Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ОРАЛДА ЖҮРЕККЕ КҮРДЕЛІ ОТА ЖАСАУ БОЙЫНША ШЕБЕРЛІК ДӘРІСТЕРІ ӨТКІЗІЛДІ


23 ноября 2012, 11:02 | 1 682 просмотра


БҚО кардиологиялық орталығында Астана қаласындағы «Ұлттық-ғылыми кардиохирургия орталығы» АҚ-ның жетекші мамандары Е.Қуатбаев, А.Абдрахманов, Т.Қапышев, Ж.Әшіров, А.Әбдірайымованың қатысуымен ашық жүрекке ота жасау және 3-камералы электрокардиостимуляторды имплантациялау бойынша шеберлік дәрістері өткізілді.

Облыстық кардиологиялық орталықтың директоры Ақтілек Өмірбаевтің айтуынша, өңірде ұлттық медициналық холдинг күндері өтуде. Соның аясында өтіп жатқан шеберлік дәрісінде облыста бірінші рет 3-камералы электрокардиостимуляторды имплантациялау жүзеге асуда және жүректегі ісікке ота жасалуда. Бұл шеберлік дәрісінде ашық жүрекке үш ота, екі науқасқа 3-камералы электрокардиостимулятор қондырылады. Бұл жүрек қысылғанда, жүректің жиырылып жұмыс жасауы төмендеген уақытта адам өмірін ұзартады. Астаналық дәрігерлердің қатысуымен сондай-ақ кардиология және кардиохирургия бойынша науқастарға кеңестік-әдістемелік көмек көрсетіледі. Батысқазақстандық хирургтар аорто-коронарлық шунттеу, туа бітті және жаңадан пайда болған жүрек ақауларына ота жасаудың технологияларын үйренетін болады. Бұл жолғы отаға хирургтар Жанайдар Қазтуғанов, Арман Байдеуов қатысты.

Облыста жүрек-қан тамырлары ауруларынан 20 мыңдай адам есепте тұр. Соңғы он айда облыстық кардиологиялық орталықта 300-ден астам жоғары мамандандырылған ота жасалған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда жүз отаға көп. Соңғы жылдары аурудың алдын алу мен жоғары мамандандырылған медициналық көмектің арқасында адам өлімі азайған.

Автор:
ҚАЗАҚПАРАТ