Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

АРЗАН НАННЫҢ ЗАРДАБЫ


26 октября 2012, 20:54 | 1 765 просмотров


Қазақстандағы ең басты тағам - нан өнімдері қысқа қарай бес аймақта қымбаттады. Үкімет облыс әкімдеріне нан бағасын тұрақты ұстап тұру мәселесін бақылауға алуға нұсқау берді.

Құрғақшылық бізде ғана болған жоқ, сондықтан барлық елдерде астық қымбаттады. Әрине, мұндайда Қазақ¬стан да басқа елдерден қалмай, нанды қоса қымбаттатуы керек. Алайда елімізде нан бағасының өсуіне мәжбүрлейтін «әкетіп бара жатқан» себеп жоқ екен. Үкімет солай деп мәлім¬деді.

Рас, биыл егін егетін аймақтарда құрғақшылық болды, жылда алатын астықтың мөлшеріне диқандардың қолдары жетпей қалды. Алайда елдің қамбасындағы өткен жылдан қалған астық жетеді және оның бағасына ешқандай құрғақшылық ықпал ете алмайды. Сондықтан ол астықтың ұнынан пісірілген нанның бағасы қымбаттамауы тиіс. Бірақ, бізде неге екені белгісіз нанның бағасы көтеріліп кетті.

Үкімет басшысы облыс әкімдеріне бұрынғы бағаны қайтаруды талап етті. Ал әкімдер болса нанға баға өспейтінін айтып, нық уәделерін берді. Оның үстіне мемлекет бұрнағы жылдардағы¬дай аймақтарға астықты төменгі бағамен беретін болса, баю үшін бағаны көтеретін кәсіпкерлерге сылтау табылмай қалады. Бірақ олар ақша табудың жолын біледі. Баға тек «әлеуметтік нан» немесе «кірпіш» деп аталатын нанға ғана тұрақтанады. Ал жоғарғы сорт ұннан пісірілген то¬қаштардың бағасы нарықтық болмақ. Кейбір аймақтарда сол «әлеуметтік» нанның көлемі кішірейіп кетеді екен.

Мысалы, елімізде «әлеуметтік» нанның бірыңғай стандарты жоқ. Әр облыс өндірушілермен жекелей меморандум жасайды. Соның нәтижесінде «кірпіш» нанның ресми салмағы 500-ден 650 грамм арасында болады. Сарапшылардың анықтағанындай, Ақтөбе, Көкшетау және Петропавлда нанның салмағы 30-50 грамға аз, ал Шымкент, Астана, Қарағанды, Ақтау қалаларының әкімшілігі меморандум бойынша бір бөлке нанның салмағы қандай екендігін зерттеушілерден жасырып қалыпты.

Автор:
Қайыржан ТӨРЕЖАН, АЙҚЫН