Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ТӘУЕЛСІЗДІК ЖӘНЕ НАЗАРБАЕВ


7 декабря 2012, 16:20 | 1 920 просмотров


2012 жылғы 29 қарашада ҚР ДСМ МСЭҚК Алматы облысы бойынша департаментінде «Нұр Отан» ХДП Талдықорған қалалық филиалы төрағасының орынбасары Ә.Т. Ахметованың, БАҚ өкілдерінің, басқа да шақырылған қонақтардың қатысуымен Тұңғыш Президент күніне арналған салтанатты жиын болып өтті. Салтанатты жиын барысында ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың жас мемлекеттің қалыптасуындағы рөлі туралы деректері бар «Тәуелсіздік және Назарбаев» тақырыбында баяндама жасалып, «Нұр Отан» ХДП қатарына қызметкерлерді салтанатты қабылдау рәсімі, сондай-ақ, мереке қарсаңында біршама жетістіктерге қол жеткізген бөлімдер, партия белсенділері «Нұр Отан» ХДП қалалық, облыстық филиалдары төрағаларының, сондай-ақ, департамент директоры Е. Сыдымановтың алғыс хаттарымен және грамоталарымен марапатталды. Тұңғыш Президент күнінің қарсаңындағы салтанатты жиында «Нұр Отан» ХДП-ң департаменттегі «Гиппократ» БПҰ жанынан «Жас Отан» жастар қанатының құрылуы да департаменттің жағымды жаңалығы болды. Жиын соңында департамент қызметкерлерінің күшімен дайындалған мерекелік концерттік бағдарлама тарту етілді.

Қолы от көсеген, еңбекпен көсегесі көгерген, халықтың өз ішінен жарып шығып, Абылай бабасының арманын арқалап, Тәуелсіздіктің көк жебесі болып Нұрсұлтан Назарбаев тарих сахнасына шықты. Әлем назары Қазақстанға ауды. Жеке мемлекет болып көрмеген, жеке саясатын жүргізбеген кешегі Ресейдің колониясы, Кеңестер Одағының «соқыр ішегі» болған қазақ елі егемендіктің тізгінін ұстай алар ма екен?- деп сырттан сынап қарағандар да болғаны жасырын емес-ті. Бірақ дос сүйсінді, «жау» күрсінді. Қазақ ел бола алады екен! Қазақ бір Көк Тудың астына жинала алады екен. «Қазақтың бүкіл тарихы – бірігу тарихы» деп Н. Назарбаев қадап айтқандай, Егемендік, Тәуелсіздік, Ана тілі ұлтты біріктіруші күшке, ұлттық идеологияның рухани тірегіне айналды.

Н. Назарбаев мемлекеттіктің өркениет жолын ұсынды. Президенттік саяси институт енгізілді. Осылай қазақтың тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Ата заңға сүйеніп, халық алдында Ант берді. Тәуелсіз Қазақстанның Көк Байрағын тізерлеп отырып, сүйгені тарихи сәт еді. Бұл – бірінші рет өткізілген инагурация болатын. Бәрі толқыған. Қас-қағым сәтте Президент Туды тұғырына берік қадап, ырғап-ырғап қатайтып бекітті. Міне, содан бері Тәуелсіздік туын шайқалтпай, берік ұстап, Көк Байрағымыз әлемдік тулардың қасында қатар желбіреп тұр. 21 жылға жетер-жетпес уақытта Қазақстан әлемнің азулы мемлекеттерінің қатарынан өз орнын ойып алды. Қазақстан Президентінің ұсыныстары жаңа әлемдік тәртіпті орнықтырудың көзіне айналды. Осылай қазақ халқының етектегі басы төрге шықты. Н. Назарбаев жаһандық саясаттың мінберінен сөз алды. Дауысы Алатаудан асып, Сарыарқадан шығып, кәрі Каспийден өтіп, Алтайды айналып Біріккен Ұлттар Ұйымының мінберінен бірақ шықты. Ғасырға бергісіз жиырма жылдың ішінде қазақ деген ұлтты, Қазақстан атты мемлекетті кәрі Европа да, мухиттың арғыжағындағы АҚШ та, көрші Ресей мен Қытай да мойындап, стратегиялық әріптестікке қол қойды.

Қазақстандық даму жолы, көп қырлы сыртқы саясат, ядролық қарудан бас тарту, ұлтаралық келісім мен діни толеранттылық, ШОС, ЕврАЗЭС, СВМДА сияқты ұйымдардың бойына қан жүгірту, ОБСЕ, ОИС, ОДКБ сынды іргелі ұйымдарға төрағалық ету, дәстүрлі әлем діндері лидерлерінің төрт съезінің Қазақстан жүрегі – Астанада өтуі – Қазақстанның қысқа мерзімде алған белесі мен толайым табысы.

Н. Назарбаев экономиканың даму үрдістерін тани білетін және ондағы Қазақстанның орнын айғақтаған саясаткер ғана емес, ғалым екенін мойындатты. Нарықтық қатынастарға бейімделген «Назарбаев моделін» жүзеге асырды. Осылай қысқа мерзімнің ішінде Қазақстан дүниежүзіндегі қарқынды дамып келе жатқан үш елдің қатарына енді. Бұл кеше тоталитарлық жүйенің, экономикасы таза шикізат көзіне тәуелді мемлекет үшін экономикалық бұғауды үзіп шыққанмен бірдей еді. Сондықтан да Елбасы: «Әуелі – экономика, сонан соң саясат», - деді. Бұл өз жемісін берді. Қазақстан әлем өркениетінің озық тәжірибесін игерді. Оны Қазақстан жағдайына лайық жүйеге түсірді. Осылай Қазақстанда индустрияландыру саясаты қолға алынды. Оған инновациялық үрдіс қосылды.

Заманның көшін бастап, есесі кеткен қазақты өркениет жолына салған Н. Назарбаевтың ғасырға бергісіз жиырма жылда атқарған жұмыстары әлемнің саяси лидерлері тарапынан мойындалды. Оған төмендегі мысалдар куә болады ғой деп ойлаймын.

Джордж Буш (АҚШ-тың экспрезиденті): «Ол болашақты болжай алады».

Маргарет Тетчер (Англияның экспремьер-министрі): «Назарбаев – қалыпқа сыймайтын тұлға».

Дж. Айткен (Н. Назарбаевтың өмірбаяншысы, ағылшын жазушысы): «Өмірі ... халқының тағдырымен қабысып жатқан ... кейіпкер ретінде заман жүгін көтеріп тұратын саяси қайраткердің өмірі қызықтырады».

В.Ф. Янукович (Украина Президенті): «Сіз – салмақты, прогресшіл Қазақстан Президентісіз».

Намық Кемел Зейбек (Туркияның эксмәдениет министрі, саясаткер): «Қазақстан ең алғаш тәуелсіздігін алғанда біз Қазақстан үшін Түркия үлгі боларлық мемлекет болады дедік, ал 17 жыл өткен соң біз Түркия үшін Қазақстан үлгі боларлық мемлекетке айналды деп мойындауға мәжбүрміз».

Владимир Жирихин, саясаткер, Ресейдің ТМД елдері жөніндегі институты директорының орынбасары: «Нұрсұлтан Назарбаевтың жиырма жылдық Президенттік қызметін, әлбетте, жоғары бағалау керек. Ол Кеңестер Одағының шытынаған халық шаруашылығының қалдығына айналған, қаңыраған Қазақстанды алды. Сөйтіп, Кеңестер Одағының құлдыраған елін дербес даму траекториясына шығарды. Мұндай терең саяси және экономикалық міндетті Президент Н.Ә. Назарбаев тиімді шешті».

... Қазақстанның мемлекет ретінде қысқа мерзімде орнығып қана қоймай, әлемді аузына қаратқан Астана салуы ерліктің ерлігі.

Әлем картасында ең жас Елорда болса да жаһандық саяси-экономикалық мәселелерді шешетін бас қалалардың біріне айналды. Елбасы, Қазақстанның тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың жүрегін жарып шыққан, түн ұйқысын төрт бөлдірген Астана – қазақтың қасиетті Алтын ордасы, Елбесігі, Жерұйығы!

Қазақстан өз Тәуелсіздігінің 20 жылы ішінде әлем мойындаған мемлекеттердің қатарына қосылды. Еліміздің тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә. Назарбаев аз ғана жылдың ішінде бұрын-соңды болмаған мемлекет құрды. Мыңдаған жылдар бойы бабаларымыз аңсаған Тәуелсіздіктің Туын көтерді. Әлемнің 150-ден астам елдерімен дипломатиялық қатынас орнатты. Қазақстан өзге мемлекеттердің даму жолдарын саралады, өзінің көп қырлы саясатын қалыптастырды, ұлттық сана мен ұлттық танымға үлкен өзгерістер енгізді. Ұлттық идеологияның, мемлекеттік саясаттың басым бағыттары белгіленді. Қазақстанның Ата Заңына сәйкес қазақ тілі – Мемлекеттік тіл деп айғақталды.

Қазақстан – жас мемлекет. Республика халқының орта жасы да 35-ті құрайды. Демек, қазақ болашағы жастардың қолында. Олар аталары мен бабалары құрған мемлекеттің тізгінің берік ұстап, әлем мойындаған Қазақстанды одан әрі асқақтата бермек. Енді сөз жастарда, ендігі мәселе орнықты жастар саясатында.

Сөйтіп, Н.Ә. Назарбаев армандаған болашақ Қазақстан:

- Ол – ана тілінде еркін сөйлейтін, орыс тілін игерген, ағылшын тілін білетін ұрпақтың Қазақстаны.

- Ұлты тату, этникалық толерантты Қазақстан!

- Кез-келген Қазақстан азаматы кез-келген әлем еліне барып жұмыс істей алатын, таласқа жарайтын ұрпақ тәрбиелеген Қазақстан!

- Индустриалды-инновациясы өркендеген Қазақстан!

- Терезесі тең, керегесі кең - өркениетті Қазақстан!

- Ауылы мен қаласы қатар өскен – қуатты Қазақстан!

Ендеше тұңғыш Президент күні құтты болсын!

Автор:
Е.Ж. СЫДЫМАНОВ, ҚР ДСМ МСЭҚК Алматы облысы бойынша департамент директоры