Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

МАНГО - ТРОПИКАЛЫҚ ЖЕМІСТЕРДІҢ ПАТШАСЫ


21 декабря 2012, 01:13 | 1 959 просмотров


Тропикалық жемістердің арасындағы ең тәттісі де, ең жақсысы да – манго. Манго сөзін санскрит тілінен аударғанда «ұлы жеміс» деген мағынаны білдіреді. Әлем халықтары бұл жемісті "тропикалық жемістердің патшасы" деп атайды.

Жеміс осыдан 4000 жыл бұрын өзінше танымал, мәдениеті, дәстүрі мен аңызы бай Үнді жерінде пайда болған. Осыдан болар, манго үндістердің ұлттық жемісі саналады.

Ақиқат бар жерде аңыз да бар. Манго жемісінің төңірегінде шертілетін аңыздарға да көз жүгіртіп көрелік. Бағзы замандарда Шива құдай өзінің сұлу сезімінің нышаны ретінде сүйікті әйеліне манго ағашын сыйға тартады. Ағаштың көз тартар көркі мен жемісінің тіл үйірер дәмін ұнатқан жер бетіндегі адамдар да оны аз уақыттың ішінде жақсы көріп кетеді.

Бүгінде азиялық континенттің өте көп бөлігінде осы бір мәңгі жасыл болып тұратын жеміс ағашы жайқалып тұр. Олардың табиғатта 1000-ға жуық түрі кездеседі. 35-ке жуық түрі Үндістаннан басқа, Филиппин, Тайланд, Африка жерлерінде өседі.

Манго құрамындағы А дәрумені адам бойындағы әлсіздікті жеңеді. Сондай-ақ көп мөлшерде кездесетін С дәрумені мен калий адам ағзасына аудай қажет. Үнділіктер халық медицинасында мангоны қатерлі ауруларды емдеу үшін қолданатын болған.

Дәрігер мамандар қазіргі таңда жүрек-қан тамырлары ауруымен ауыратын, ас қорыту мүшелерінде қиындықтары бар адамдарға мангоны көп жеуге кеңес береді. Ол пектинге, жасұныққа бай болғандықтан, иммунитетті күшейте алады. Сондай-ақ, мангоның шырыны тамақ ауруына таптырмас ем.

Дегенмен, пайдасы бар екен деп, беталды жей берудің қажеті жоқ. Күніне 2-3 дана жеп тұрсаңыз, жеткілікті.

Автор:
massaget.kz