Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ДЕНСАУЛЫҚ ҚҰҚЫҒЫ БӘРІНЕН ЖОҒАРЫ


27 сентября 2012, 14:07 | 2 381 просмотр


Алматы облыстық онкологиялық ауруханасында қыркүйектің 25 мен 26 жұлдызында денсаулық құқығы аясында «Адамзаттың денсаулық құқығы» атты семинар- тренинг өтті. Бұл шараның өтілуіне «Аман-саулық» қоғамдық қоры, «Открытое общество», «Сорос Казахстан» атты қорлары мұрындық болды. Аталмыш қорлар өз кезегінде Армения, Грузия, Қырғызстан, Македония, Украина және Ресейде осы жобаның іске асырылуына ат салысқан. Бағдарламаны ұйымдастырушылар халықаралық, өлкелік адам құқығының маңызына, медициналық көмектің стандарттарына баса көңіл аударуда. Медицина қызметкерлері мен жанына дауа іздеген емделуші науқастардың құқығы мен міндеттері конституция құқықтары арқылы толықтай ашылып, қорғалған.

Қазіргі таңда адамдардың құқықтарын толығымен білмеуі мемлекетті үнемі талан - таражға салады. Іргесін енді ғана қалаған жас мемлекетімізде бұл мәселе әлі де кенжелеп тұр. Елімізде құқықтар мен бостандықтар саласында көптеген мәселелерді шешуге тиісті 2009-2012 жылдарға арналған адам құқықтарына қатысты іс- шаралар белсенді түрде насихатталып келеді. Сондай ақ, адам құқығының тапталуы күллі әлемді алаңдатып отырған күрделі сауалдың бірі.

Ақиқатқа бір уақыт зер салып қарар болсақ, ұзақ жылдар бойы денсаулық құқығы екінші орында қалып келгені жалған емес. Денсаулық құқығының маңызына терең бойламай, екінші ұрпаққа қарағандай көзқарас қалыптасып келді. Ешқандай құқықтық орындаушылық талап етілмей, денсаулық құқығының өмірде қолданылмай, өз тиісінше енгізілмей келгені де рас. Дереккөздерге сүйенер болсақ көптеген адамдар емдік- профилактикалық орталықтарға барғанда ыңғайсыз, келеңсіз жағдайлармен бетпе- бет келіп жатады. Өздерінің негізгі құқықтарының бұзылып, медицина қызметкерлері тарапынан әділетсіздікке ұшырайды. Өкінішке қарай бұндай жағдайлар біршама орталықтарда орын алып жататыны да шындық. Осындай жағдайлардың алдын алып, азаматтардың өз құқықтарын толық білуі тұрғысында БҰҰ қызметкерлері «адам құқығы» атты маңызды жобаны іске асырып келеді.

Тренинг бағдарлама барысында азаматтардың құқығы жоғары екендігі, республиканың әрбір азаматы қай жерде, қандай жағдайда болмасын өз құқығын толық білуге құқылы екендігі баса айтылды. Мемлекет азаматтарының, соның ішінде науқас жандардың сауаттарын ашу барысында заң тұрғысында бірнеше дәрістер оқылды. Мақсатты шарада алғы сөзді алған Алматы облысы денсаулық сақтау бөлімі бастығының орынбасары М. А. Егембердиева өз кезегінде осыны ашып айтып, жан- жақты тоқталды. «Адам құқығы- денсаулық құқығы» атты баяндама оқыған «Аман- саулық» қоғамдық қорының президенті Б.Туменова да адамдар бәріне құқылы екендігін тарқатып айтып шықты.

Осындай мазмұнды, пайдалы бағдарламалардың жиі өтіліп тұруы мемлекет азаматтарының сауатын ашуына, жеке тұлға болып қалыптасуына өз пайдасын тигізері аян.

Автор:
ДИНАРА АУЖАНОВА,