Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

АДАМЗАТТЫҢ АЖАЛЫ НЕДЕН?


27 сентября 2012, 14:05 | 2 212 просмотров



Әлем алаңдаулы...Өткен ғасыр соғыспен елдің үрейін ұшырды. «Қырғи-қабақ қақтығыстар болуы мүмкін» деген сан түрлі жорамал жұрттың жүйкесін жұқартып, өмір сүруге деген құлшынысын құшағында тұншықтырды. Одан қала берсе, жер-жерде ұлтаралық, тайпааралық, жер мен суға талас, билікке қарсы күрес, алапат аштық, дендеп кеткен дерттер миллиондаған адамның өмірін қиды.

Әрине, жаңа ғасыр жер бетіндегі тірі пендені бұрынғыдай «атом қаруымен» қорқытуды тоқтатқанымен, оның орнын лаңкестік, қысқа мерзімді қақтығыстар, ұлтаралық жанжал секілді алауыздықтар алмастырды. Мыңдаған күнәсіз жандар талтүсте оққа ұшып, қалай бақилық болғанын өздері де білмей қалатын жағдай қалыптасты. Бұрындары жер шары халқын қалай азайтуды ойластырған ғұламалар, енді адамзатты қалай сақтап қалуды ойлап бас қатыратын жағдайға жетті.

Иә, адамзаттың ажалы неден болғалы тұр? Осы сұраққа жауап іздеген ғалымдардың бір тобы жер шарының жылынуынан топан су басу қаупі ұлғайғанын айтса, енді біреулер аспаннан өзге планеталар жердің күл-талқанын шығаратындығын айтып, күдікті күн сайын ұлғайтуда. Бірақ осының барлығы да әдіре қалып, адамға қауіп басқа нәрседен төнетін секілді. Бұл туралы ресейлік ғалымдар алаңдауға негіз болар ақпараттар таратып, ең бастысы, осы қауіптің алдын алуға шақыруда.

Медицина ғылымдарының докторы, профессор Александр Алексеев қатерлі дерттердің пайда болып, оның жедел дамуы жер бетіндегі адамды біртіндеп жойып жіберуі әбден мүмкін деген ұстанымда. Мұны ол өзі ашқан жаңалықтарға сүйеніп айтып отыр.

Александр Алексеев медицина ғылымдарының атасы деуге болар білікті маман. Ол өз ғұмырын ең қатерлі дерттерге қарсы тұруға болатын жаңалықтар ашуға арнап келеді. Бір қызығы, оған келіп емделушілер созылмалы ауруынан айығып, өлім аузынан тірі қалады екен. Мұның сыры ауруды емес, ауру адамды дұрыс емдеуді медициналық жағынан дұрыс жолға қойы¬луында көрінеді. Ұзық жылғы ғылыми жұмыс пен хирургиялық тәжірибе нәтижесіндегі табыстары ғалымды медицина мен биология туралы ондаған кітап жазып, емдеудің ең тиімді тәсілдерін жасауға себепші болыпты. Осы¬ның барлығы адамзатқа төнген аурулардан сақтануға жол ашады екен.

Рас, ауру көбейді, тіпті, ол түрі жа¬ғынан да біріне бірі ұқсамайды. Айталық, СПИД, құс тұмауы, шошқа тұмауы деген бәлекеттерді ешкім білген емес, білгісі де келмейді. Алайда ғалымдар оның бар екендігін жоққа шығармайды. Тіпті, көз шырымын алуға жатып, оянбай қалатындардың көптігіне де ақ халаттылар алаңдаулы. Бұрындары қауіпті саналатын қатерлі ісік пен құрт ауруына бүгінде жаңа дерттер қосылып жатыр. Әсіресе, жүрек-қан тамырлары дерті алдыңғы орынға шыққан.

- Егер жағдай осылай қалыптаса берсе, бірнеше ұрпақ сабақтастығы жо¬ғалады, мүлде жаңа адамдар пайда болады. Ауру, әлсіз, миы дамымаған адамдардың көбеюінің өзі кез келген қоғам үшін қауіпті, - дейді ғалым.

Адамның бар болмысының өзгеруі морфогенетиканың, психогенетиканың өзгеруіне алып келеді екен. Әлеуметтік және экологиялық жағдай адам ағзасының 85 пайызына тікелей ықпалы бар көрінеді. Өйткені ағзаны бір-бірі¬мен байланыстырушы өзекшелердің жетіспеушілігі былайша байқалмағанымен, ол өмір сүру барысында қауіп төндіреді. Ағзаға төнген қатер адаммен бірге оның ұрпағы үшін де сын. Дәрігерлер дәл осы мәселемен күнделікті бетпе-бет келгенімен, оған соншалықты мән бермейтін көрінеді. Жекелеген органды ғана емдейтін олар науқасқа дәрі-дәрмек берумен шектеледі немесе ота жасауға жатқызады.

Қазіргі медицина бақ күтушілеріне ұқсайды-мыс. Қураған өсімдікке су құяды, бітті. Ал оның түп-төркініне үңіліп жатқандар шамалы. Мұндай жағдайда, керісінше биологиялық заңдылықтарды да ескеру қажет екен. Адам ерте ме, кеш пе өлетіні белгілі, мәңгілік ештеңе жоқ. Дегенмен қазір адамдарды емдеу мен сауықтыруға баса мән берілмесе, олардың келешегі тұманды болғалы тұр.

Орыс ғалымы халқын көбейте алмай жатқан елінің келешегіне алаңдаулы. «Ресей кең байтақ, бірақ шегінерге жер жоқ» деген ойда жүргендер сонау Сібір мен Қиыр Шығыстағы жұрттың жанын ауыртатын жағдайларға қатты алаңдайды. Оларды құтқаратын тек осы заманғы медицина. Әрине, халықты сақтауға Президент уәде берген. Осыған қарап нақты шешім айту қиын екендігін айтқан Александр Алексеев үміттің оты жанғанын жоққа шығармайды. «Мәселені қалай шешу керек?» деген сұраққа жауап іздеген ғалым тек жаңа, заманға сай медицина ғана әрбір орыстың өмірін сақтап қалатындығын жоққа шығармайды. «Егер халқымыз, бірінші кезекте орыстар жедел түрде тең жартысына қысқарар болса, онда барлық экономикалық, әлеуметтік реформалардың ешбірі керексіз болып қалады» дейді ғалым.

- Әлем бойынша жарты ғасырдан бері қатерлі ісік азайған емес, есесіне СПИД-пен ауыратындар еселеп артуда. Әрбір екінші тұрғын психикалық дертке ұшыраған. Күн сайын көбейген жаңа дәрілер де адамды ажалдан арашалап қала алмауда, - деді медицина ғылымдарының докторы.

Ажал демекші, одан білікті дәрігерлердің өзі аман қала алмайды екен. Мысалы, америкалық дәрігерлер орта есеппен 58 жас жасайды. Ал орташа америкалық 75,5 жасқа демікпей жетеді. Ресми мәліметтерге сенсек, дәрігерлер өздері емдейтін науқастарға қарағанда 10-20 жыл аз өмір сүреді. Бұл аз десеңіз, ақ халаттылардың арасында ажырасу, өз-өзіне қол жұмсау, басқа да жағдайлар жиі ұшырасады. Әсіресе, психиатрлар арасында өлім көбейген. Осылайша дәрігерлер өз кәсібінің тұтқынына айналған. Олардың жанында қатерлі мамандық иелері - су асты мамандары, ғарышкерлер, ядролық реакторлар мен шахталарда жұмыс істейтіндер бақытты көрінеді.

Иә, ойланатын жағдай. Америкалық дәрігерлер жылына ондаған мың адам дәрігерлер жазып берген дәрі-дәрмектен өлетіндігін айтады. Олар шын мәнінде науқасты дәрі ғана айықтыратындай сезінеді. Сондықтан аппаратураларды дұрыс пайдаланып, хирургиядағы жаңа тәсілдерді қолдану адам өмірін сақтауға мүмкіндік береді екен.

Жасыратыны жоқ, қазіргі науқастар дәрігерден бұрын дәрі іздейді. Содан соң ғана дәрігер іздейді. Әлдекімдерден аты-жөнін естіген дәрігерлерге арнайы баратындар, тіпті көбейді. Осының өзі ақ халатты абзал жандардың мамандығына мән беретін уақыт келгендігін айғақтайды. Өйткені әрбір адам кездейсоқ келетін өлімнен емес, өршігенде өшін алудан танбайтын дерттен қорқатын болды. Жарнамасына жаны сүйсініп, айығуды ғана ойлаған мыңдаған науқас сол дәрінің құрбанына айналып жатыр. Дәріні де, дәрігерді де жамандайтындар жеткілікті. Алайда барлық мәселе жоғарыда айтқанымыздай, барлығы тіндерді жалғастырушы биологиялық теория мен медицинаға тікелей байланысты көрінеді.

Бұл мәселе бірнеша ғасыр бойы іздестіріліп келе жатқан жаңалық. Бірақ дәл бүгінгідей өзекті мәселе болмаған. Қарап отырсаңыз, табиғаттағы үйлесім секілді құбылыс адам ағзасында да кездеседі. Иммунитеттің өзі денеде жалғастырушы қызметін атқарады екен. Біздің миымыздың 95 пайызы жалғастырушы болып табылады. Сол себепті, осы мәселеге медицина жан жақты назар аудара бастапты. Айталық, Белоруссияда халықаралық жалғастырушы тіндер орталығы ашылған. Осының барлығы адам өмірін сақтауға бағытталып отыр.

Соңғы 20 жылда америкалықтар 2 есе көбейген. Ал біз осы деңгейге қашан жететініміз белгісіз. Мұның арғы жағында олар «генофонд» мәселесін де алдыңғы орынға қойып отыр. Көрші Ресей де соңғы жылдары көбеюге баса мән беріп, ұлт тазалығын сақтауды ойластыра бастады. Бұл мәселе бізде қаншалықты көтеріліп, қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?

Қысқасы, әлем табиғат апаты, соғыс емес, енді түрлі қатерлі дерттерден үркетін болды. Бүгін бар адамның таңертең өліп қалуы үйреншікті құбылыс. Одан қала берсе сал болып, мүгедек болып қалып жатқандар қаншама?..

Елімізде халықтың денсаулығын сақтауға қыруар қаражат бөлініп, «Са¬ламатты Қазақстан» секілді байыпты бағдарлама қолға алынып жатыр. Алайда ұлтымыздың өзіндік дамуы мен қан тазалығын сақтау мәселелері соншалықты дамымағаны анық. Екіншіден, дәрігерлердің кез келген ауруды дер кезінде емдеумен қатар, оның себеп-салдарын анықтауды ұдайы іздеу шараларын қолға алғанда ғана халық денсаулығының түйінді мәселелерін нақты шеше аламыз. Өкінішке қарай, қазір алдына үмітпен барған дәрігерлердің дәрі жазуымен құтылатындары көп. Өз қызметіне салғырт қарайтын осындай мамандармен күресетін кез келді. Сонда ғана адамзатты айналдырған ауру-сырқауға қазақтар да қарсы тұруды үйренеді.

ДЕРЕК ПЕН ДӘЙЕК:

Ресей дәрігерлері жалақыларына риза емес. Өйткені олардың Батыстағы әріптестері анағұрлым көп жалақы алады. Мысалы, Германия туралы айталық: ол жақты әрбір екінші неміс өзін мүгедек санайды, әрбір бесінші адам психикалық жағынан кемтар, әрбір үшіншісі аллергиядан зардап шегеді. 10 миллионнан астам кісі қан қысымынан, ревматизм немесе омыртқасынан зардап шегеді. 5 млн немісте өт жолында тас бар, 4 млн адамның бүйрегі сыр берсе, 3 млн адам созылмалы тыныс жолы, бір миллионнан астамы қатерлі ісікпен ауырады. 14 жасқа дейінгі оқушылардың шамамен 10 пайызы астмадан зардап шексе, 10 млн оқушы нашар естиді. 15 млн адам семіздіктен, 3 миллионнан астамы диетаға отырады. 4 млн адамда күре қан тамырлары сыр берген, шамамен 3 млн адам маскүнемдікке салынған. Осының бәрі гүлденген Германияда болып жатқан жағдай!

Автор:
Жолдасбек ДУАНАБАЙ