Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Редактор мінбері


1 ноября 2012, 13:36 | 1 438 просмотров



Әрбір күнді жаңа күн алмастырады, бүгінгі күн кешегі болып қала береді. Сөйтіп, өткен күндер тарихқа айналады. 2012 жылы 30 қазан Елорда төрінде еліміздегі БАҚ өкілдері бас қосып, талай талқыға түскен Қазақстан журналисінің этикалық Кодексінің жобасын қарап, қабылдады. Сонымен қазақ тарихында 30-қазан ерекше күн болып қала ма?

Астанада «Қазмедиа орталығында» орын алған тарихи отырысқа Мәдениет және ақпарат вице-министрі Арман Қырықбаев, республикалық мерзімді басылымдардың, телеарналар мен ақпараттық агенттіктердің басшылары, Қазақстан Журналистер одағының өңірлердегі бөлімшелерінің жетекшілері, барлығы 100-ден астам адам қатысты.

Қазақстан журналисінің этикалық Кодесінің жобасын Қазақстан Журналистер одағы мен Бас редакторлар клубы еліміздің бірқатар жетекші БАҚ өкілдерімен бірігіп әзірледі. Этикалық Кодексті ЕҚЫҰ ресми өкілі де жоғары бағалап, құжатты дайындау кезінде әдістемелік жағынан көмек берген көрінеді.

Журналист этикасы деген ұғым бұрыннан қалыптасқан. Оның үстіне кез-келген ақпарат құралында бұл Кодекссіз де журналистік этиканың жазылмаған ішкі ережелері бар. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері журналистер қауымы кәсіби этикасының кодексін қалбылдауға бірнеше рет бел буған. 2003 жылы Түркістанда өткен журналистердің екінші съезінде мұндай кодекс әзірленген. Жобаны талқылауға көп адам қатысқанымен, ол сол күйі қабылданбай қалды. Ал 2006 жылы Алматыда өткен Қазақстан журналистерінің бесінші конгресінде журналистік этика кодексі туралы мәселе тағы да айтылды. Ол кезде бүгінгі мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева бұл кодекстің ережелерін орындау жөніндегі талапты журналистердің еңбек шартына енгізуді ұсынған болатын. Алайда қанша талпыныс жасалса да, іс жүзінде нәтиже болмай келді. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың биыл 10 шілдеде жарияланған «Қазақстанды әлеуметтік жаңғырту: Жалпыға бірдей еңбек қоғамына жиырма қадам» деген жаңа бағдарламалық мақаласында журналистік этика кодексінің жобасын құрастыруға нұсқау берілген. Бұл міндет мәдениет және ақпарат министрлігі мен журналистердің қоғамдық ұйымдарына жүктелген еді. Міне, еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі 21 жыл бойы айтылған мәселе осылай бірнеше айдың ішінде шешімін тапты.

Журналистер этикасы кодексі – көптеген шетелдік журналистердің қоғамдық ұйымдарында бар практика. Олардың ішінде есте сақтауға жеңіл қысқасынан бастап көп тармақтан тұратын көлемділері де бар. Мысалы, Швеция журналистері этикасының кодексі небәрі 17 тармақтан тұрады. Ал америкалық New York Times газетінің кодексінде 168 тармақ бар.

Қалам ұстаған барша әріптестерімді Журналистің этикасы кодексінің қабылдануымен құттықтаймын! Заң жүзінде қабылданған құжаттың іс жүзінде қалай болатыны уақыт еншісінде...

Қазақстан журналистері этикасының кодексі үш парақ болды. Ол преамбула, негізгі мәтіннің сегіз тарауы мен қорытынды бөлімнен тұрады. Кодестің толық мазмұны газетіміздің 2-бетінде жарияланған.

Автор:
Нұрым НҰРЛЫБЕКОВ, "Жәрдем" газетінің бас редакторы.