Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

НӨЛДІК КӨРСЕТКІШКЕ ЖЕТУ МҮМКІН БЕ?


14 декабря 2012, 21:52 | 1 373 просмотра



ВИЧ-СПИД індетінің көрсеткіштерін төмендету мақсатында Қазақстан дүниежүзілік «Нөлдік көрсеткішке жету» науқанына белсене қатысуда. 2011-2015 жылдарға арналған шара барысында індеттің таралу, оның салдарынан қайтыс болу, ВИЧ жұқтырған жандарды кемсіту көрсеткіштерін мейлінше азайту көзделіп отыр.

Осы мақсатта ел бойынша 10 қараша мен 10 желтоқсан аралығында ақпараттық науқан жүргізілуде. Салауатты өмір салтын қалыптастыру мәселелері жөніндегі ұлттық орталықтың директоры Жәмила Баттақованың айтуынша, науқанның міндеті - қоғам назарын АҚТҚ және ЖҚТБ мәселелеріне аудару және олардың алдын алу.

- Бірінішіден, індет кең таралмас үшін, салауатты өмір салтын ұстанып, отбасы құндылықтарын дәріптеуіміз керек. Жыныстық жолмен таралудың алдын алу үшін адам өз нәпсісін тыйып, кездейсоқ байланыстардан аулақ болғаны абзал. Екіншіден, анадан балаға берілуін болдырмас үшін, бала көтерген кезде есепке ерте тұрғандары дұрыс. Жүктілік кезеңінде өткізілетін тексеріс барысында, егер анасында аталмыш вирустың барлығы ерте анықталса, онда балаға берілудің алдын алып, ем жасауға болады. Үшіншіден, әркім өз денсаулығына немқұрайлы қарамағаны дұрыс. Кез келген емханада ВИЧ-ке тестті тегін өтуге болады. Оның қорытындылары да құпия ұсталады, - дейді орталық директоры Жәмила Баттақова.

Алаңдатарлығы, кейінгі уақытта бұл вирустың жыныстық жолмен таралуы артып барады. Соңғы екі жылда тұрақты жұмысы бар, сала¬уатты өмір салтын ұстанатын, және есірткіге жоламаған жандардың ВИЧ-ке шалдығу көрсеткіші өсіп отыр дейді мамандар.

- Қазіргі кезде Қазақстанда ВИЧ-инфекциясын жұқтырған 19 498 адам есепте тұр. Соның ішінде 61 пайызын қан тамыры арқылы есірткі пайдаланғандар құраса, қалған 30 пайызына жыныстық жолмен таралған. Олардың ішінде жұмыссыздардың саны басым. Індет көрсеткіштерін нөлге теңестіру мақсатында қабылданған декларация бойынша көптеген шаруа атқарылып жатыр. Нәтижесінде СПИД-пен тіркелгендердің қатары сиреп келеді. Соңғы жылдары инфекцияның қан құю арқылы жұғу жағдайы тіпті тіркелген жоқ. Өйткені қан тапсырушылар түбегейлі тексерістен өтетін болды, - деп тұжырымдайды ЖҚТБ алдын алу және онымен күрес жөніндегі Республикалық орталық бас директорының орынбасары Ирина Петренко.

Дегенмен ЮНЕЙДС халықаралық ұйымының Қазақстандағы өкілі Роман Гайлевичтің айтуынша, Орта Азия аймағында ВИЧ-СПИД-тен көз жұматындардың саны азаймай тұр.

- Аталмыш індеттің әлемде та¬ралу жөніндегі ЮНЕЙДС-тің 2011 жылғы есебінің қорытындысы бойынша, жағдайдың он жыл бұрынғы кезбен салыстырғанда әлдеқайда жақсарғанын байқауға болады. Егер 2001 жылдары жыл сайын 20 миллионға жуық адам ВИЧ жұқтыратын болса, 2011 жылға қарай бұл көрсеткіш әлем бойынша 2,5 миллионға түсті. Сонғы бес жылда дүниежүзінде өлім көрсеткіші де төмендеп келеді. Ол ВИЧ-пен өмір сүретін жандардың вирусқа қарсы емге қол жеткізуімен байланысты. Дүниежүзі бойынша ВИЧ жұқтырған 34 миллион адам болса, соның 8 миллионы жыл сайын ем қабылдап жатыр. Бірақ Шығыс Еуропа мен Орта Азиядағы жағдай басқаша. Орта Азияда ауру жұқтырғандармен қатар, соның салдарынан қайтыс болғандар да көп. Өйткені бұл аймақтарда пациенттердің антиретровирустық терапияға қолы жепей келеді. Сондықтан алдын алу шараларын жан-жақты қолға алу мен пациенттердің өмірін ұзартатын емге қол жетімділікті қамтамасыз ету өткір тұр, - деп пайымдайды Роман Гайлевич.

Автор:
Үмітжан ЖАПАР, «Айқын»