Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

БОЛАШАҒЫМЫЗ ҚАЛАЙ БОЛАДЫ?


21 декабря 2012, 01:03 | 1 791 просмотр



Адам ақылсызданып барады. Стэндфорд университетінің ғалымдары осындай қызық тұжырымға келген екен. Яғни адам миы күн өткен сайын әлсіреп, ойлаудан қалып барады. Мидың жаппай деградацияға ұшырауына адамның уайым-қайғысыздығы себеп. Заманауи технологиясы керемет дамыған мына заманда алыс планеталарға сапар шегіп жүрген адамзат санасы енді тоқырауға ұшырауы мүмкін еместей көрінеді. Бірақ дәл осы «кемелденген» керемет заманға жеткізген адам миының бүгінгі жетістіктері бүкіл адамзат ақылының сарқылуына себеп болып отырған көрінеді.

ЖАППАЙ АҚЫЛСЫЗДАНУ МҮМКІН БЕ?

Қазіргі таңда адамзаттың өмір сү¬руіне соншалықты ақылдың қажеті де жоқ. Өйткені адамның барлық қажеттіліктерін заманауи технология алмастырған. Қарапайым ғана көбейту кестесін жаттаудан қалған, есеп атаулының барлығын калькулятор мен компьютердің мойнына жүктеген адамның есте сақтау қабілетінің керемет болуы екіталай екендігі баршамызға мәлім. Қазіргі күнгі ақылдылардың, бәленбай дипломы бар адамдардың жұмысы осы компьютермен шектеледі. Демек, ақылы мен іс қимылы сол компьютерге тәуелді. Бұл - маңдай терін төгіп, қара күшін жұмсап ақша тауып жатқандар мүлде жоқ деген сөз емес. Арасында қара жұмысқа жегіліп, күнделікті шай- пұлын айырып жүргендер де бар ғой. Десе де, адам өмірінің барынша жеңілдегені анық.

Зерттеушілер адам ақылының әлсірегенінен қорқудың еш қажеті жоқ деген ойда. Өйткені адамзат толығымен ақылсызданған кезде, ми жаңа эволюциялық жолмен қайта дамымақ. Стэнфорд университетінің профессоры Джеральд Крэбтри адам ақылын қалыпты жағдайда ұстайтын гендердің мутацияға ұшырауы бұдан бұрынырақта басталғандығын айтады. «Жабайы қоғамда адамдар үнемі өмір үшін күрес жүргізуге мәжбүр болған. Кейін келе жабайылықтан арылып, бірлесіп тіршілік ете бастаған. Уақыт өте келе сауаты ашылған олар басқару жүйесін ойлап тауып, үлкен тайпалар мен елдерге айналған. Нәтижесінде барлығы дамып, адам өмірі жеңілдей түскен. Осы кездерден бастап, ми ақырындап деградацияға ұшыраған» деген тұжырымды алға тартқан доктор Крэбтридің пайымдауынша, бұл құбылыс осыдан үш мың жыл бұрын басталған. Сондай-ақ нейробиология саласының мамандары қазіргі заман адамдарының ойлау жүйесіне жауап беретін гендер мутацияға ұшырауға бейім келетінін анықтапты.

Кембридж университетінің нейробиологі Саймон Лаулин адам миының дамуы өз шыңына жеткенін айтып, «енді құлдырамаса, дамымайды» деген шешімге келіпті. Яғни адамның миына салмақ түсірмесе, ол жұмыс жасап, энер¬гия жұмсай қоймайды. Дұрыс жұмыс жасамаған мидан «бүтін» ақыл шыға қоюы екіталай. Солайша бәрі тұйыққа тіреліп, сана құлдырауға бет алады. Соған қарағанда, миға салмақ түсірмеудің, жанды қинамаудың амал-тәсілдерін ойлап тауып жатқан біздің заманда ақылды болу қиынға соғатын секілді. Бұл құбылыс, яғни ақылсыздану үрдісі асықпай жүріп жатқанымен, ғылым мен технолгия одан жылдамырақ дамуда. Осы тез дамыған ғылым, ақылдың тоқырауын тоқтататын, миды кемелдендіретін дәрі немесе заманауи құрылғы ойлап табатын да шығар. Кім білсін, мүмкін адамның ақылы мен есін компьютер жадына жүктеп қоятын заман да тууы мүмкін. Бірақ онсыз да біз үшін компьютер жұмыс істеп, компьютер есеп шығарып жүр емес пе?

КӨНЕ ДӘУІРДІҢ ЖЕТІСТІКТЕРІ ҚАНДАЙ?

Расында, бұрынғының адамдары астрономия мен медицинаны, сәулет саласын жақсы меңгерген екен. Оған бұрынғы заман жәдігерлері мен кезінде салынған алып құрылыстар дәлел бола алады. Мысалы, біздің заманымыздан бұрынғы ғасырларда өмір сүрген Пифагорға және өзге де шә¬кірттерге мектептегі ұстаздары Жерді домалақ деп оқытқан. Біздің заманымыздан бұрынғы ІІ ғасырда өмір сүрген Аристарх Самоский Жердің Күнді айналатынын ғылымда дәлелдей алмаса да, бірінші боп айтқан. Сол ғасырда Александрияда өмір сүрген кітапханашы Эратосфен Жердің дәлме-дәл көлемін анықтап берген. Ал Жердің нақты қанша жаста екенін бархман тайпасы баяғыда-ақ жазып кеткен екен. Ал ғылымдар оның жасын ХІХ ғасыр ортасында бірақ есептеп білген. Ежелгінің адамдары ғарыш кеңісті¬гінде Жерден өзге де планеталардың бар екенін жақсы білген сыңайлы. Көненің ойшылы Анаксимен Ескендір Зұлқарнайынға Жердің осымен шек¬телмейтінін, ғарышта патша әлі жаулай алмаған талай «жерлердің» бар екенін айтқан. Ғарыш демекші, бұрынғының адамдары ғарышты да бізден бұрын игеруі әбден мүмкін. Өйткені кейбір деректер бұрынғы адамдардың астрономиялық білімінің әлдеқайда жоғары болғанын дәлелдейді.

Берлин мұражайларының бірінде шумер тайпасынан қалған сурет сақтаулы тұр. Бұл суретте Күн жүйесінің сызбалары салынған. Ал жабайы халқы көп Африка жерін мекен еткен догон тайпасы Юпитер мен Сатурн планеталары жайлы жақсы білген екен. Тас дәуірінде өмір сүрген, үңгірлерді мекен еткен адамдардың да астрономиялық білімі терең болған-мыс. Үңгірлерден табылған жұлдыздар жүйесінің сызбасы, осы сөзімізді растап бермек.

Сондай-ақ зерттеушілер Коста-Рика жерінен домалақ тастарды тапқан. Мамандар бұл тастар «ғарышты игеру мақсатында пайдаланылған болу керек» деген болжам жасауда. Мамандардың бұлай деуіне салмағы 16 тоннаға дейін жететін домалақ тастардың географиялық әрі астрономиялық дәлдікпен орналасқандығы себеп болып отыр. Ал Коста-Риканың солтүстігінде орналасқан Мексика жерінен салмағы 40 тоннаға жететін тастар табылған. Бұлардың кімнің қолымен жасалғаны және нақты қандай мақсатта пайдаланылғаны әлі толық нақтыланған жоқ. Десе де, ғалымдар тастардың жасын анықтай алған. Мамандардың пайымына сүйенсек, алып шарлар бұл жерлерде осыдан 3 мың жыл бұрын пайда болған.

Ал Айдың беттеріндегі теңбілдің биік таулар мен терең ойпаттардың ізі екендігін біздің заманымызға дейінгі дәуірде өмір сүрген Демокрит айтып кеткен. Заманауи құрылғыларсыз-ақ Айдың сырын ұққан ғалым Демокрит қана емес. Ежелгі грек философы Анак¬сагор Жердің көлеңкесі түскендіктен Айдың жарты бөлігі көрінбей қалатынын бірінші боп айтқан. Күн мен Ай қатар келгенде алакөлеңке болып, Күннің тұтылатынын да бірінші болып болжаған осы - Анаксагор.

Бұрындары металлургия саласы да жақсы дамыған екен. Оңтүстік Америка жерінен археологтар көне дәуір адамдарының қолымен жасалған платинадан құйылған мүсіндер мен түрлі бұйымдарды тапқан. Ал еуропалықтар платинаны ерітудің тәсілін кейін 1800 жылдары ғана меңгерген. Зерттеушілер 2000 градуста ғана балқитын темірдің «тілін» ежелгі үндістердің қалай тапқанын біле алмай дал.

Осыдан 1700 жыл бұрын өмір сүр¬ген Қытай императоры Чжоу-Шудың мазары да көпшіліктің таңданысын тудырып отыр. Қытай әміршісінің мазарының кейбір бөліктері бірнеше металдардың қосындыларынан тұратын көрінеді. Бұл қоспаның ішінде барлығымыз жақсы білетін аллюминий бар болып шықты. Ал аллюминий болса 1825 жылдары ғана балқытыла бастаған.

Ежелгі мәдениетті жасаған адамдардың білімі осындай биік деңгейде болғанына сену қиын-ақ. Бірақ біздің дәуіріміздің орта ғасырларында жасалған кейбір дүниелер мен ғимараттар мұның растығына иландырады. Мысалы, бір күнде жермен жексен болған, Орта Азиядағы ең ірі кітапханалардың бірі саналатын - Отырар кітапханасы. Ондағы кітап қорының ғаламат болғандығы, ондағы кітаптардың кереметтілігі айтылып та, жазылып та жүр. Қарапайым Түркістандағы Қожа Ахмет Йассауи кесенесінің талай ғасыр ыс¬тық пен суықта, жел өтінде тұрса да кете қоймаған бояуы, мүжіле қоймаған кірпіші озық мәдениеттен хабар беріп тұрған жоқ па?

Иә, айта берсең, бұрынғының мұндай озық дәстүрлері көп. Расымен де уақыт өте келе атадан қалған дәстүр ұмытылып, олардың жеткен жетістіктері белестің арғы жағында қалып қойған шығар. Бұдан бір-ақ нәрсені түюге болады. Адам жеңіл өмір сүруге талпынып, миын да жеңіл ойлауға мәжбүр етуде. Содан салты мен дәс¬түріне де жеңілтек қарайтын болады. Мұның түбі адамды тұйыққа тірейтінін ертеде-ақ сезген Абай қазағына: «Уайым-қайғысыздығыңа уайым-қайғы қыл дағы, сол уайым-қайғысыздықтан құтыларлық орынды қарекет табу керек һәм қылу керек. Әрбір орынды қарекет өзі де уайым-қайғыны азайтады, орынсыз күлкіменен азайтпа, орынды қарекетпен азайт» деген сөз қалдырған. Ал «ауырдың үстін», «жеңілдің астын» таңдап жүрген біздің әрекетімізден болашақта не шықпақ?!

Автор:
Сабина ЗӘКІРЖАНҚЫЗЫ, aikyn.kz.