Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ЖЫНЫСТЫҚ ҚАТЫНАСҚА ЕРТЕ ТҮСЕТІН ЖАСӨСПІРІМДЕР КЕЙІН ҰРПАҚСЫЗ ҚАЛУЫ МҮМКІН


14 декабря 2012, 22:05 | 1 530 просмотров


Бұл туралы Астанада «Жасөспірімдер мен жастардың репродуктивтік денсаулығын қорғау саласындағы мемлекет пен қоғамның қызметін жетілдіру» атты республикалық конференцияда Адам ұрпағын өрбіту институтының директоры, биология ғылымдарының докторы Салтанат Байқошқарова мәлім етті. Сонымен қатар ол осыдан он жыл бұрын ең ерте жыныстық қатынасқа түскен баланың жасы 16-да болса, қазіргі кезде 12 жас болып тіркелгендігін хабарлады.

"Бедеулік мәселесімен емделуге келетін әйелдердің 70 пайызы түсік жасатқан әйелдер. 90 пайызға жуығы жыныстық аурулармен ауырған. Осыдан-ақ мәселенің қаншалықты ушыққандығын бағамдай беріңіздер. Егер жасөспірім 12-13 жастан бастап жыныстық қатынасқа түсе бастаса, ол психикалық ауытқуға ұшырайды, вирустарды жұқтырып, дәрі-дәрмек қабылдайды, қыз балалар жүктілікке қарсы неше түрлі гармондық дәрілерді қабылдайды, тіпті жасанды түсік жасатады. Одан ұрпақ болады деп күту екіталай. Бұл өз кезегінде мемлекет әлеуетіне нұқсан келтіреді", - деп атап көрсетті ғалым.

Бүгінгі республикалық конференция қазіргі кезде Қазақстанда жасөспірімдердің репродуктивтік денсаулығы қандай деңгейде, ұрпақтың саулығы қаншалықты қорғалып жатыр деген мәселелерді көтеріп отыр. Бұл шараның негізгі мақсаты аталған проблемаға мемлекеттің назарын аудару.

Автор:
ҚАЗАҚПАРАТ