Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Перзентхана құрылысын аяқтауға қаржы керек


14 декабря 2012, 21:53 | 1 576 просмотров



Сенатта өткен жалпы отырыста депутат Нұрлан Сүлейменов Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі С.Ахметовтың атына депутаттық сауал жолдаған еді. Онда былай делінеді:

«Құрметті Серік Нығметұлы!

Депутаттық сауал жолдауға Алматы облысы, Сарқан ауданының әкімі мен аудандық мәслихат депутаттарының Орталық аурухана ауласында орналасқан перзентханаға арналған ғимарат құрылысының 1986 жылы басталып, 1991 жылы тоқтап қалуына байланысты сол 20 жылдан астам уақыт тапжылмастан тұрған сақалды құрылысты аяқтауға қаржы бөлдіруге ықпал етуімізді сұраған өтініш-хаттары себеп болып отыр.

Ал, қазіргі перзентхана үйі шағын 2 қабатты кірпіш-каркасты ғимаратта орналасқан, санитарлық нормативтерді орындауға мүмкіндігі жоқ. Оңалту бөлмелерін, күндізгі емдеу бөлімшелерін, жедел жәрдем, ауруларды қабылдау бөлмесін орналастыруға ғимаратта орын жоқ, диагностикалық бөлімшелерді орналастыруға да орын жетіспейді. Бір кабинетте екі дәрігер қабылдайды.

Сонымен бірге, Апаттар медицинасы аймақтық орталығының Сарқан қаласында ашылуына байланысты қосымша медициналық ғимараттар мен бөлмелерді салу қажеттілігі туындап отыр. 2007 жылы аурухана ғимараты құрылысының жобалау-сметалық құжаттамасын дайындауға 67,0 млн. теңге бөлінген болатын, алайда, қаржы дағдарысына байланысты бұл жұмыстар тоқтап қалды.

Бүгінгі таңда бұл аурухананың салынуы аудан үшін өзекті мәселеге айналған. Өйткені, салынған ғимаратта перзентхана және әйелдер консультациясы, операциялық блогымен қоса хирургиялық бөлім, ауруларды қабылдау бөлмесі және ем алғаннан кейінгі оңалту орындары (реабилитациялық бөлмелер), жедел жәрдем бөлімшелері орналасуы керек еді.

Бұл мәселені шешу мақсатында Алматы облысы, Сарқан ауданындағы Орталық аурухана ауласындағы перзентхана ғимаратының құрылысының жобалау-сметалық құжаттамасын дайындауға облыстық бюджет есебінен 26 млн. теңге бөлу мәселесі қарастырылуда.

Құрметті Серік Нығметұлы!

Жоғарыда айтылғандар ескеріліп, қажетті қаражаттар қарастырылса дұрыс болар еді».

Автор:
-----