Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

«АУЫЗСУДЫ» ЖАРЫТПАҒАНДАР, «АҚБҰЛАҚТЫ» ДА ОҢДЫРМАДЫ


26 октября 2012, 20:54 | 2 258 просмотров


Алматы облыстық прокуратурасы жергілікті атқарушы органдар өткен жылдары жоғарыға «барлығы орындалды» деп өтірікті шындай, ақсақты тыңдай етіп ақпар берген «Ауызсу» бағдарламасының орындалуы мен қазіргі кезде жүзеге асырылып жатқан «Ақбұлақ» мемлекеттік бағдарламасының жай-жапсарына прокурорлық тұрғыда назар аударып, тексеру жүргізіпті.

Прокурорлардың айтуына қарағанда, халықты таза ауызсумен қамтамасыз ету сынды аса маңызды бағытты мақсат тұтқан мемлекеттік бағдарламаларды орындаудың былық-шылығы жетіп-артылады. Тіпті кейбір тұстардан жемқорлықтың жаман иісі шығатын көрінеді. Аудандар мен қалалар әкімдері құрылысы салынғандарды айтпағанда, бұрыннан істеп тұрған ауызсумен қамту нысандарының жұмысын жолға қоя алмай отырған сыңайлы. Осыдан біраз жыл бұрын жасалған мониторинг барысында анықталғандай, сумен қамту нысандарының барлығы иесіз, салынғаны бар, бұрынғысы бар олардың жұмысын үйлестіретін нақты қожайын жоқ. Соның салдарынан саланы небір заңсыздықтар мен кемшіліктер жайлап алған. Облыс бойынша орталықтандырылған ауызсуды пайдаланатын елді мекендердегі сумен қамту нысандарының 63 пайызында олардың қызметін дұрыс үйлестіретін кәсіпорын жоқ. Аудандар мен қалалар арасындағы осы тұрғыдағы ең нашар көрсеткіш Ұйғыр ауданына тиесілі. Сонымен бірге Жамбыл, Қарасай, Сарқан аудандарындағы тірлік те оңып тұрған жоқ.

Соған сай судың жетіспеушілігі жаз айларында тіптен асқынып кетеді. Бұған жоғарыда айтылған иесіздікпен бірге тұ¬тынушыларға дербес су есептегіштердің қойылмағаны да себеп болып отырғаны рас.

Ақсу ауданында бірқатар ауылдардағы қыруар қаржыға салынған немесе қайтадан қалпына келтірілген сумен қамту нысандары арнайы рұқсаттары мен құқық беруші құжаттары дер кезінде жасалмағандықтан әлі күнге ел игілігіне аспай отыр. Басқа аудандардағы жағдай да осындай. Суды арнайы пайдалануға рұқсаттар алу үшін техникалық паспорттар жасауға қарастырылған миллиондар мен сумен қамту нысандары мен су бұрыстары тораптарын ағымдағы жөндеуден өткізуге бөлінген қыруар қаражат игерілмей қалуда. Құжаттары мен рұқсаттары дұрыс рәсімделмеген көптеген сумен қамту нысандары іске қосылмаған күйлері тозғын-тонауға ұшырауда, істен шығып қалуда.

Мәселен, Райымбек ауданында үстіміздегі жылы арнайы су пайдалануға рұқ¬сат алуға қажетті техникалық паспорттар жасауға жергілікті бюджеттен қарастырылған 1 миллион теңге мен сумен қамту нысандары мен су бұрыстарын ағымдағы жөндеуге бөлінген 5 миллион теңге әлі күнге мақсатты тағайындалуына жұмсалмапты. Сонымен бірге осы ауданда 2010 жылы Қарасаз ауылындағы сумен қамту нысанының жобалық-сметалық құжаттамасын жасауға берілген 8 миллион теңгенің нәтижесі де әлі шықпапты. Мемлекеттік сараптама қорытындысы шығарылмаған.

Талғар ауданындағы Тұздыбастау ауылындағы 2010 жылы қыруар ақшаға тұрғызылған сумен қамту жүйесі күні бүгінге дейін пайдаланылмапты.

Мұндай мысалдар көп...

Автор:
Болат АБАҒАН, "Жетісу".