Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ҚАНТЫҢЫЗДЫҢ ҚАНША ЕКЕНІН БІЛЕСІЗ БЕ?


23 ноября 2012, 10:54 | 1 640 просмотров


Қант диабеті - дерт боп жабысқан күннен адам ағзасын толықтай қирауына алып келетін жүйелік ауру. Халықаралық диабет федерациясының мәліметі бойынша, қазіргі таңда жер бетіндегі 366 миллион адам диабет дертіне шалдыққан. 2011 жылы осы аурудан 4,5 миллион жан көз жұмыпты. Ал Қазақстанда сусамырмен есеп¬ке алынғандардың саны 200 мыңнан асып отыр.

«Алайда бұл - нақты ауруы анықталған адамдардың саны, ал диагностикадан өтпей, өзіне сусамырдың жабысқанын білмей жүргендердің қатары олардан 5-6 есе көп болуы мүмкін» дейді мамандар. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 2030 жылға дейін диабеттен көз жұматындардың саны екі есеге артады деп болжап отыр. Сондықтан қауіпті дертпен көп болып күрескен абзал.

- Қазіргі кезде ДДСҰ сусамырға қатысты жағдайды пандемияға теңеп отыр. Дегенмен диабетпен күрес Қазақстанның денсаулық сақтау саласында басым бағытқа ие. Қазақстан - жануарлар инсулинінен бас тартып, адами инсулинге көшкен алғашқы ел. Балалар диабетінде де ілгерілеу бар, өйткені бізде 5-15 жас аралығындағы сусамырға шалдыққан балалар тегін инсулин помпаларымен қамтамасыз еті¬леді. Бұл ауру асқынуының алдын алады, - дейді Диабет қауымдастығының президенті Ләйла Жұбандықова.

Осы саладағы жетістіктермен қатар, шешуін таппаған мәселелер де жетерлік. Ең негізгі мәселе - маман жетіспеушілігі. Ал науқастардың саны жыл санап артып барады. 2012 жылдың басында 207 мың адам сусамырмен есепте тұрса, қазан айында бұл сан 219 мыңға жеткен. Маман тұрақтамағаннан кейін, ем-домның да сапасы төмендейді. Сондай-ақ әлі күнде диабеттік кабинеттер жоқ, ауру асқынулары өте кеш анықталады. Әсіресе, диабеттің көзге әсері кеш айқындалады екен.

- Созылмалы ауру болып табылатын диабет ұйқы безінің функциясы бұзылып, қажетті деңгейде инсулин бөліп шығара алмай немесе бөлінген инсулинді толық сіңіре алмаған кезде пайда болады. Оның инсулинге тәуелді және тәуелсіз типі бар. Бірінші түрінде инсулин бөлінбейді, ол балалар диабеті деген атпен белгілі. Бұл аурудың себептері белгісіз. Ал екінші түрі ағзаның инсулинді тиімді сіңіре алмау нәтижесінде дамиды. Оған себеп - артық салмақ пен физикалық белсенділіктің жоқтығы. Сусамырдың бірінші түрінің белгілері айқын білініп, адам тез шөлдеп, шамадан тыс зәр бөлініп, үнемі қарны ашып жүреді. Ағзаның тез әлсіреп, көру қабілетінің күрт төмендеуі де - сусамырдың белгісі. Ал екінші түрінің белгілері де біріншісіне ұқсас, алайда айқын білінбегендіктен, ауру асқынып кеткенде ғана анықталуы мүмкін. Сондықтан да қаныңыздағы қант мөлшерін үнемі қадағалап жүріңіз. Сусамыр 4 пен 59 жас аралығындағы адамдарда жиі кездеседі. Есепке алынғандардың 93 пайызы 2-типті қант диабетiмен ауырады, - деп атап өтті жоғары санатты дәрігер-эндокринолог Гүлнұр Таңбаева.

Дәрігерлер адам ағзасындағы қанттың мөлшері аш қарынға 3,3-5,5 ммоль/л, ал ас ішкеннен кейін 6,7-7,8 ммоль/л болуы керек дейді. Қандағы қант мөлшері артып кетпес үшін салауатты өмір салтын ұстанып, дұрыс тамақтанған абзал. Тәтті сулардан аулақ болып, көкөніс пен жеміс-жидекке басымдық беру керек. Өйткені дәрігерлер диабеттің салдары өте жамандығын айтады. Мәселен, осы дерт жабысқан жандардың жартысы жүрек-қан тамыр ауруларынан көз жұмады екен. Диабетке шалдыққандар арасында соқырлық өзгелермен салыстырғанда 10 есе, нефропатия - 12-15 есе, ал аяқ-қолдың шіруі 20 есе жиі кездеседі. Сондай-ақ диабетке шалдыққандардың жүйкесі тез жұқарады. Сондықтан ауыр асқынулардың алдын алу үшін мамандар халықты тұрғылықты мекенжайдағы емханаға барып, тегін скринингтен өтуге шақырады.

Осы орайда Санофи компаниясы «Жанды көгілдір шеңбер» акциясын ұйымдастырды. Көгілдір шеңбер - қант диабетіне қарсы күрестің халықаралық символы. Диабет мәселесіне қоғам назарын аудару мақсатында өткізілген шараға қатысушылардың қатары ұлғайып, ол «Ең үлкен көгілдір шеңбер» аталымы бойынша Гиннестің рекордтар кітабына ұсынылды.

Автор:
Үмітжан ЖАПАР, «Айқын»