеңінен қолданылады. Ол теріні бос радикалдардың әсерінен қорғайды, теріні қалпына келтіру процестерін белсендіреді, оны қоректендіреді және жандандырады. Сондай-ақ коллаген мен эластиннің синтезделуіне мүмкіндік туғызады, бұл әжім қыртыстарының жазылуына, терінің тығыздығы мен созылымдылығын ұлғайтады.

Анар жемісінің шырыны түрлі дәрумендерге бай болғанымен, оның зияны да жоқ емес. Дәрігерлер құрамында лимон қышқылы көп осы жеміс шырынын асқазан жарасы бар және панкреатитпен ауыратын адамдарға аса сақтықпен тұтыну қажеттігін ескертеді. Дегенмен денсаулығында міні жоқ адамдардың өзі анар сөлін таза күйінде ішпей, сәбіз болмаса қызылша шырынымен, тіпті болмаған жағдайда қайнаған жылы сумен араластырып ішкендері абзал.

Автор:
Дайындаған: Ж. МӘТІБЕК, Ұлттық салауатты тағамтану орталығы Алматы облысы бойынша департаментінің қызметкері.