Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

АҚЫРЗАМАН:СОҢҒЫ СӘТ НЕМЕСЕ САНДЫРАҚ...


14 декабря 2012, 21:50 | 1 524 просмотра



Соңғы кездері жер шарының әр бұрышында болып жатқан сан-қилы табиғат апаттары мен қасақана ұйымдастырылып жатқан жарылыстар, ақырзаман туралы әңгімені қыздырып, адам бойындағы үрейді өршіте түсуде. Әсіресе, «Ванга айтыпты, Ностардамус болжапты» деген алып-қашпа сөздер мен Америка құрлығындағы ежелгі өркениеттің Майя тайпасы жасаған күнтізбенің 2012 жылмен тәмамдалуы отқа май құйғандай әсер етуде. Десек те, көріпкелдердің болжамымен нақ келген бірде-бір оқиға жоқ. Ең алдымен Ностардамус 2010 жылдан қанқұмар билеушінің дәуірі басталып, әлемдік соғыс оты жанып, өрті лаулайды деген. Химиялық және биологиялық қарулар жаппай қолданысқа еніп, жер беті тастүнекке батады деп болжаған болатын.

Алайда 2010 жылы Ностардамус айтқандай, жаппай қырып-жою мен соғыс ашқан мемлекет болмады. 2012 жылға таман бұрынғы кеңестік елдер қайта бірігіп, жаңа федерация пайда болды делінген болатын. Бірақ, бұл болжам кеңес елдерінің бірігуіне емес, қазіргі Кедендік Одақтың құрылуы мен Еуропалық Экономикалық Кеденнің өмірге келуіне жасалған болжам сынды. Ал атақты көріпкел Ванга 2010 жылдың қараша айында үшінші дүниежүзілік соғыс басталып, ол 2014 жылдың қазан айына дейін созылады деп болжаған. АЛЛАҒА ШҮКІР, 2010 жылы ешқандай үшінші дүниежүзілік соғыс басталып, ешқандай мемлекет қырылып қалған жоқ. Осы орайда ресейлік Екатерина есімді көріпкел ақырзаман деген аты жаман болжамаға байланысты өз білгенін де жария етті. Ол өз болжамында: екі үлкен державаның қақтығысып қалатын күніне дейін де дәл айтқан. Оның болжамынша, ол күн 2010 жылдың 11-ші қарашасы еді. Алайда ол қақтығыс та орын алмады, ешқандай державалар да қосылмады. Тағы бір аты жерді жаратын болжам – Майя күнтізбесінен туған болатын. Біздің дәуірімізге дейін 3113 жылдың 13 тамызынан бастау алатын бұл күнтізбе айының дәлме-дәлдігі XXI ғасыр ғаламдарының бас ауруына айналған сынды. Бұлай дейтін себебіміз, Майя күнтізбесінің аяқталуы 2012 жылдың 21-желтоқсанымен бітеді. Яғни, бірнеше күндерден соң «ақырзаман» болады деп даурығып жүргендердің сенетіні осы күнтізбе. Дәл осы күні «планеталардың ұлы шеруі басталып, Сатурн, Юпитер, Марс, Күн, Жер бір сызық бойына орналасады, басқа жүйедегі барлық планеталар да сап түзеп, әлем бір өрістен екінші өріске шығады. Жаңа эволюция басталады» делінген. Майя өркениетінен бізге жеткен деректері бойынша, әлем бізге дейін төрт мәрте жойылған. Біз бесінші кезеңде өмір сүріп отырмыз дегенді алға тартады. Майя күнтізбесіне сенсек, ол 5126 жылға созылып, 2012 жылдың 21-желтоқсанында аяқталады деп жазылған. Демек, ақырзаман болады деген сыбыс бар-жоғы Майя күнтізбесі 2012 жылмен аяқталатын болғандықтан шыққан.

Алайда, Майяның бұл күнтізбесі мен жасаған болжамдарына оның ұрпағы Дирк Ван Туренхут: «Бұл – ақырзаман емес, ол жай ғана бір күнтізбенің екінші күнтізбемен орын алмасуы»-дейді.

Осы орайда Тибеттік монарх Оракул Шамбалының НАСА ғылыми – зертханасы өкілдеріне берген сұхбатында: «21 желтоқсан күні жер шарын қаратүнек басып, тыныштық орнайды. Бұл сәтте жер галактикалық «нөлдік тілкемнен» (нулевая полоса) өтеді. Осы кезде барлық планеталар электомагниттік кеңістіктерден ажырап, барлық жарық, жылу көзі жұмыстан шығады. Бірақ, бұдан қорқудың қажеті жоқ. Қаратүнек 3-4 күнге созылуы мүмкін. Сонан соң жарық міндетті түрде қайта өз қалпына келеді » - деген. Десек те, алда не боларын ешкім де білмейді. Бірақ, «сақтықта қорлық жоқ» деген тағы бар. Қазір бұқара халық жаппай осы күнге сақтық шараларын жасап, алдын-ала қамдануда. Тіпті сауда орындары мен базарларда жарық шамдары мен сіріңке, сақталу мерзімі ұзақ азық-түлікке деген сұраныс артып келеді.

Қалай десек те, кез-келген құбылысқа алдын-ала болжам жасауға болады. Бірақ, оның барлығы шындыққа аса жанаса қоймасы анық. Сондықтан, көріпкелдер болжам жасапты, «ақырзаман орнайды екен» деген ойлар мен түбегейлі бір шешімге келу артық дүние. Қанша жерден болжам жасалса да, не айтылса да барлығы бір Жаратушының қолында. АЛЛАға шүкіршілік жасап, болашаққа жақсы сеніммен қарағанымыз жөн болар.

Автор:
Әйгерім БАҚТЫБАЕВА, өз тілшіміз