Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ГНО-НЫ САНДЫҚ ЖӘНЕ САПАЛЫҚ АНЫҚТАУ БОЙЫНША 5 ЗЕРТХАНА АШЫЛДЫ


1 ноября 2012, 13:24 | 1 676 просмотров


Гендік-түрлендірілген объектілерді (бұдан әрі – ГТО) әкелуге, орын ауыстыруына, жасауға және пайдалануға қойылатын талаптарды сақтауға мемлекеттік бақылауды қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитеті (бұдан әрі – Комитет) Алматы қаласындағы «Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы» ММ зертханалары мен Астана, Өскемен, Петропавл, Орал қалаларындағы Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталықтарының базаларында ГТО-ны сандық және сапалық анықтау бойынша 5 зертхана ашты.

Тамақ өнімдерінде ГТО-ны анықтау қазіргі заманғы жабдықта тамақ өнімдерінде ГТО-ның болуын, сондай-ақ оның мөлшерін анықтауға мүмкіндік беретін полимераздық-тізбекті реакция (ПТР) тәсілімен жүргізіледі. Осындай зерттеу тәсілдеріне арналған жабдық реакцияны жүргізудің жоғары жылдамдығымен, нақтылығымен, жоғары ерекшелігімен және сезімталдығымен ерекшеленеді.

2012 жылдың өткен кезеңінде ГТО-ны анықтау бойынша жүргізілетін жоспарлы зертханалық мониторинг шеңберінде санитариялық-эпидемиологиялық сараптама зертханалары 27 елдің тамақ өнімдерінің, соның ішінде 41,2%-ы отандық өндіріс өнімдерінің 1939 сынамасын ГТО-ға зерттеді. Бұл ретте 6 сынамада, соның ішінде Ресейде шығарылған «Bonduellе» тәтті жүгерінің және Венгрияда шығарылған «Коррадо» тәтті жүгерінің 2 сынамасында ГТО-ның болуы 0,9%-дан асты. Қазақстан Республикасының, Кеден одағының талаптарына және халықаралық талаптарға (Кодекс Алиментариус стандарты) сәйкес құрамында ГТО 0,9%-дан асатын тамақ өнімдері «Өнім генетикалық түрлендірілген» немесе «Құрамында генетикалық түрлендірілген көздер бар» деп міндетті түрде таңбалануы тиіс. Бұл ретте көрсетілген өнімдердің таңбасында ГТО-ның бар болуы туралы мәлімет жоқ.

Бұдан басқа, түйіршікті «Глобус» (Ресей) тәтті жүгері, вакуумдық «Экос» (Қытай) десерттік жүгері, «Фа-Фа» (Иран) кексі, «Звезда общепита» (Ресей) селолық пісірілген шұжық – 4 сынамада генетикалық түрлендірілген көздердің болуы жол берілген нормалар (0,9%-ға дейін) шегінде болды. Барлық нәтижелерді Мемсанэпидқадағалау комитетінің тамақ қауіпсіздігі жөніндегі республикалық референс-зертхана растады.

Тамақ өнімдеріндегі ГТО-ны анықтау ағымдағы жылғы наурызда Милан университеті Degli Studi Di Milano базасында өткізілген республиканың санитариялық-эпидемиологиялық қызметінің 11 маманын гендік-түрлендірілген (трансгенді) өсімдіктер мен жануарлардан алынған тамақ өнімдерін зерттеу әдістемелеріне оқыту нәтижесі болып табылады.

МСЭҚ комитетіне келіп түскен NK603 генетикалық түрлендірілген жүгерінің егеуқұйрықтың денсаулығына теріс әсері туралы ғылыми зерттеулер нәтижелерінің ғылыми басылымдарда жариялануы туралы ақпаратқа байланысты ағымдағы жылғы 19 қазанда Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин Қазақстан Республикасының аумағына Раундап гербицидін қолдануға төзімді генетикалық түрлендірілген жүгеріні әкелуге, өндіруге, қолдануға және өткізуге тыйым салу туралы қаулыға қол қойды.

Осы қаулымен МСЭҚ комитетінің аумақтық бөлімшелеріне ГТО-ны әкелуге және оның айналымына бақылауды күшейту тапсырылды. Республиканың санитариялық қызметі зертханаларының тамақ өнімдерінде ГТО-ның болуын зерттеуі оларды пайдалану және орын ауыстыруын бақылау бойынша жағдайды айтарлықтай жақсартады.

Автор:
ҚР ДСМ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ