Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ӨЗ ҮЙІМ, КЕҢ САРАЙДАЙ БОЗ ҮЙІМ...


27 сентября 2012, 14:00 | 4 478 просмотров



Бүгінде жаңадан бас қосқан жас отбасылардың үйсіз, баспанасыз жүргендері көп. «Жетім бұрышты» жағалып, пәтерден - пәтер ауыстырып, қожайындардың қабағының кірбіңіне қарап, тапқан- таянғанын пәтерге төлеп жүргендері де шындық. Оларға көмек берер ата- анада да қауқар болмай, билік тарапынан да еш қайыр, көмек келмей осылай өлместің күнін өткізіп жүрген жас отбасылар саны жылдан – жылға артпаса азаяр емес. Азғантай айлығы шайлыққа жетпей жүргенде, баспана алу тіпті айға қол созғанмен бірдей. Десе де, барды бар, жоқты жоқ деп айту міндет қой. Жас отбасыларға қолдау, көмек көрсетіп, әлеуметтік жағдайды біраз болса да жеңілдету мақсатында тұрғын үй құрылыс жинақ банкі өз үлесін қосып келеді. Еліміздегі жас жанұялардың бәрін бірдей қамтымаса да бұл шара жас көңілдерге біраз демеу болғандай. Осы орайда «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ қыркүйектің 25 –ші жұлдызында «Қолжетімді тұрғын үй - 2020» бағдарламасын халыққа түсіндіру мақсатында ашық есік күнін өткізді. Аталмыш бағдарлама екі бағыттан тұрады. Біріншісінде – жергілікті атқарушы органдар баспана құрылысын жүргізіп және оны тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы барлық топтардағы азаматтарға сатып алу мүмкіндігі қарастырылған. Екіншісінде – жергілікті атқарушы органдар жалға берілетін үйлердің құрылысын жүргізу және баспананы жас отбасыларға жалға беріп, артынша олардың баспананы сатып алу мүмкіндігі қарастырылған.

Аталған бірінші бағыт бойынша жергілікті атқарушы органдары (ЖАО) салынған баспананы тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің салымшылары тарапынан банктен алған заемдар есебінен сатып алады. Егер салымшының төлеу қабілеті жеткіліксіз болатын болса, онда тұрғызылған баспана ұзақ мерзімдік 8 жылға жалға беріледі. Жалға берілетін үйде тұрып жатқан бағдарламаға қатысушы баспананы өзіне, жеке меншікке сатып алуы үшін, берілген 8 жылдың ішінде тұрғын үй жинақтарын жинақтауға мүмкіндік алады. Жалдық ақы 1 шаршы метр үшін 100 теңгеден аспайды. Осы бірінші бағыт 2013 жылдан бастап іске асырылуы жоспарануда. Ал, екінші бағытта көрсетілген ЖАО тарапынан жас отбасыларына салынған үйлер осы жанұяларға жалға беріледі. Осы 8 жылға жалға берілген уақыт ішінде тұрып жатқан жас отбасы тұрғын үй заемдарына қол жеткізуі үшін, тұрғын үй жинақтарын тұрақты түрде салып тұруы шарт. Ал жалға берілген үйде тұрып жатқан отбасы осы уақыт аралығында жалдық ақыдан босатылады. Олар тек коммуналдық қызметтерді, тұтынған шығыстарын ғана төлейтін болады.

Осы көрсетілген екі бағыттар бойынша жалға ұсынылған баспаналарды артынша сатып алу мүмкіндігі берілетіндіктен, жалға алушы жеке тұлғаға белгілеген мөлшерде салымдарды жинақтау міндеті жүктеледі. Жалға берілген баспанаға қоныстану үшін жалға алушы өзінің тұрғын үй жинақтау есеп шотына 6 айлық салым көлемінде кепілдендірілген салым салуға тиісті болады. Егер белгілінген тәртіптер бойынша, жинақтау шотына салымдар уақтылы салынбайтын болса , баспананы жалға алған отбасы пәтерді босатуы тиіс, себебі, жинақ шотына салым уақтылы жинақталмағандықтан тұрғын үй заемын алу мүмкіндігі болмайды.

Аталмыш бағдарламаның жас отбасыларға қоятын өзіндік талаптары да бар. Баспанаға өтініш беру сәтінде жұбайлардың екеуінің де жасы 29 аспауы шарт. Сондай-ақ, некенің тіркелген кезеңі де 2 жылдан кем болмауы керек. Ерлі- зайыптылардың меншік құқығында, яғни атында баспанының болмау тиіс, әрі екеуі де бір мекен—жайда тіркелуі қажет.

Бағдарламаны егежей- тегежейлі қарастырыр болсақ, егер жас отбасы жалға берілген үйді сатып аламын десе, онда салым мөлшері есептеледі. Мысалы, жас жанұя құны 5 400 000 теңгені құрайтын көлемі 60 шаршы метр (1 шаршы метрі 90 000) тұратын баспананы сатып алмас бұрын, алдымен есеп - шотқа келісілген шарт бойынша 28 620 теңгені салым ретінде салып отыруы тиіс. Белгілінген уақыт өткен соң, әрине шарт орындалған жағдай да аталмыш пәтерді жеке меншікке сатып алу үшін банк тарапынан 4 пайызбен 15 жылға тұрғын үй заемы беріледі. Жүктелген несиені өтеу үшін ай сайын дәл уақытында 15 жыл бойы 18 900 теңге төлеп отруы керек.

Міне, осы аталған шарттарды толық орындап, банктің қойған талабынан шыға білсеңіз, онда баспанаңыздың болатынына сене беріңіз. Ендеше, баспаналы болуға өтініш білдірген жас отбасыларға қоныс тойын тойлау күні де алыыыс емес.

БАНК ТУРАЛЫ АҚПАРАТ немесе ТАҚЫРЫПҚА ТҰЗДЫҚ

Саяси шешімдер институтының Қазақстанның 16 қаласы бойынша жүргізілген зерттеулік сауалнамасы бойынша «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Қазақстанның ең сенімді алдыңғы үштік банктің бірі болып аталды. Сондай-ақ құрылыс жинақ жүйесінің қатысушылар қатары да жылдан жылға артып, ұлғайып келеді. Бұл банк ашылған 2003 жылдан бері тұрғын үй құрылыс жүйесі бойынша 335 546 мың келісім- шарт жасалып, келісілген сома мөлшері, 655, 022 млрд теңгені құрады. Бүгінгі таңда (01. 09. 2012 жылғы) деректер бойынша Банктің депозиттік базасы 106, 2 млрд теңгеге жеткен.

Банк клиенттерінің қаржысы да көлемді 97,9 млрд теңгені құрайды. 2012 жылдың қыркүйектің бірінші жұлдызындағы көрсеткішке сәйкес, Қазақстанның ипотекалық компаниялары мен (ЕДБ) баспананы сатып алу және құрылысты несиелендіру нарығында тұрғын үй құрылыс жинақ банкі 10,1 пайызды құрады.

Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі нарықтағы екінші деңгейлі банктердің (ЕДБ) активтері бойынша 14 орынға қол жеткізіп, ЕДБ арасында меншікті капиталы бойынша 3 орынды иемденді.

Банк жоспары

Аталмыш банк 2012 жылғы тұрғын үй құрылыс жүйесіне халықтың экономикалық, әлеуметтік жағдайын арттыру барысында белсенді тұрғындардың үлесін 3,4 пайызға дейін көтеріп, нарықта баспананы сатып алу және құрылысты несиелендіру бойынша көрсеткішті ұлғайтуды жоспарлап отыр.

Банктің биылғы жылға қойған жоспары бойынша еліміздің бірнеше қалаларында (Ақтөбе, Қарағанды, Астана, Екібастұз, Өскемен) тұрғындарға қызмет көрсететін 5 офис ашылды. Бұл ел игілі үшін атқарылып жатқан шаралар қызмет көрсету сапасын арттыратыны да сөзсіз.

Автор:
Динара АУЖАНОВА, өз тілшіміз