Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

БІЗДІҢ ОТБАСЫ БҰЛ АУРУХАНАҒА 100 ЖЫЛ ӨМІРІН АРНАПТЫ


27 сентября 2012, 14:00 | 2 272 просмотра



Зинатай Шакербайқызы Шыныбаева Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасында Клиникалық диагностикалық зертхана меңгерушісі. Қарапайым дәрігер, отбасының отанасы, немерелерінің сүйікті әжесі. Зинатай Шакербайқызы өз ісіне адал, еңбекқор адам. Ол зейнетке шыққанда, зейнетақы беретіндер еңбек кітапшасына қарап таңғалыпты. Себебі онда бір-ақ жазу, «жұмысқа алынды» деген. Биыл Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасының 60 жылдық мерей тойы болса, Зинатай Шакербайқызының бұл ауруханада еңбек еткеніне 45 жыл толыпты. Өзі істейтін аурухананы «қарашаңырақ» дейді, ал әріптестерінің кәсіби біліктілігін жоғары бағалайды. Ол жақсы дәрігер болу үшін ең алдымен адамгершілік, екіншіден білім болу керек дейді. Зертхана меңгерушісі бола тұра ол әрдайым ізденіп, білімін жетілдіріп отырады. Адамның көркі -адамгершілік қасиеті мен білімінде деген пікірді ұстанады.

ӘҢГІМЕ БАСЫ

«Әкем Семей өңірінің тумасы болған, кейін партияның жіберуімен Кегенде қызмет атқарады, кейіннен осы Алматы облысы Жамбыл ауданы Қаракастек деген ауылда 25 жыл еңбек етеді. Соғыс жылдарынан кейін әкемнің ағасы келіп, «бірталай жасқа жеттің, зейнетке де шықтың, ата-бабаның жеріне бар, туған жерге орал» деп ақыл айтады. Сөйтіп мен 9-сыныпта оқып жүргенде Семейге көшіп бардық». Кейіпкеріміз әңгімесін осылай бастайды.

Зинатай Шакербайқызы мектепті жақсы оқиды. Онжылдықты алтын медальмен бітіріп, кім боламын деп ұзақ ойланады. Ақыры медициналық институтқа түсемін деп шешеді. Үйдегілер жас қыздың шешіміне қарсы болған жоқ, әкесі толықтай қолдайды. «Чемоданға бір-екі көйлегімді салдым, әкем поезға шығарып салды» деп еске алады кейіпкеріміз. Сөйтіп арман қуып Алматыға аттанады.

Мединституттың табалдырығын аттап, факультетер тізімін көреді. Факультеттер өте көп, қайсын таңдарын білмей біраз тұрады. Көзі тізімдегі «лечебный факультет» деген жазуға түседі. «Лечебный» емдейтін факультет екен деп, осыны таңдайды. Бұл 1961 жыл еді. Мектепті жаңа бітірген жас бала еліміздің алып шаһарында жалғыз. Алпысыншы жылдардағы Алматы 2012 жылдағыдай емес, адам да аз, көлік те жоқ. «Пропка» деген сөз мүлдем таныс емес. Ол кезде тыныш, жайбарақат заман болды. Ата-анасы қызына алаңдамайды, себебі мектепті алтынмен бітірген баласынының институтқа міндетті түрде түсетініне кәміл сенді. Ал перзенті 4 сабақтан емтихан тапсырып сол сенімді ақтады.

«Мен қай жерде жүрсем қиының үстінен түсетінмін. Мен тапсырғанға дейін алтынға бітіргендер емтихансыз оқуға түсетін, дәл мен барған жылы алтынмен бітіргендер де емтиханнан өтетін болыпты. Физика сабағынан 4 алдым, қалған сабақтардан 5 алып институтқа түстім» -деп жымия еске алады Зинатай Шакербайқызы.

ЕҢБЕК ЖОЛЫ

Зинатай Шакербайқызы 1967 жылы Алматы медициналық институтын бітіре сала, Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасының жолдамасымен қазіргі Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасына келді. Осы облыстық ауруханаға 1967 жылдың 5 қыркүйегінде жұмысқа орналасады, кейін 4 айға дәрігерлердің біліктілігін арттыру институнда оқып, 1968 жылы қаңтар айынан осы аурухананың зертханасында жұмыс істейді. Міне, содан бері 45 жыл өтті. 1971 жылы Зинатай апай зертхана меңгерушісі болады. Алайда бастапқы кезде ол зертхана меңгерушісі боламын деп ойлаған да емес.

«Мен акушер-гинеколог боламын деп дайындалғанмын, ғылыми конференцияларға қатысып, осы мамандықтың қыр-сырын білуге талпындым. Оқу бітіргеннен кейін облыстық денсаулық сақтау басқармасында облыста акушер гинекологқа орын жоқ деп, басқа мамандықтарды айтты, солардың ішінен зертхананы таңдадым.

Ол кезде мединститутта зертханалық диагностика деген сабақ жоқ қой. Оқытатын адам көп емес. Биохимияда оқығаным бар, тағыда кітаптар оқыдым, микроскоппен қайта-қайта қарай бердім. Сөйтіп жүргенде теорияда оқығаныммен осы тәжірибеде үйренгенім бір-бірімен байланыса бастады. Сөйтіп жүріп үйреніп кеттік». Кейін оқығаны өзіне қызық болып зертханада жұмыс істейтіндерге дәріс берейін деп меңгерушіден сұранды. Зертхана қызметкерлеріне тәжірибеде керек болатын, әрі қызықты лекцияларды оқиды. Қазір сол кездегі қызметкерлерді кезіктіргенде, «баяғы лекцияларыңыз қандай тамаша еді» деп еске түсіреді екен.

«Менің еңбек кітапшамда бір-ақ жазу бар, жұмысқа алынды деген». Уақыт өтеді заман өзгереді. Ел билеген азаматтар ауысты, елдің саясаты өзгеше. Өмір ағымы өзгерген сәтте адамдар да ағамға қарай өзгереді, құбылады. Медициналық мекемеде жұмыс істеу оңай іс емес. Ал кез-келген мекемеде басшы ауысқанда жағдай бұрынғыдай болмайтыны ешкімге құпия емес. Зинатай Шакербайқызы жұмыс істеген уақытта аурухананың бас дәрігері 13 рет ауысыпты. Бірақ, ол өз ісінің маманы екенін сол басшылардың барлығы да мойындаған. Зертханалық диагностика бойынша білімі де, біліктілігі жағынан да мықты екенін Зинатай Шакербайқызының әріптестері бір ауыздан айтады. Оның іске деген көзқарасы, жұмыс істеу тәсілі көпшілікке үлгі. Ісіне асқан ұқыптылықпен қарайы.

«Зертхана қызметі аурухана жұымысында өте маңызды рөл атқаратыны сөзсіз. Зертханада тапсырған анализдер бойынша зерттеу жүргізіледі. Қанды тексереді, қарайды. Зертханада жасалған зерттеу қорытындысы бойынша дәрігерлер науқасқа диагноз қояды, сол бойынша ем жасайды. Диагностика жасауда флюрография, ЭКГ, УЗИ дегендермен қатар негізгі диагностикалық элемент әрине ол қан тексеру». Зинатай Шакербайқызы зертхана қызметкерлеріне үнемі «ұқыпты болыңдар, анализдің қорытындысын дұрыстап жазыңдар» деп айтып жүреді. Себебі, анализ қорытындысы ол маңызды құжат. Сол құжатқа дәрігер сүйенеді, одан кейін доцент, профессордың алдына барады. Зерттеу нәтижесін жазғанда ерекше ұқыптылықпен мән беру керек.

Зертхана қызметкерінің біліктілігі осы жазған анализ қорытындысында көрінеді деген пайымға келген.

Өзінің 45 жылдық еңбек жолында талай адамдарды зертханалық қызметке баулып шығарады.

«Осы жылдар ішінде лабораторияда Алматы облысының талай адамдарын зертханалық диагностикаға үйреттік. Жылына 20-30 адамды жұмыс барысында, тәжірибеде үйретеміз. Үйренуге ауданнан келіп тұратын. Әрбір аудандық ауруханада фельдшер - зертханашы болмайды ғой, сол себептен медбикелерді бізге зертханалық жұмыстарды үйренуге жібереді.Білгісі келген, үйренгісі келгендер тез алып кетеді. Қазір аудандарға іс-сапармен барғанда аудандық ауруханада кезінде үйреткен қыздармыз зертханада істеп жүр екен. Әрине, сондай кезде қуанасың».

1971 жылдан бастап Зинатай Шакербайқызы зертхана меңгерушісі болды, сонымен қоса облыстағы зертханалық қызметтің бас маманы болып тағайындалады. Алматы облысымен Талдықорған облысы қосылғанға дейін бас маман қызметін атқарады. Сол кездері бүкіл облыстық зертханалық қызметін қадағалайтын. Одан бері көптеген өзгерістер орын алды. Дәрігер лаборанттар саны 3-тен 17-ге дейін өсіп, қатардағы зертхана қызметкерлерінің саны 10-нан 32-ге дейін артты.

Клиника-диагностикалық зертхананың медициналық құралдары көбеюіне байланысты жылына 90-100 мыңнан 500-700 мыңға дейін зерттеу жұмыстары тіркелді. 2003 жылдың басынан бастап клиника-диагностикалық зертхана Францияда жасалған Пентра, Микрос-60 гематологиялық зерттеу құралдарымен Селл Дин (АҚШ), биохимиялық зерттеу құралын қолдана бастады. Витолаб Флексор иммунуферментті анықтаушы Ахsум, Эббот (АҚШ), Жапонияда жасалған спектрофотометр, КЩС анализаторы АBL-5, Олимпус микроскопы бар, Сименс коагулометрі сияқты заманауи құралдармен жабдықталыпты.

Зинатай Шакербайқызы зертханада жұмыс істейтін әріптестерін жоғары бағалайды. Дәрігерлер Разия Ерхобаева, Гүлжанар Керимбаева, орта дәрежелі зертханашылар Роза Есбатырова, Мая Нұранова, Асем Қорғанбекова, Мая Иминова жұмыс істейді.

Клиника-диагностикалық зертханада профилактикалық мекеменің диагностикалық бөлімшесі ретінде жұмыс істеуде. Бүгінгі таңда мекеме зертханалық диагностикалық құралдар арқылы гематологиялық, жалпыклиникалық, биохимиялық, иммунологиялық және микробиологиялық зерттеулер жүргізетін заманауи құралдармен жабдықталған стационар мен емханаға келетін науқастарға қанның жалпы құрамын тексеру Сухарев тәсілі бойынша зерттеу, Дуке тәсілі бойынша қанның сұйықтығын анықтау, ретикулоцит, қандағы ЛЕ клеткаларды зерттеу секілді медициналық талдаулар жүргізіледі.

ОТБАСЫ ЖАЙЛЫ

Институтта оқып жүріп болашақ жары Басболат Кәрімұлы Шыныбаевпен танысып, кейін үйленеді, үй болады. Үш баланың анасы атанады. Басболат Кәрімұлы Алматы облысының беделді дәрігері еді. Ол Алматы облыстық клиникалық аурухананың урология бөлімшесінің меңгерушісі болып талай жылдар қызмет атқарады. Жалпы Зинатай Шакербайқызы осы ауруханаға жолдасы жұмыс істегеннен кейін келеді.

«Әке көрген оқ жанар, шеше көрген тон пішер» дейді ғой халық даналығы. Зинатай Шакербайқызы мен Басболат Кәрімұлының үш баласының екеуі дәрігер мамандығын таңдайды. Үлкен ұлы Талғат әке жолын қуып, сол аурухананың урология бөлімінің меңгерушісі. Қызы Сәуле де осы Алматы клиникалық ауруханасында қызмет атқарған, қазір Приват клиникасында көз дәрігері. Одан кейінгі қызы дәрігер емес, қаржыгер, банкте қызмет жасайды.

Өзінің отбасы жайлы Зинатай Шакербайқызы : «-Үш балам, сегіз немерем бар.

Өзімді бақытты әжемін, бақытты дәрігермін деп ойлаймын. Өмірде қиын кезеңдер де болды, жақсы сәттер де болды. Бірақ басымнан өткеннің ешқайсысына өкінбеймін. Бір ғана өкінішті жағдай отағамыздың өмірден ерте өткені» деп айта кетеді.

Иә, адам баласы уақыт өте өмірін саралай бастайды. Өткенге көз жүгіртіп шыққанда бақытты сәттердің көбірек болғанын аңғарады. Сонда да сол бақытты басқа біреудің көре алмағаны қынжылтады.

Басболат Кәрімұлы сыйлы да, сыпайы азамат еді. Оны білген әріптестерінің барлығы оның кәсіби біліктілігі мен қатар адамгершілігін ерекше атап өтеді. Өз ісінің шебері, мамандығын ерекше сүйген тұлға, қасиетті кісі болған деп барлығы бір ауыздан айтады. Зинатай Шакербайқызынан өзі туралы сұрасақ, ол қазақ әйеліне тән сыпайылықпен ері туралы айтады. Ол кісінің жұбайына деген сый-құметі сөйлегенінен ақ байқалып тұрады.

«Біздің отбасы осы ауруханаға 100 жыл өмірін арнапты. Мен 45 жыл, менің жолдасым 36 жыл, қызым осы ауруханада 11 жыл істеді, Талғат 13 жыл істеп келеді. Сөйтіп бәрін қосқанда 105 жыл болады екен». Дәрігерлер әулеті ретінде Шыныбаевтар отбасының облыстық ауруханаға бергені мол, берері де жеткілікті. Әке-шешесінің жолын қуып дәрігер болған балалары да өз мамандығын жан-тәнімен сүйетін дәрігерлер. Зинатай Шакербайқызы мен жолдасы адам жанының арашасы болуға балаларын арнайы баулыған емес.

«...Балаларымыз бізге еліктейтін, тіпті ойнап жүріп сөйлегенде де медициналық терминдермен сөйлейтін. Біз оларға тек дәрігер боласыңдар, медицинаны таңдаңдар деп айтқан емеспіз, балаларымыздың өзінің таңдауы болды. Балаларымыз кім болса да, ең алдымен жақсы азамат болсын, адал еңбек етсін. Ал оның таңдаған мамандығы маңызды емес, тек өзі жұмысын жақсы көріп, өз ісін білсе болғаны».

Әрдайым перзентінің амандығын тілеп отыратын анаға олардың мамандығы емес, амандығы маңызды.

«...Жолдасымды ауруханаға операция-ға түнде жиі шақырады, келгеннен кейін мен сұраймын науқас қалай болды, операция қалай өтті деп. Екеуміз әңгімелесеміз, бүйректен тас алады, ота жасайды. Жолдасымның анасымен бірге тұрдық. Ол кісі тыңдап отырып «Кеше тас алдың, бүгін тас алдың, ертең тағы тас аласың, олардың барлығы неге тас жұта берген» деп күлдіретін».

АҚ ХАЛАТТЫЛАР ТУРАЛЫ

Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады. Жақсы дәрігер болу үшін адам бойында қандай қасиеттер болу керек деген сұраққа ол кісі ойланбастан:

«Ең бірінші адамды сүю керек, жақсы көру керек. Қандай адам болмасын, алдыңа келген науқасты жақыныңдай көру керек. Екіншіден, білімді болу керек. Білім жоқ болса ол ешкімге де көмек бере алмайды. Дәрігер әрқашанда өзінің білімін жетілдіріп тұру керек. Білімі жеткіліксіз адам жақсы дәрігер бола алмайды. Ісіне ұқыпты болу керек» -деп жауап қатты. Кім болмасын, қандай мамандық иесі болмасын, ол үнемі ізденісте жүру керек деп алға тартады Зинатай Шакербайқызы. Адам үнемі білуге, үйренуге құштар болып, кітап оқуды ұмытпағаны абзал. Зинатай Шакербайқызының кабинетінде үлкен кітап сөрелерін байқадық. Сөрелерде көп кітаптар сыймай тұр. «Бұл азайғаны, әр кітапты елге оқыңдар деп беріп таратып біттім».

Болашақтан не күтесіз деп сұрақ қойғанда кейіпкеріміз: - Болашақтан тек жақсылық күтеміз, неге десеңіз болашақ деген өзіміздің балаларымыздың өсіп өркендеуі, олардың дамуы. Әркім өз баласының жақсы болуын қалайды, жақсы тәрбие беруге тырысады. Жақсы өнеге, тәрбие көрген балаларымыз болшақта қоғамның жақсы бөлшегін құрайды деген сенімдемін. Сондықтан жақсы болашаққа сенемін.

Қазіргі денсаулық сақтау саласының деңгейі қалай? Қандай баға бересіз?

Мен ойлаймын қазіргі денсаулық сақтау саласы бұрынғымен салыстырғанда өте биік деңгейге көтерілді. Неге десеңіз, қазір анализаторлар, аппараттар, диагностикалық құралдар, жаңа техникалық жабдықтар жеткілікті. Кезінде аппараттар жоқ жұмыс істейтін едік, ал қазір техникалық жабдықтар жеткілікті. Тек жұмыс істей білу керек.

Автор:
Мәдина ОМАРҚҰЛОВА