Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

СПИД-ТЕН САҚТАНДЫРУ МЕКТЕПТЕРДЕН БАСТАЛАДЫ


7 декабря 2012, 16:32 | 1 035 просмотров



Бірнеше жылдардан бері ЖҚТБ (СПИД) пен күрес әлемнің әр түкпір-түкпірінде жүргізіліп келеді.Қатерлі індет бүгінде әлемдік проблемаға айналғаны белгілі. Мамандардың 2011 жылғы қыркүйек айындағы мәліметіне жүгінсек бұл жұқпалы дертті 34 миллионнан астам адам жұқтырып, қасіретті ауруға шалдыққан. Бұл 2001 жылғы санақпен салыстырғанда 17 пайызға артқан. Ал, еліміз бойынша 2012 жылғы қыркүйектегі деректе 19 193 адам АҚТБ жұқпасын жұқтырғаны айтылған. Ауруды жұқтырып, әрі осы дертпен өмір сүріп жатқан жандар саны әсіресе Алматы қаласында (221,1), Павлодар облысында (187,4) Қарағанды облысында (162,8) пайыздық көрсеткішке жеткен. Бұл ауру көбіне 20-29 жас аралығындағы өршіп тұр. Олардың саны бүгінде 42, 6 пайызды көрсетеді. Ал, 30-39 жас аралығындағы жұқтырғандар саны 34,4 пайызды қамтиды.

Осыған орай бүгінгі таңда республиканың әр аймағында АҚТБ/ ЖҚТБ мен күрес айлығы басталды. Аталмыш шара қала мектептеріне де тоқталып, ондағы жас жеткіншектерді ғасыр індетіне айналған қатерлі дерттен сақтандыру барасында түрлі сабақтан тыс тәрбие жұмыстарын жүргізіп, жастарды ақпараттандыруда. Бүгінде АҚТБ/ЖҚТБ инфекциясына қатысты сыңаржақ наным-сенім қаптап кеткендіктен, бұл дертке шалдыққан жандар өмірден баз кешіп дискриминацияға ұшырауы басым. Ондай аурумен ауырған жанға бәрі қорқа, үрейлене, жиіркене қарап, қоғамнан шеттетіп жатады. Осындай қайшыкез көзқарастарды болдырмай, жастарды ақпараттандыру мақсатында бірнеше шаралар қолға алынуда. Қалалық салауатты өмір салты «Қауіпсіздік бағыты» атты топ Талдықорған қаласындағы №1 Абай атындағы орта мектепте болып, оқушылармен профилактикада ЖҚТБ-ның алдын алу жұмыстарын жүргізді. Шара барысында жоғары сынып оқушылары өз еріктірімен көңілде жүрген, білгілері келген сауалдарын жолдап, мамандардың кеңесін тыңдады. Жұқпалы ауруды болдырмас үшін салауатты өмір салтын тұтынып, жеке бас тазалығын ұстанып, дәрігерге дер кезінде тексерілуге баруы керектігі баса айтылды. Мамандар сондай-ақ, жасөспірімдерді ақпараттандыру барысында арнайы сақтандыру препараттарын дұрыс қолдану жолдарын түсіндірді.

Автор:
Динара АУЖАНОВА, өз тілшіміз