Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ТӨРТ ЖЫЛДА 284 ДӘРІГЕР СОТҚА ТАРТЫЛДЫ


28 декабря 2012, 17:19 | 2 049 просмотров



Қазақстанда дәрігерлердің құқығы тым көп бұзылады екен. Соңғы төрт жылда елімізде 284 медицина қызметкерінің үстінен сотқа шағым түсіріліп, процестер кезінде бірде-біреуі ақтала алмапты. Осындай оқиғалардан соң бір топ ақ халаттылар таяуда «Медицина қызметкерлерінің құқығын қорғау» деген ұйым құрып, әріптестерін арашалауға кірісіпті. Қоғамдық бірлестіктің президенті, медицина ғылымдарының докторы Нұрлыбек Үдербаевпен әңгімеміз қызу тақырып төңірегінде өрбіді.

- Нұрлыбек Нұрланұлы, қайта бізге қарапайым жұрт ауруханалардан жапа шегіп жатқандай көрінуші еді. Сіз керісінше, әріптестеріңіздің қиын жағдайларын айтып отырсыз.

- Иә, солай. Қазақстан заңдары дәрігердің науқас алдындағы жауапкершілігі үшін айрықша міндет жүктейді. Бәлкім, содан шығар, кейде түсіндіруге келмейтін түрлі себеп болса да, адамдар заң орындарына шағым түсіріп, ақ халаттыларды қудалап жатады. Тіптен кейбір жағдайларда дәрігер кінәсіздігіне қарамай жазаланады да. Ол өзін басшылықтың да, соттың да алдында ақтап алуға қауқарсыз. Өйткені басым бөлігінің кәсіби білімі терең болғанымен, құқықтық сауаты жетпейтіні шындық. Ал бәріміз озық медицинасын мақтайтын шетелде қалай?

Мен 2008 жылға дейін Украинада қызмет істедім. Бірде Харьков қаласында жұмыста жүргенімде бас дәрігер медиктердің құқығын үйрететін семинар-тренингке қатысушылар іздеп, мені жіберді. Жаңағы семинарға барып, таң-тамаша қалдым. Хирург, терапевт қысқасы саладағы әріптестеріміздің қай-қайсы да емдеумен қатар, өзінің құқығын да бес саусақтай біліп отыр. Науқасқа емдеу процедурасы ұнамай қалып, ол тиісті орындарға ша­ғымданса, дәрігер де өзінің міндетін тек ғана белгіленген нұсқаулық пен заң шеңберінде атқарғандығын айқын дәлелдеп бере алады. Ал бізде басқаша. Процедура сәтіндегі барлық оқиғаларға бізді кінәлі ету түкте қиын емес. Әрине, мен жауапкершіліктен қашып тұрғаным жоқ, алайда кейде науқас тұр­мақ, дәрігер де түсіндіріп бере алмайтын кездейсоқ сәттер де кездеседі. Оның жауапкершілігінің бәрі емдеушінің мойнында. Сотқа шағым түсіріл­генде, әріптестеріміз аяусыз айыпталатындығы соншалық, дұрыстап қорғана да алмайды. Үлкен дауға ұласқан Шымкенттегі ВИЧ оқиғасы кезіндегі «дәрігерлер ісі» осының бір дәлелі. Ақ-қарасы толық анықталмаған оқиға те­рең талдауды қажет ететіндігі сөзсіз.

- Неге олай дейсіз, ақысын төлесе, адвокат деген жетерлік емес пе?

- Иә, оған талас жоқ, бірақ сол адвокаттар медициналық тұрғыдан толыққанды сауатты болмағандықтан, соңғы төрт жылда дәрігерлердің үс­тінен құзырлы органдарға жазылған арыздың бірде-бірінде ақтау үкімі немесе шешімі шықпаған. Арнайы органнан сұратып жүріп алдырған статистикалық деректерге жүгінсек, 2008 жылдан 2012 жылдың наурызына дейін 284 медицина қызметкерінің үстінен сотқа арыз жазылып, соның барлығында да әріптестеріміз айыпты деп танылған. Осы мүмкін бе? Бірлесіп жұмыс істеу ықтималы болған соң, адвокаттардың да кәсіби біліктілігін саралап шықтық. Қазақстан бойынша жалғыз адвокаттың ғана медициналық білімі бар екен. Қорғаушының саланы кәсіби түрде меңгеруі, емдеу проце­сіндегі кез келген жайттан хабардар болуы сот барысында айыпталушыны қиын сәттерден құтқарып қалуға, кейбір жағдайларда оның да қолынан еш­теңе келмейтіндігін түсіндіріп, ақтап алуына мүмкіндік береді. Адам жанының арашашысы саналатын ауыр да, азапты мамандық иелерінің тым қорғансыз қалғандығын күнделікті жұмысымызда көрген соң ұйым құруға кірістік.

- «Медицина қызметкерлерінің құқығын қорғау» ұйымы құрылғалы бері аталған проблемаларды қаншалықты еңсере алды?

- Қоғамдық бірлестікті 2011 жылы бірқатар әріптестер бастамашы болып құ­рып, Денсаулық сақтау министрі С.Қайырбекова ханымға хат жаздық. Министрге рақмет, біздің айқын мақсатымызды қолдап, облыстық денсаулық сақтау басқармалары арқылы барлық мекемелерге таратты. Базбір ұйымдар сияқты емес, біздің бірлестік үшін қаржылай пайда табу басты мақсат емес, негізгі міндетіміз - дәрігерлерді, медбикелерді қорғап, емдеу мекемелеріне құқықтық көмек көрсету. Сонымен бірге ауруханалардағы еңбек дауларын, әлеуметтік қамтуларын да қарап, экономикалық тұрғыдан дамуларына қол ұшын соза аламыз. Облыстарда филиалдарымызды құруға кірістік және небәрі бір жылдың ішінде 100-ден астам азаматқа кеңес беріп, 2 сот ісіне қатысып отырмыз. Қазақстанда 70 мыңдай медицина қызметкерлер бар десек, жыл көлемінде бес мыңнан астам әріптес бірлестіктің мүшесі болуға өтініш берді. Мүшелердің үмітін ақтап, сенімді түрде көмек көрсету үшін Астанада білікті заңгер Дидар Сахари басқаратын адвокаттық кеңсемен өзара келісімге келіп, бірлесіп жұмыс істеуге көштік.

- Нұрлыбек Нұрланұлы, шындық үшін ренжудің реті жоқ. Айтайын дегенім, сіздердің орталарыңызда да қызметін бұлдап, өмір мен өлімнің арпалысқан сәтінде науқастан пара талап ететіндер жеткілікті ғой. Керек десеңіз, ауруханаларда кейбір бас дәрігерлердің өзі жемқорлықтың жолға қойылған жүйесімен жұмыс істейтіндігі де жасырын емес. Сонда оларды да қорғайсыздар ма?

- Өте орынды сұрақ, несіне ренжимін. Бірден кесіп айтайын, Гиппократтың антына адал емес, аса қадірлі мамандықты бас пайдасы үшін жаратып жүргендермен жолымыз мүлде қиылыспайды. Біз әріптестеріміздің мүддесін тек сотта ғана емес, кәдімгі қызметтік, қоғамдық ортада да қорғауға бекініп отырмыз. Егер қызметкерлер бас дәрігерлерден қысым көрген, заңсыздыққа мәжбүрлеген жағдайларды жеткізсе, оны міндетті түрде тексеріп, анықталған жағдайда жергілікті денсаулық сақтау басқармалары арқылы арамыздан қуамыз. Егер олардың шамасы жетпесе, Денсаулық сақтау министрлігінің өзіне тіке шығып, мәселенің ақ-қарасын анықтауға күш саламыз. Қатардағы жай қызметкерге өз құқығын қалай қорғау керектігін үйретеміз. Сол сияқты өз ісінің маманы еместер туралы да шағымдар түссе, анықтауға, қоғамдық ықпал ету тетіктері арқылы тәртіпке шақырып, талап қоюға, көнбесе, заң орындарын да араластыруға толық мүмкіндігіміз жетеді. Егер мұндай қатал да, қиын қадамдарға бармасақ, кейбір анттан аттап, ардан безгендердің әрекеті қазақстандық дәрігерлерге деген халықтың көзқарасын өзгертіп жіберетін сияқты. Ақ халаттылардың барлығын парақор, өз ісінің маманы емес дейтіндей жаңсақ пікірлердің жиі-жиі жаңғыруының да өзіндік себебі бар. Байқасаңыз, кейбір телеарналар аптасына бірнеше рет тек ғана медицина қызметкерлерін сынайтын, келемеждейтін оқиғаларды көрсетеді. Бірақ шын мәнінде, солай ма? Алдымен емдеу ісінің ушығуына қай тараптың қателікке барғанын сарап-тау қажет қой. Емделушілердің де ішінде неше түрлі адамдар кезігіп, кейбір кездері тіптен ақылға сыймайтын талаптар қоя­ды. Дәрігер де адам, рас, кейде ол да қателеседі. Өз кінәсіне шын өкініп, мо­ральдық тұрғыдан күйзеліске түсіп, анты мен арын ойлап, ауыратындар да бар. Оларды өзара бітімге келтіруден, әрине, емделуші кешірген жағдайда, татуластырудан неге қашуымыз керек?!

- Қазіргі кезде қаржысыз қадам басу қиын. Егер құпия болмаса, ұйым қайдан қаржыландырылады?

- Сұрағыңыздың астарын түсіндім. Қоғамдық бірлестікті ашар кезде шетелдік ұйымдардың гранттары мен қаржылық қолдауларын алмаймыз деген ұстанымға тоқтағанбыз. Өйткені егер ол жақтан тиісті қолдау тапсаңыз, мін­детті түрде қайтарымы болады. Бүгінде медицина саласына арналған шетелдік грант көп. Бірақ басым бөлігінде оның өтеуі ретінде әлдебір дәрі­лерді өткізуің керек, болмаса әртүрлі жолдармен өздеріне қызмет еткізеді. Бастамамызды тәуелсіз тұрғыда жүргізу үшін өз күшімізге сендік. Әзірге, бастамашыл топтың жинаған қаржысы, екіншіден, мүшелік жарна арқы-лы бастаған ісімізді жалғастырудамыз. Денсаулық сақтау министрлігінің гранттары мен жобалары болса, бірлесіп жұмыс істеуден қашпаймыз. Бәрі­мізді мамандығымыз, мақсат-мүддеміз біріктіретіндіктен, қанаттасып қызмет атқарудың әбестігі жоқ деп ойлаймын.

- Жаңа дәрігерлердің құқықтық сауатын шетелдегідей деңгейге жет­кізу жайындағы арманыңызды әңгімеледіңіз. Бұл үшін нақты жоспар­ланған қадамдар бар ма?

- Алдымен, медициналық білім беретін оқу орындарда қосымша курс ашуды ойластырып отырмыз. Сот ісін жетік білетін сауаты терең заңгерлер дәріс оқып, болашақ мамандарға өз ісімен қатар құқықтық білімдерін жетілдіруге көмектеседі. Мұнымен бірге ақылы курстар ашып, бас дәрігерлерден бастап тілек білдірген барлық медициналық персоналға заң талаптары мен тәртібін оқытамыз. Қоғамдық бірлестік атқаратын жұмыстардың барлығы жаңадан ашылған e-dariger.kz дейтін сайтымызда жазылып тұр. Ұйымға мүше болуды қалайтын әріптестер, шағым айтқысы келетіндер немесе құқықтық көмек қажет еткендер байланысса, әрдайым көмек көрсетуге, бірлесе жұмыс істеуге әзірміз.

Автор:
Сұхбаттасқан Бейсенбай ДӘУЛЕТҰЛЫ aikyn.kz