Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ҰМЫТШАҚТЫҚ ҚАЛАЙ ПАЙДА БОЛАДЫ?


7 декабря 2012, 16:18 | 2 349 просмотров



Кейде өзіміздің істеген іс-әрекетімізді, қабылдап алған ақпаратты, айтылған әңгімені, ол тұрмақ, айтатын сөзімізді ұмытып қалып жатамыз. Қартаң тартқан кісілер «Әй, кәрілік мініп, ұмытшақ болдым» деп қажу айтса, қазір ол түгілі, жастардың арасында да білгенінен шатасып, ойындағысын есіне түсіре алмай ұмытшақтыққа бой алдыруы жиі кездеседі. Жалпы, ұмытшақтық адам бойында қайдан пайда болады? Одан арылудың жолы қандай?

«Ұмытшақтық нақты ауру дегеннен гөрі, көптеген аурулардың симптомы деген дұрыс» дейді «Арнур» неврология, эпилептология және ЭЭГ орталығының бас невролог маманы Оразгүл Арынова. Оның айтуынша, ұмытшақтық әртүрлі жағдайда пайда болады. Мысалы, қан - барлық мүшелердің клеткаларына қоректік заттар мен оттегін жеткізетіні мәлім, ал егер сол қан құрамында бірдеңе жетіспесе, мидың жұмысы әлсірейді. Өйткені барлық ағзаның жүйелері миға бағынбақ. Ми соның барлығын реттеп отырады. Оған қоса, егер адамның тамақтану режимі дұрыс болмаса, қан айналымы бұзылса немесе бас миы қандайда бір жарақат алып, бір жері зақымданса, ұмытшақтыққа алып келуі мүмкін. Әлем көрсеткіштері бойынша неврологиямен ауыратын науқастардың есте сақтау қабілеті шамамен 10-15 пайызға төмен болады-мыс.

Алайда ұмытшақтықтың асқынған түрі болады екен. Ол бір дерттің түрімен пара-пар. Статистикалық деректерге сүйенсек, әлем бойынша 1 миллионнан астам адам осы ауруға шалдығыпты. Ал Қазақстанда осы науқасқа шалдыққан 413 адам ресми тіркеуде тұр. Ұмытшақтықтың асқынған түрін тұңғыш рет француз неврологы Жан-Мартин Шарко сипаттаған. Екі ғасыр өткеннен кейін итальян зерттеушісі профессор Паоло Замбони 2009 жылы асқынған склерозбен тығыз байланысты цереброспинальдық веналық созылмалы жеткіліксіздік (ЦВСЖ) деген жаңа нозологиялық жағдайды анықтаған. Мамандар бұл синдромды асқынған склероз патогенезінде негізгі рөл атқарады деп есептейді.

Осы ұмытшақтық дертіне байланысты үстіміздегі жылы Астана медицина университетінде отандық және итальяндық ғалымдар бас қосқан ғылыми-тәжірибелік конференция өткен. Оған қатысқан Италиядағы «Ла Сапиенца» университетінің профессоры Сандро Мондолезидің мәлімдеуінше, бұл дертке көбіне 30-35 жас аралығындағы жастар шалдығатынын алға тартқан. Ал әлем бойынша бұл дерт жылдан-жылға ушығып бара жатқан болса, Қазақстанда бұл дертті анықтау тиісті деңгейде дамымай отыр немесе халық бұл дерттің қауіптілігін әзір терең түсіне қойған жоқ деген. Осы екіжақты жиыннан кейін отандық дәрігерлер ұмытшақтық дертіне диагноз қою мен емдеудің жаңа ғылыми әдістерімен танысуларына мүмкіндік туған.

Рас, кейде ұмытшақтыққа тәуелді боп, тіліңнің ұшында тұрған сөзіңді есіңе түсіре алмай қиналып, әуре боласың. Жалпы, танымал ғалымдар, жазушылар мен өнер адамдары арасында да ұмытшақтыққа бой алдырғандар болған екен. Мысалы, әйгілі физик Альберт Эйнштейн жастайынан осы ұмытшақтықпен қиналып келген. Тіпті оның барар жеріне үйден уақытылы шыққанын, үстіне киім кигенін қадағалап отыратын бір адам қажет болған. Ал орыс жазушысы Корней Чуковский ылғи бәрін жоғалта берген. Сондай-ақ ол бірде сол ұмытшақтық салдарынан бір жиында өзінің көзілдірігіне отырып қалған екен. Солай өзінің талай заттарын сындырып ала берген. Ал белгілі химик Дмитрий Менделеев өзінің мекенжайын ұмытып қала берген. Алайда бұл танымал жандар өз¬дерінің ақыл парасаттылығымен, туындыларымен биік белестерге жете білген. Ежелгі Рим ділмары Цицеронға келсек, ол есте сақтаудың қауымдастық әдісін қолданған. Демек, айтайын деген сөзін бір бөлмеден екінші бір бөлмеге жүру арқылы жалғастырып, айтар ойын жеткізген. Ал кейін Сенатта сөз алғанда, ол жүріп өткен жолын ойша қайталаған.

Жалпы, невролог Оразгүл Әбішқызының айтуынша, адам мимен көп жұмыс істейтін болса, сондай-ақ ағза көрсеткіштері дұрыс болса, адамның есте сақтау қабілеті 70-80 жасқа дейін дұрыс жұмыс жасайды. Ал егер сол жасқа дейін анемиямен, не басқа да адамды тоздыратын аурулармен ауырса немесе операцияларды өткерсе, оның есте сақтау қабілеті де әлсірей бермек. Оған қоса, адам тынымсыз жұмыс істейтін болса, ұйқы режимі бұзылса, оның бәрі миға әсер етеді. Өйткені ұйқы есте сақтау қабілетінің үлкен факторы. Кейде сол ұйқының өзін реттеп, бір нормаға келтіріп-ақ есте сақтау қабілетін жақсартуға болады.

Демек, есте сақтау қабілеті адам дүниеге келгеннен бастап жетіліп тумақ емес, миды адам өзі жұмыс істете білуі керек. Тіпті талантты артистердің өзі өнерін дамыту үшін небір жаттығулар жасауы қажет болса, сол сияқты миға да сергітетін жаттығулар қажет. Адамның есте сақтау қабілеті жасы ұлғая бастаған сайын әлсірей бермек екені бәріне белгілі. Жылға жыл қосылған сайын адам ұмытшақтыққа бас ұрады. Алайда мамандардың айтуынша, егер адам кітап оқып, сөзжұмбақ шешіп, миын жаттықтырып, салауатты өмір салтын қалыптастырса, оның есте сақтау қабілеті де жақсара түспек. Сондай-ақ адам белсенді өмір сүрумен қатар, жанын күйзелтетін стресс, депрессияға қарсы тұра білуі, аса маңызды. Өйткені қызыққа толы өмір адамның есінде жақсы сақталып қалады да, жабырқаулы, уайымға толы сәттер, күйзелістер мен қобалжулар адам потенциялының төмендеуіне әке¬ліп, ми жұмысын әлсіретпек. Нәтижесінде адамның есте сақтау қабілеті нашарлап, ұмытшақтыққа килігеді. Сол үшін бойыңды жазып, түрлі ойдың жетегінде сан-саққа жүгірген миыңды демалтып, қан айналымын жақсарта түсу үшін жаттығулар жасап жүру қажет-ақ. Себебі есте сақтау қабілетінің жақсы жұмыс істеуіне адамның салауатты өмір салтын ұстанып, дұрыс тамақтануының әсері мол. Өйткені есте сақтау қабілетінің әлсіреуі дәрумендердің тапшылығын тудырады екен. Есте сақтау қабілетінің жақсы болуы үшін үнемі ас мәзіріңе ет, балық, жұмыртқа және сүтті тағамдарды қосып отырған дұрыс. Невролог маманның айтуынша, есте сақтау қабілетін жақсарту үшін жаңғақ, бұршақ тағамдары жақсы, сондай-ақ жылқының еті өте керемет, себебі онда холестерин аз да, аминқышқылдары көп. Ол есте сақтау қабілетінің қалпына келуіне пайдалы. Ал биенің сүтінде қоректік заттар көп, сонысымен пайдалы болып келмек. Назарға алатыны, темекі шегу мен ішімдік ішу де ұмытшақтыққа душар ететінін естен шығармаған дұрыс.

Жалпы, ұмытшақтыққа бой алдырмауға балдыркөк (сельдерей), мейіз, бадам (миндаль) көмектеседі екен. Сондай-ақ түйе жаңғағының (Грецкий орех) дәні адам миымен ұқсауы да тегін емес болар. Бұл жаңғақ адам миын жақсартудағы антиоксидантардың негізі болып табылады. Сонымен қатар адам суды да көбірек ішкен пайдалы. Адам ағзасында судың аз болуы миды тез қартайтады екен. Зерттеулер бойынша, судың жетіспеушілігінен ми өлшемі кішірейеді екен. Ал судың жеткілікті болуы үшін адам дене салмағының 1 келісіне 20-30 мг-дай су ішуі керек күніне.

Халықтық медицина бойынша, клевер өсімдігі есте сақтау қабілетін жақсартады. Жарты литрлік банкіге клеверді салып, оған спиртті ішімдік құйып, 14 күнге қараңғы жерге қою қажет. Кейін үш ай бойы жасалған тұнбаны тамақ алдында немесе ұйықтар алдында ішіп отырсаң, есте сақтау қабілетін жақсартпақ.

Ал, дінтанушылардың мәлімдеуінше, дүние үшін қатты қайғыру, дүниеге қатты берілу, өте ыстық тағамды жеу немесе ішу, көп қалжыңдасу, мазарда күлу, мазар тастарын оқу, ұзақ уақыт бойы ғұсылсыз жүру, қолдарын үстіндегі киіміне сүрту, мешітке сол аяқпен кіру, әурет жеріне қарау, қатты аш болу немесе әрдайым тоқ болып жүру, тірліктердің бытыраңқы болуы, ашып кеткен тамақты жеу, есірткі қолдану ұмытшақтыққа әкеледі екен.

Қалай болғанда да адамзат ағзасының құрылымы бір-бірімен тығыз байланыста. Демек, бойыңды бір ауру билей бастаса, ол екінші бір сау жеріне әсер етпей қоймайды. Ендеше, ұмытшақтық ауруы да дәл солай. Сондықтан ең бастысы, әрбір адам өз денсаулығына ұқыппен қарап, белсенді өмір сүрсе игі.

Автор:
Нұрсұлу МЫРЗАХМЕТ. «Айқын»