Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

АРА БАЛЫ


14 декабря 2012, 21:50 | 4 448 просмотров



Ара балы – жоғары калориялы емдәмдік тағам. Жұмысшы бал арасының гүлді өсімдіктердің шырынынан өңдеп шығаратын өнімі, қоймалжың, тәтті сұйық. Ара балы бір шырынды және көп шырынды болып бөлінеді. Бір шырынды бал – тек өсімдіктің бір түрінен ғана жиналған шырын. Оны өсімдіктің түріне (қарақұмық балы, жөке ағаштың балы, т.б.) қарай атайды. Көпшырынды бал – өсімдіктердің бірнеше түрінен жиналған шырын. Мұндай балды табиғи бал беретін өңірлерге байланысты (дала балы, тау балы, бақ балы, т.б.) әр түрлі атайды.

Балдың химиялық құрамы шырын жинаған өсімдіктердің түріне, топырағына, климат жағдайына байланысты болып келеді. Гүл балының құрамында 12-13 ℅ су, 0,4 ℅ ақуыз, 0,3 ℅ көмір сутегі, және де В3, В5, А, С, Н, Е, К дәрумендері бар. Бал құрамы қанға, одан жасушалар мен тіндерге тез сіңіп кететін көмірсулар (глюкоза, жүзім қанты, сахороза, мальтоза т.б.) ақуыздар, протеиндер (аминқышқылдары мен органикалық қышқылдар), минералды тұздар (калий, кальций, натрий, темір, хлор тұздары және күкірт т.б.), пайдалы микроэлементтер мен ферменттерге (каталаз, липаз, амилаз) өте бай. Құрамындағы фруктоза, глюкоза және құрақ қант бұлардың барлығы да адам ағзасына аса қажетті. Бұлардан басқа алма, жүзім, қымыздық тәрізді қышқылдар да болады. Ара балының сапасын, негізінен, хош иісі, дәмі, түсі, тығыздығы, ылғалдығы, қоректік, жабысқақтық қасиеттері арқылы анықтайды. Ара балының қуаты жоғары. Оның 1кг-ы 3150 кал қуат береді. Балды құрғақ, жақсы желдетілетін бөлмеде, 5 градустан 10 градусқа дейінгі температурада сақтау керек.

Бал жинау — ара ұясының жылы маусымдағы гүл шырыны мен тозаңын жинап, бал өндіруі. Бұл табиғи процесс. Аралардың ішінде бал жинауға тек ерекше балауыз бездері бар, “жұмысшы” аралар ғана қатысады. Ара өзінің бал сауытына (артқы екі аяғында болатын арнайы қуыс) өз салмағының жартысындай шырын (нектар) жинай алады. Олар жинаған шырынын ұядағы жас араға қалдырып, қайтадан ұшып кетеді. Жас аралар шырындытор көзшелерге салады, желдетіп, артық ылғалын жояды. Араның сілекей безі шірнедегі қант құрамын өзгертіп, оны балға айналдырады. Көзшелер балға толғаннан кейін, ара оны балауыз қақпақшамен жабады. Мұндай бал ұзақ сақталады. Араның бал жинауы ара ұясының күйіне, ауа райына, өсімдік түріне және оның омартаға қашықтығына, шырынның бөліну дәрежесіне байланысты. Бір маусымда ара ұясы 100 — 200 кг бал жинайды. Араның бал жинауы өсімдіктердің жаппай гүлдеу кезіне сәйкес келеді. Сондықтан оны үш кезеңге бөлуге болады. Көктемгі жинау—өсімдіктің алғашқы гүлдеу кезеңінде басталады. Ертекөктемде, тал, үйеңкі, алма, алмұрт ағаштары гүлдеген кезде аралар екі аптадай тынымсыз бал жинайды. Көктемде жиналған балдың сапасы өте жоғары болады. Жазғы жинау 2—3 аптаға созылады. Бұл кезде бал, негізінен, жөке ағашынан жиналады. Өйткені жөке ағашы маусымның аяғы, шілденің басында гүлдейді. Күзде аралар балды аз жинайды, негізінен, күнбағыстан жинайды. Омарта ішіне жиналған балды алу әдістері бойынша сауып алады. Бал ақ және сарғылт түсті болады. Жаз, күз мезгілдері тұнық өсімдік майы тектес сұйықтау болып, қыс мезгілінде қоюланып, шекер өңдес іріткі кристаллға айналады. Балы – тәтті, дәмді, усыз болады.

Мамандардың айтуынша, балдың адам денсаулығы үшін пайдасы көп. Атап айтқанда, бал қан құрамын жақсартады, ішкі ағзалардың қызметін жандандырады, иммунитетті арттырады, дененің физиологиялық қызметін, күш-қуатын қалпына келтіреді. Мидың жұмысын жақсартады, тыныс алу жолдарын артық өңезденуден сақтайды. Ол сондай-ақ жүрек-қан тамырлары ауруына, бауырға, бүйрекке, асқазан-ішек жолына, суық тиюге, өтке пайдалы. Балды құрт ауруына, ұйқысыздыққа, бас ауруына, қан қысымына, асқазан жарасына, тіпті күйікке де ем ретінде пайдалануға болады. Бал уыт деңгейін төмендете отырып, біздің ағзамызға тазалағыш әсерін тигізеді. Балды шаршаған кезде қолдануға кеңес беріледі, ол бас айналуды жояды және бауырдың жұмысын реттейді. Бал гемоглобиннің және қызыл қан түйіршіктерінің түзілуіне себепші болады және бактериялар мен қабынуға қарсы әсерге ие екендігі анықталған. Өте құнарлы, тойымды болғанына қарамастан құрамында ауыр қорытылатын элементтер кездеспейді. Балды 40 градустан артық температурада қыздыруға болмайтынын есте ұстаңыз, өйткені ондай жағдайда, ол өзінің құнды қасиеттерін жоғалтады екен.

Табиғи балды ажырату оңай емес. Қантты бал араны қант шырынымен қо-ректендіру арқылы алынады. Сатушылар оны табиғи балға араластырып сатады. Бұл орайда табиғи, жасанды балды ажыратуға ешқандай анализ көмектеспейді. Жасанды балдың құрамында қант, қант крахмалы, ұн, желім, гипс болады. Оның кейбірін үй жағдайында анықтауға мүмкіндік бар. Ол үшін бір стакан қайнаған су алып оған балды араластырады (Бір стакан суға жарты стакан бал), сол кезде тұнбаның төменгі жағында немесе бетінде механикалық қалдықтар шыға келеді. Ол – балдың құрамында крахмалдың бар екендігін көрсетеді.

Автор:
Дайындаған Ж. МӘТІБЕК, Ұлттық салауатты тағамтану орталығы Алматы облысы бойынша департаментінің қызметкері