Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ШЫҒЫС МЕДИЦИНАСЫ ҒАСЫРЛАР ҚОЙНАУЫНАН БАСТАУ АЛАДЫ


23 ноября 2012, 10:54 | 1 958 просмотров



«Жас-Ай» Шығыс-тибеттік медицина орталығының бас директоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық инемен емдеу академиясының академигі Жасан ЗЕКЕЙҰЛЫ

– Жасан Зекейұлы, қалың жұртшылық сізді мемлекетіміздегі ежелгі Шығыс-тибет медицинасының маңдайалды маманы, білікті хирург ретінде жақсы таниды. Алматыда өзіңіз ашқан «Жас-Ай» Шығыс-тибеттік медицина орталығы бүгінде еліміздің түпкір-түпкірінен келген азаматтарға өз қызметін жан-жақты көрсетуде. Сөз басында «Жас-Айдың» елімізде ашылу тарихынан аз-кем айтып өтсеңіз…

– Еңбегімді бағалағаныңызға рақмет. Бұл күндегі «Жас-Ай» медициналық орталығының аты алыс-жуыққа танымал болып жатса, ол Алланың берген күш-қуатының, екіншіден, ғылыммен алаңсыз айналысып, кәсіпкерлікпен еркін шұғылдануға мүмкіндік берген Елбасымыздың сындарлы саясатының арқасы.

«Жас-Ай» медициналық орталығының тарихы Қазақстан тәуелсіз¬дігімен тығыз байланысып жатыр. Бұл қалай дейсіз ғой. «Қазақ елі өз тәуелсіздігін жариялады» деген қасиетті сөзді шекараның ар жағында тұрып естіген менің жүрегімде дәл сол сәттен бастап ұлы мұраттың оты тұтанды. Ол – қазақ еліне келіп, жаңадан құрылған жас мемлекетіміздің аяғынан тұруына азда болса үлесімді қоссам деген асқақ арман болатын. Міне, сол күннен бастап «Жас-Ай» медициналық орталығының іргетасы менің жүрегімде қалана бастады. Бұл арманыма 2004 жылы қол жеткіздім. Бірақ бұл аспаннан түсе қалған жетістік емес еді. Ата¬жұртқа келгеннен кейін, бұрын қытайша алған білімді, енді орыс тілінде дәлелдеуге тура келді. Өйткені орыс тілінсіз мұнда өзіңді дәлелдеу қиын екен. А.Н.Сызғанов атындағы хирургиялық ғылыми-зерттеу орталығында Қазақстанда тұңғыш рет «Хирургиялық аурулардың және операциядан соң болатын асқынуларды Қытай методикасын қолдану арқылы алдын алу және емдеу» атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғадым. Маған Алматыдағы №12 орталық ауруханасында операциядан кейінгі асқынуларда Шығыс-тибет тәсілімен емдеуге рұқсат етілді. 500 адамға тәжірибе жүргіздім. Оның оң нәтиже беретініне мамандардың көзі әбден жетті. Әдетте науқастың анализдерін тексеріп, зерттеуге көп уақыт кетеді. Ал мен тамыр ұстап, бірден емге кірісемін. Мұның ауыр науқастардың беті бері қарауына көп септігі тиді. Тамақ жүрмей қалған кісілер ас іше алатын болды. Он жылға жуық еңбектеніп барып, шағын болса да жеке орталық ашуға шамам келді. Менің мұндай қадамға баруымның басты себебі, Қазақстанда шығыс медицинасының кенже қалуы еді. Сондықтан дайын жұмыстан, алғалы тұрған атақтан бастартып, тәуекелге бел байладым. Бүгінгі халық игілігіне жарап, көптің көңілінен шығып жатқан «Жас-Ай» орталығы, міне, осылай өмірге келген.

– Бүгінде экологияның өзгеруіне байланысты басы ауырып, балтыры сыздамас жан кемде-кем болып отыр. Осы орайда, «Жас-Ай» медициналық орталығы аурудың қай түрлерін емдеп жазады?

– Қазір біздің қоғамда материалдық жағынан болсын, рухани жақтан болсын адамдарға салмақ көп түседі. Көптеген адамдар баспанасыз, оның үстіне тапқан табысы отбасын асырауға жетпей жүргендер де жетерлік. Сондай-ақ қаладағы кептеліс, өсімді қарызға тәуелділіктің барлығы да адамдардың жүйкесіне, жүрек қызметіне айтарлықтай салмақ салуда. Осының салдарынан қазір көптеген адамдарда жүрек қызметінің қалыпсыздығы, қан қысымының тұрақты болмауы, жүйке-жүйесінің нашарлауы, жүректің ишемиялық ауруы, инфарктан кейінгі кардиосклероз, қант диабеті сияқты дерттер жиі кезігетін болды. Бұл күнде көңіл күйдегі тұрақсыздықтың салдарынан болатын мұндай дертпен ауыратындар саны күн санап артып келе жатыр. Оның үстіне қазіргі адамдар үнемі жұмысқа асығады. Ерте барып, кеш қайтады. Міне, осындай жағдайдың әсерінен олар дайын тамақтарды тұтынуға әуес. Тіпті кейбір жастар жұмыста компьютердің алдында отырып-ақ тамақтана салады. Ішіп-жеудегі мұндай бейберекетсіздік және түрлі химиялық қоспалар арқылы қатырылып дайындалған тағамдарды тұрақты, ұзақ уақыт тұтыну түрлі қан ауруларына алып келетін басты себеп. Айталық, жүрек ырғағының бұзылуы, қантамыр кеңею, тромбофлебит, асқазан қабыну, асқазан жарасы, түрлі қотырлар мен бөртпелер, тері аурулары, шаш түсу, өт аурулары және, т.б. дерттердің барлығы да тамақтану режимінің бұзылуынан, қуатсыз, нәрсіз дайын астарды тұтынудың кесірінен келіп шығады.

Бұл жерде ерекше басып айтарым, қазір түрлі жыныстық аурулармен ауыратын жастардың қатары молайып келеді. Компьютердің алдына үзіліссіз көп отыру, табаннан сыз өткізу, жұқа киіну арқылы ағзаға суық алдыру, жас босанғаннан соңғы күтімнің нашарлығы сияқты көптеген нашар әдеттер оларда белсіздік, бедеулік, қуық түбі безінің қабынуы, түнде зәр тоқтамау, простатит, пиелонефрит сияқты дерттерге шалдықтыруда. Сонымен бірге саламатты өмір салтын сақтамау, пайдалы дене әрекеттерімен шұғылданбау, ауыр жұмыстарға жегілу, үнемі рөлде отыру сияқты себептердің салдарынан олардың арасында түрлі буын ауруларымен ауыратындардың қатары да мол. Айталық, буын шеміршегінің өзгеруі, буындарға тұз байлану, буындардың пішінінің өзгеруі, остеохондроз, омыртқа жарығы (грыжа) сияқты дерттермен ауырғандар бізде жиі ем қабылдап жүр. Бұрын мұндай аурулар көп жағдайда ересектер арасында кезігетін. Қазір жасарып келеді. Қоршаған ортаның таза болмауы, түрлі өнеркәсіп орындар мен машиналардан шыққан зиянды газдар, шаң-тозаң араласқан шөгінді ауамен тыныстау да, адамдарды бронх демікпесі, аллергиялық мұрын қабығының қабынуы, өкпе қабыну, созылмалы тонзиллит сынды дерттерге шалдықтыруда. Мұның бәрі бізде өнімді емделетін дерттер. Қазірге дейін осы дерттермен ауырған көптеген науқастар біздің орталықта жазылып, аяғынан тік тұрып кетті.

– Негізгі ем жүргізу тәсілдеріңіз қандай? Біздің білуімізше, диагнозды тамыр басу арқылы анықтайды екенсіз. Батыс медицинасы қолдана бермейтін инемен емдеу және шөппен емдеу үрдісі туралы да айтып берсеңіз…

– Иә, мен диагнозды тамыр басу арқылы анықтаймын. Жалпы шығыс медицинасының кез келген маманы тамыр ұстай білуі керек. Мысалы, Қытайда дәрігерлік атақ алу үшін тамыр ұстаудың қыр-сырымен түгел танысып, ауруды тамыр соғысы арқылы ажырата білу шарт. Ал біздегі дәстүрлі медицинада ауырып келген адамды әртүрлі аспапқа салып, көптеген анализ жасап барып, жекелеген дәрігерлер қарайды. Әрине, бұл да дұрыс. Дегенмен, кез келген ауру адамның бір ғана мүшесімен емес, барлық организімімен байланысып жататынын ескерсек, біздің Шығыс-тибет медицинасының ерекшелігі барлық аурудың себебін, оның шығу көзін қарастырады. Тамырдың 80 түрлі соғысына қарап отырып, 80-90 пайыз дәлдікте диагноз қоямыз. Бұл біріншіден, аурудың уақытын созбауға, екіншіден тиімді емдеуге мүмкіндік береді.

Ине қоятын маман науқас денесіндегі қай нүктенің қандай рөлі болатынын, оның халіне қарай қайсысын тоққа жалғап, қайсысын шөппен қыздыратынын бес саусағындай білуі керек. Инені қыздыратын шөптің құрамында 18 түрлі шөп бар. Мұның бәрі иненің әсерін күшейтеді.

Дәстүрлі медицинада адамның қанын негізгі орынға қояды ғой, мәселен, адамның қаны денесінің барлық мүшелерінде жүріп тұрады деп айтылады. Әрине, Шығыс-тибет медицинасы да қанға жай қарамайды. Алайда қанның сыртында адамның бойында жүріп тұратын меридиан деген нүктелер болады. Солардың әрқайсысы нервпен бірге қан тамырдың бойын бойлайды. Бұл – кәдімгі адамның жан нүктесі деген сөз. Яғни адамның сыртындағы каналдар адамның ішкі дүниесіндегі каналдармен жалғасқан. Сондықтан науқастың ішіндегі бауырды, бүйректі емдеу үшін оған пышақ тигізудің қажеті шамалы, есесіне оларды емдейтін табиғи жаратылған нүктелерді табу арқылы емдеуге болады. Ол нүктелерді зерттеудің сан ғасырлық тарихы осы нәтижеге жеткізген. Адамның денесіндегі сол меридиан нүктелерінің бірі жабылып қалса, жүрекке қарай сигнал дұрыс бармай тұрса, алтын ине арқылы сол каналдарды ашады, сөйтіп, сіз ол адамға залалды химиялық дәрі бермейсіз немесе операция жасамайсыз, ине салу арқылы емдеп бересіз. Шығыс медицинасы ғасырлар қойнауынан бастау алады. Мұның құдіре¬ті – адамның жан каналдары – 14 жұп меридианды емдеу арқылы адамды жаза алады. Ерекшелігі осында!

– Арнайы медициналық заманауи аппараттарды қолданамыз деп отырсыз, бұл аппараттарды Қытайдан алдырасыздар ма?

– Біз аппарат алу кезінде мемлекеттік үлкен ауруханаларында іске қосылған қымбат аппараттарды алмадық. Біз, Қа¬зақстан Республикасының денсаулық туралы арнайы заңнамаларында бекітіліп, шағын ауруханаларда қолданылатын тексеру аппараттарын алдық. Өйткені ине терапиясының өзегі тексеру аппараттарында емес. Бастысы дәрігерлік шеберлікте. Демек, ондағы ем-домның бәрі қолмен жасалады. Тамыр басып диагноз қойылады. Ал қойылған алтын иненің қуатын, әсер күшін арттыру үшін арнайы, озық технология¬мен жасалған аппраттарды дамыған мемлекеттерден сатып алып отырамыз.

– Шәкірт даярлап жатқан боларсыз. Сонымен қоса өңірлерде «Жас-Ай» медицина орталығының бөлімшелерін ашу ойыңызда бар шығар?

– Шәкірт тәрбиелеу кез келген талант иесінің, өнер адамының басты парызы деп білемін. Өйткені адам өзіне берілген азғантай артықшылықты өзімен бірге алып кетпей, халықтың игілігіне жаратып, кейінгі ұрпақтарына үйреткені жөн. Сонда ғана өзің де, өнерің де мәңгі жасайды. Мен де шәкірт тәрбиелеп жатырмын. Олардың көбі өзімізде жұмыс істейді. Ал арнайы шәкірт тәрбиелеу ісі жүйелі түрде жолға қойылған жоқ. Себебі мұндай жағдайға қазірше мүмкіндігіміз шамалы. Алла бұйыртса, 6 қабатты ауруханамыздың құрылысы аяқталса, сол кезде арнайы оқыту жұмыстарын жүргіземіз деген ойдамын. Аллаға шүкір, қазір көп қабатты емханамыздың құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын тұр.

– Сізді еліміздің денсаулық сақтау саласында қандай мәселелер толғандырады?

– Кейбір дәрігерлер өзінің мамандық шеңберінде зерделеп, тәжірибемен ұштастырып, талдау жасау арқылы диаг¬ноз қоюы жеткіліксіз болып отыр. Біздің мамандарымыздың көбі аурудың уақытын созып, қажетті-қажетсіз тексерулерге көбірек уақыт жоғалтып жатады. Осыдан барып, құтқару мүмкін болып тұрған адамдарымыздың өмірін қорғай алмай немесе ауруын асқындырып алып жатамыз. Біздің дәрігерлеріміз аспаптарға ғана сүйеніп қалмай, өмірлік тәжірибесімен ұштастырып диагноз қоя білсе деген тілегім бар.

– Сіздің БАҚ-та берген сұхбаттарыңызды көріп, оқып жүрміз. Қай жерде, қай ортада болмасын «жаны саудың тәнi сау» деп жиі айтасыз. Бұл сөз Сіздің өмірлік ұстанымыңыз ба?

– Қазақ деген халық данышпан ғой. Бүгінгі болып жатқан жақсы-жаман істердің тұжырымын біздің дана бабаларымыз бірнеше ғасыр бұрын мақалдап, мәтелдеп айтып кеткен екен. Менің үнемі айтып жүретін «Жаны саудың тәні сау» деген сөз, жерден шыққан жоқ, көктен түскен жоқ. Сол бабаларымның түйіндеп кеткен тұжырымы. Менің ол сөзді қайталап айтып жүргенім, ғылыми тұрғыдан түсіндіріп жүргенім, Мұқағалиша айтсам: «Күпі киген қазақтың қара өлеңін, Шекпен жауып өзіне қайтарамын» дегендей. Мысалы, қызғаншақ адамның қан қысымы тұрақты болмайды. Алаңғасар адамның жүрек қағысы тез өзгеріп тұрады. Ал күншіл, пасық адамдардың жүйкесі тез жұқарады. Адамның шын немесе өтірік айтып тұрғанын көзінен байқауға болатын озық аспаптар шығып жатыр. Бұл ғылымда дәлелденген. Егер жақсы ниетпен, тұрақты көңіл күймен, еңсеңді тік ұстап жүретін болсаң, ұсақ-түйек ауру сені айналып өтеді. Үлкен ауруларға дес бермейсің. Жалпақ тілмен айтсақ, ауру да шайтан сияқты, қабаққа қарай басады. Жүрегіміз таза, жақсы ниетте болсақ, аузымыздан жылы сөз шықса, біздің денсаулығымыз әлбетте жақсы болады. Оған дәрігер ретінде еш күмәнім жоқ.

– Сіздің дарынды дәрігерлігіңізден бөлек, қайраткерлік жақтарыңызды қалың қауым жақсы біледі. «Жас-Ай» медициналық орталығы жанынан «Нұр Отан» ХДП Бастауыш партия ұйымын құрып, өзіңіз төрағалық еткен аз уақыт ішінде мемлекеттік шараларда үлкен белсенділік танытып жүрсіз. Осыншама жұмысқа қалай үлгересіз?

– Ізденген адамға халық үшін қызмет жасаудың жолы тым көп. Менің ойымша, әр адам өзінің ұлты үшін, Отаны үшін тер төгуі керек. Мұндай ұлы мұрат адамды үлкен жетістікке жетелейді. Менің «Жас-Ай» орталығыма ауруына араша іздеп келген мыңдаған ауруды емдеп жаздым. Бірақ қазақтың саны неше миллион ғой. Кеңсемнен шықпай, келген адамды қабылдап отыра берсем, менің айлық үшін жүрген адамнан қай жерім артық. Міне, осындай ойлар мені қоғамдық жұмысқа еріксіз алып келді. Қоғамдық қор ашып, жағдайы төмен отбасыларға, қалтасы таяз науқастарға көмек көрсеттік. Тіпті кейбір жас өнерпаздардың кешін өткізіп, кітабын шығарып бердік. Ардагерлерге, жалғыз басты қарттарға, аналар мен балаларға жеңілдік жасап, ауруларын емдеп бердік. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде оқитын 4 студенттің оқу қаражатын, ай ¬сайын берілетін шәкіртақысын өзім көтеріп алдым. Бір жылдың ішінде игілікті шараларға жұмсаған қаражатымыз 3-4 миллион теңгеге жетті.

Ал орталығымыздың жанынан «Нұр Отан» ХДП Бастауыш партия ұйымын құрғаннан бері, менің бар қазаққа жылу сыйласам деген арманым бір жүйеге түсіп, халыққа тіптен жақындай түстім.

– Әңгімеңізге рақмет!

Автор:
Әңгімелескен Сұлтан ҚАДЫРБЕК, «АНА ТІЛІ», АЛМАТЫ.